Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген кең көлемді сұхбаты жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Әңгімелесу барысында президент 2025 жылы болған оқиғаларға тоқталды.
«Шынымен де, айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты, бұл сұрағыңызға табан астында жауап бере қою қиын. Мысалы, экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес.
Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек»,-деді ол.
Айтуынша, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады.
«Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты.
АҚШ президенті Трамптың «ақылға сыйымды ой» стратегиясының ықпалымен жаһандану үдерісі кейінге ысырыла бастады. Біз де Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын табады»,-деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей басшысымен тағы да кездесуіне байланысты пікір білдірді.
«Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді. Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді. Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын.
Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты»,-деді мемлекет басшысы.
Президентке билік транзиті туралы да сұрақ қойылды.
«Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар»,-деп жауап берді Тоқаев.
Зарубежные эксперты назвали тюльпан брендом Жамбылской области: в регионе прошла научная конференция