Аида Балаева: Тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау конституциялық деңгейде бекітілді

172
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PMxW9onxsLsJHM83VVzJwjNsfTbBAkqHrq5EQOnh.jpg

Бүгін, 2026 жылғы 13 ақпанда Алматы қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті.

Жиын барысында коалиция мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжехан сөз сөйледі.

Жиынға мәдениет және өнер саласының танымал өкілдері, шығармашылық одақтардың жетекшілері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, сондай-ақ министрлікке қарасты ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында Вице-премьер елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар мен жаңа Конституция жобасының мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ол Мемлекет басшысының Әділеттілік, Заң мен тәртіп қағидаттарына негізделген бастамалары ел дамуының жаңа кезеңін айқындап отырғанын атап өтті.

Аида Балаева 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи маңызына назар аударып, бұл таңдау тек бүгінгі буын үшін емес, келер ұрпақ үшін де жауапты шешім екенін айтты. Сонымен қатар Конституциялық комиссияның жарты жылға жуық уақыт бойы қоғаммен ашық форматта жұмыс жүргізгенін, мыңдаған ұсыныс қаралып, жаңа редакцияда ескерілгенін жеткізді.

Вице-премьер Жаңа Конституция жобасының өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде айқындау екенін атап өтті. Преамбулада бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық және дінаралық келісім, егемендік пен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілгенін айтты.

Сондай-ақ жаңа редакцияда мәдениет пен руханият мәселелеріне ерекше мән берілгені атап өтілді. Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, зияткерлік меншікті қорғау, шығармашылық еркіндікті қамтамасыз ету нормалары конституциялық деңгейде айқындалған. Алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы норма енгізілгені де айтылды.

Сонымен қатар, жиын барысында театр және кино актері, Қазақстанның Халық әртісі Болат Әбділманов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров және өзге де қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, саланы одан әрі дамыту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар елдің болашағы үшін жауапты таңдау жасау қажеттігін атап өтті.

Кездесу соңында Аида Балаева барша қазақстандықтарды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға және Жаңа Конституцияны қолдауға шақырды.

Комментарии