Бір күнде қос қуаныш: Қостанай ауданында мектеп ашылып, жаңа пәтер кілттері тапсырылды

126
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/scb8teOBn9hVjYfjIa37jpXd4G6ISovdVnKvA73B.jpg

Қостанай ауданының Еңбек ауылында жаңа білім ордасы ашылды. Ал «Астана» шағын ауданында  43 отбасыға жаңа тұрғын үйлердің кілттері тапсырылды.

Еңбек ауылындағы оқу ордасы қазіргі заман талабына сай салынып, оқушылардың білімі мен қабілетін дамытуға барлық жағдай жасалған. 1962 жылы бой көтерген бұрынғы мектеп ғимараты әбден тозығы жетіп, аймақ басшылығы оның орнына жаңа білім ошағын салу туралы шешімге келді. Оның үстіне, Еңбек елді мекені облыс орталығына іргелес, халқы орнығып қалған келешегі бар ауыл.  

«Ел Президентінің ауылдық аймақтардағы мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Еңбек ауылында жаңа білім ордасы ашылды. Соңғы үш жылда жас буынға арнап аймақта 19 әлеуметтік нысан, оның ішінде 9 мектеп, 6 балабақша және 3 шығармашылық орталығы пайдалануға берілді. Мектептердің екеуі Қостанай ауданында салынып отыр», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Жаңа 43 баспана иелерінің 70 пайызы – әлеуметтік аз қамтылған отбасылар

Қостанай қаласы агломерациясындағы «Астана» шағын ауданында жаңа пәтер иелерінің қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар.

Пәтерлердің барлығы таза әрленген күйде тапсырылып отыр, көпқабатты үй қажетті инженерлік коммуникациялармен толық қамтамасыз етілген.

«Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысы саласына ерекше назар аударып келеді. Соңғы үш жылда өңірде 1,5 млн шаршы метрден астам баспана салынды. Тек өткен жылы облыс бойынша 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 63,7 мың шаршы метрі ауылдық жерлерге тиесілі. Соның арқасында 5,5 мың отбасы баспаналы болды», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

«Астана» шағын ауданында бір жарым жылда 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 450 заманауи пәтер пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 13 бесқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл тағы 16 көпқабатты тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Жалпы шағын ауданда 154 көпқабатты тұрғын үй салынып, 60 мың адамды қамту көзделген.
Бұдан бөлек, жастарды баспанамен қамту мақсатында аймақтың барлық өңірінде «Қостанай жастары» бағдарламасы іске асырылуда.

Соңғы үш жылда бұл бағдарламаға шамамен 5 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде 340-тан астам жас отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Биыл тағы 1,8 млрд теңгеге займ беру жоспарланып отыр.

Комментарии
Другие материалы