Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңа Конституция жобасында ұсынылып отырған Құрылтай мен Халық Кеңесінің қызметіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, Халық Кеңесінің құрылуы қоғам тарапынан бірқатар сұрақтардың туындауына себеп болғанымен, бұл институт қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.
Депутаттың сөзінше, Халық Кеңесі – Қазақстан үшін жаңа құрылым. Осыған байланысты ол 30 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының болашағы қалай болатынына ерекше назар аударған. Сергей Пономаревтің айтуынша, жаңа Конституция қабылданған жағдайда Ассамблеяның құрылымдары Халық Кеңесінің құрамына енеді.
«Құрылтай мен Халық Кеңесінің жұмысына қатысты сұрақтарым терең түсіндіруді қажет етті. Халық Кеңесі – мүлде жаңа құрылым. Қазақстан халқы Ассамблеясы бар, ол 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның құрамында этномәдени орталықтар арқылы елімізде тұратын шамамен 130 этнос өкілдері қамтылған. Маған Ассамблеяның орнына қандай құрылым болатынын, оның қалай жұмыс істейтінін түсіну маңызды болды. Жаңа Конституция қабылданған жағдайда, Ассамблеяның құрылымдары Халық Кеңесінің құрамына енеді. Қаржыландыру сақталады, барлық өңірлерде Достық үйлері өз жұмысын жалғастырады», – деп мәлімдеді DW-ге берген сұхбатында Сергей Пономарев.
Сергей Пономарев сондай-ақ Конституцияның жаңа жобасында тіл саясатына қатысты нормалар өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Оның айтуынша, орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми тіл мәртебесін сақтайды.
Мәжіліс депутаты жалпы алғанда Конституция жобасын елде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың логикалық жалғасы ретінде бағалады. Оның пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер этносаралық келісімді сақтау, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мақсаттарына сай келеді.
Сенатор Бекназаров заявил, что конституционная реформа обеспечит расширение гарантий защиты прав граждан