«Путин резиденциясына шабуыл». Орталық барлау басқармасы ақпаратты растамады

642
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QsAs3oOuPKhFRfpx3EiXiLFREdWSNnniWoqUemdm.jpg

АҚШ-тың арнайы қызметтері Украина ұшқышсыз ұшу аппараттарының Ресей президенті Владимир Путинге шабуыл жасағаны туралы ақпаратты растаған жоқ. Бұл туралы The Wall Street Journal газеті жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Украина Новгород облысында орналасқан әскери нысанға соққы беруге тырысқан. Алайда ол нысан Путиннің резиденциясына жақын жерде болмаған»,- делінген хабарламада.

Басылым дереккөзіне сәйкес, мұндай қорытындыны АҚШ Орталық барлау басқармасының бағалауы да растаған. Барлау мәліметтері бойынша, Путиннің резиденциясына шабуыл жасауға ешқандай әрекет болмаған.

CNN мәліметінше, 31 желтоқсанда Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф осы тұжырымдар туралы АҚШ президенті Дональд Трампқа хабарлаған. Сол күні Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде New York Post басылымының редакциялық мақаласына сілтеме жасап, Ресей билігі таратқан Путин резиденциясына шабуыл жасалды деген ақпаратты «бейбітшілікке Ресейдің өзі кедергі келтіріп отыр» деген уәжбен байланыстырған.

Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 29 желтоқсанда Украина тарапынан Ресей президентінің Новгород облысындағы резиденциясына дрондар арқылы шабуыл жасау әрекеті болғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, шабуылға 91 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысқан. Олардың барлығы әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерімен жойылған.

Трамптың өзі де Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және әңгіме барысында ресейлік тарап резиденцияға шабуыл жасалғаны туралы айтқанын жеткізді. АҚШ президенті бұл хабарды естігенде «қатты ашуланғанын», бірақ шабуылдың мүлде болмауы да мүмкін екенін жоққа шығармағанын атап өтті.

31 желтоқсанда Ресейдің қорғаныс министрлігі Путин резиденциясына қарай ұшып келе жатқанда атып түсірілді делінген дрондардың қалдықтарын көрсеткен. Алайда Украина қарулы күштері тарапынан шабуыл жасалғанын тәуелсіз дереккөздер әлі күнге дейін растамады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Комментарии