Алматыда автокөліктердің шығарындылар нормасына сәйкестігі тексерілді

44
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ahm91gajU2G2uRbs576yfOhv8vpEBSq1SWOMnmM6.jpg

Алматы қаласында атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі әрі кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қалалық экологияны жақсарту мәселесі жергілікті атқарушы органдардың басты басымдықтарының бірі болып отыр. Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда қала аумағындағы зиянды шығарындылардың шамамен 60 пайызы автокөлік құралдарынан бөлінеді. Осыған байланысты негізгі назар көлік секторындағы экологиялық жағдайды реттеуге және бақылауды күшейтуге аударылып отыр. Бұл туралы Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері ресми түрде мәлімдеді.

Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында экологиялық қызмет мамандары Алматы қалалық полиция департаментімен бірлесіп тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Рейд барысында «Eco Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылжымалы экологиялық зертханалары пайдаланылып, автокөлік құралдарының зиянды шығарындылары тікелей оқиға орнында өлшенеді. Бұл тәсіл экологиялық талаптарды бұзу фактілерін жедел анықтауға және нақты деректер негізінде тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Аталған жұмыстардың нәтижесі де айтарлықтай. 2025 жылы «Eco Almaty» ЖШС және «Ренессанс плюс» компаниясының мамандары тарапынан 186 мыңнан астам өлшеу жұмысы жүргізіліп, экологиялық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты 20 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Осы шаралар аясында салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 653 миллион теңгеден асып, бұл экологиялық заңнаманың орындалуын қамтамасыз етудегі бақылаудың күшейгенін көрсетеді.

Сонымен қатар жоспар шеңберінде қоршаған ортаға теріс әсері жоғары нысандарды анықтау бағытындағы жұмыстар да қолға алынған. Атап айтқанда, қатты отынды пайдаланатын қоғамдық тамақтану орындары, оның ішінде көмір немесе ағаш жағып жұмыс істейтін кәуапханалар мен моншаларға ерекше назар аударылып отыр. Бұл нысандардың атмосфералық ауаға тигізетін әсерін азайту мақсатында тиісті тексерулер жүргізіліп, экологиялық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру және бақылау шаралары жүзеге асырылуда. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы қаласында «Алматы қаласының аумағында атмосфералық ауаны қорғау саласындағы арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» жаңа ережелер жобасы әзірленді. Аталған құжат қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімінен өтіп жатыр. Жаңа ережелер халық пен бизнес субъектілеріне қолдау көрсету тетіктерін қарастырып, экологиялық таза технологияларға кезең-кезеңімен көшуге, сондай-ақ автопаркті жаңартуға арналған құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.

Бұл ережелер қабылданғаннан кейін күтілетін нәтижелер жан-жақты әрі кешенді болмақ. Ең алдымен, негізгі ластаушы көздердің бірі саналатын автокөлік паркі қатаң экологиялық бақылауға алынады. Бұған дейін экологиялық реттеуге аз деңгейде тартылған III санаттағы кәсіпорындар да жаңа талаптарға сәйкес экологиялық нормаларды сақтауға және міндетті тексеруден өтуге тиіс болады. Сонымен қатар ауа сапасын тәулік бойы жедел бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай мониторинг жүйесін құру жоспарланып отыр. Бұл жүйе арқылы алынатын деректер тұрғындар үшін ашық форматта ұсынылып, қала экологиясының жай-күйі туралы ақпараттың қолжетімділігін арттырады.

Комментарии