Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Жапонияның Қазақстандағы елшісі Иидзима Ясусама Абай облысында медициналық инфрақұрылымды дамытуға 1,087 млрд иен (7 млн доллар) мөлшерінде грант беру туралы үкіметаралық келісімді іске асыруға бағытталған құжатқа қол қойды, деп хабарлайды “Адырна”.
ДСМ ақпаратынша, грант ақшасына Семей медицина университетінің госпиталіне арналған жоғары технологиялық медициналық жабдықтар сатып алынады. Оған МРТ, КТ, эндоскопиялық, реанимациялық және өзге де жабдықтарды қоса алғанда, заманауи диагностикалық және емдеу жүйелері кіреді.
«Бұл өңірде ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдарға заманауи, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни, олар қажетті тексеру мен емді өз өңірінде ала алады», - делінген хабарламада.
Бұған дейін «Шөп тамыры» адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өтеусіз көмек бағдарламасы аясында Жапония Жамбыл облыстық қан орталығына 6 68,790 доллар көлемінде грант бөлген еді. Бұл ақшаға қан тромбоциттерін сақтауға арналған 5 аппарат сатып алынды.
Сондай-ақ оған дейін Жапония үкіметі бөлген гранттарға Семей қаласындағы жедел жәрдем ауруханасына медицина қызметкерлерін шақырту жүйесі сатып алынды, Академик Н. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында компьютерлік томография кабинеті және басқалар ашылды.
Бұдан бөлек, клиникалық зерттеулерді, жабдыққа сервистік қызмет көрсетуді, JICA білім беру бағдарламаларын және жасанды интеллект негізінде телемедициналық шешімдерді біріктіре алатын Japan-Kazakhstan Medical Hub құру жобасы қарастырылып жатыр.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Жапония үкіметіне медицина саласына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Қазақстан алдағы уақытта медициналық туризм, заманауи технологиялар, цифрландыру, жасанды интеллект пен телемедицина бағыттары бойынша Жапониямен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын, деп атап өтті ведомство.
Во всех направлениях! - Аким Талдыкоргана рассказал о ходе развития областного центра и планах на будущее
Убраться возле дома и в горах: казахстанские спортсмены призвали поучаствовать в кампании «Алматы-наш общий дом»