1. СӨЗ БАСЫ
Ел назарына ұсынбақ пікіріміз, қозғамақ мәселеміз географиялық атауларға, олардың тарихына қатысты яғни, микротопонимдер – көл, қоныс, т.б. төңірегінде болмақ.
Тілтанушы, белгілі шоң ғалым Кәкен Аханов (1928-1978) былай депті: «Топонимика – тіл білімі мен географияның аралығынан орын алатын лингвистикалық ғылым. Топонимика лексикологияның географиялық атауларды зерттейтін бір саласы болып табылады. Топонимика халықтардың және олардың тілдерінің тарихынан бағалы мәліметтер береді. Олай дейтініміз: топонимикалық атаулар талай ғасырлар бойы өмір сүреді де, халықтардың ерте замандарда қай жерде қоныс тепкені, қай жаққа қоныс аударғаны немесе қай жерден келіп қоныстанғаны, этникалық топтардың араласуы, тарих бойында халықтардың бір-бірімен қарым-қатынасы және т.б. көптеген жайлар мен құбылыстар туралы хабар береді. Ондай атауларды солардың айғағы деп түсінеміз. Топонимиканың кейде «жер тілі» («язык земли») деп атаулы да осыдан. Топонималық атаулар белгілі бір халықтың ерте замандардағы мекені қай жер болғанын білуге және оның қоныстанған территориясының шекарасын айқындауға көмектеседі» (Қараңыз: Аханов К. Тіл білімдерінің негіздері. Университеттер мен педагогтық институттардың филология факультеттеріне арналған оқулық. Екінші басылымы. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1978, 29-бет).
Осы ғылыми тұжырымды ұстын етіп, Ақтөбе облысына қарасты қазіргі Ырғыз, бұрынғы Жармола төңірегіндегі өрескел бұрмаланып жүрген географиялық атауларға, нақтылап айтсақ, «ҚҰТИ КӨЛІ», т.б. қатысты уәждерімізді, дәлелдерімізді ұсынып, ойымызды былайша жоспарлап өрбітпекпіз:
а) Ырғыз ауданы территориясындағы «Құти көлі» атауына, т.б. қатысты басылымдарда, кітапшаларда, XIX ғасырда жарық көрген карталарда жарияланған деректердің, рулық шежірелердегі, ауызша жеткен ақпарлардағы, құлпытастардағы мәліметтердің, т.б. бір-бірімен сәйкестігін, үйлесімділігін тексеру, сондай-ақ, қолда бар өзге де айғақтармен салыстыру, талдау, жүйелеу;
ә) атаулардың пайда болу себептері мен тарихын анықтау, ақиқатқа көз жеткізу.
2. АТАУ «ҚҰТИКӨЛ» ЕМЕС, «ҚҰТИДЫҢ КӨЛІ» НЕМЕСЕ «ҚҰТИ КӨЛІ»!
Совет өкіметі құлағаннан кейін Ырғыз ауданының құрамындағы қазақтан басқа ұлт тұрмаған бұрынғы «Коминтерн» (коммунистический интернационал) совхозы тарап, ауылдық округ боп қайта құрылғанда шартты атауы да өзгертілді, «Құтикөл» делініп. Анығында бұл – оңтүстік жағында, жиырма шақырым қашықта жатқан жердің аты еді.
«Бабамнан қалған бір белгі» деген шағын кітапшада бүй деп таңбаланған: «Құтикөл – селолық округ орталығы... Атау туралы екі түрлі пікір айтылады: 1) Құти деген адам аты, соған байланысты қойылған. 2) Ашаршылық заманда осы көлдің жағасына қоныстанған ел көлдің балығын, құсын азық қылып аман қалған. Содан Құттыкөл атанып, кейін дыбыстық өзгерістерге ұшырап Құтикөл атанған. Ауылдың кеңестік кездегі атауы – Коминтерн. Облыс әкімдігі мен мәслихатының 14.03. 2006 жылғы №242/89 шешімімен өзгертілді. Аудан орталыынан 35 км» (Қараңыз: Өтеміс Р. Бабамнан қалған бір белгі. / Ақтөбе: «А-Полиграфия». 2013. 19-бет).
Бұл – Ырғыз (Жармола) өңірінің тарихынан мүлде бейхабар, бірақ өзін білгір санап, айтқан он дәлеліңе жүз өтірігін «куәлік» қып дес бермейтін осы күнгі өзеуреген көп «өлкетанушының» бірінің өз қиялынан тудырған «дерегі». Шындыққа еш жанаспайтын жалған мәлімет кітапқа солардың айтуымен енгізілгені аңғарылып тұр.
Сондай-ақ, автордың «...Құттыкөл атанып, кейін дыбыстық өзгерістерге ұшырап Құтикөл атанған» деп қосқан тұжырымы да – еш қисыны жоқ сөз! Өйткені, атаудың екінші буынындағы «т» мен «ы» дыбыстарының «и» дыбысына өзгеруі – тіліміздің тарихында болмаған жайт. Мүлде дәйексіз.
Жөн білетіндердің баяндауындағы түзу дерек аталған кітапшаның бір тұсында былай деп әңгімеленіпті: «Ертеде осы өңірді мекендеген ел судың айдыны қайтқан алқапқа тары сеуіп, оның бетін шеңгелмен сыпыртқылап тастайтын болған. Жайлаудан күзде қайта көшіп келгенде бітік өскен тары егістігі жайқалып тұратын болған. Осы өңірде алғаш тары егісін еккен Құти есімді мыңғырған мал айдаған байдың атымен аталған, жазғытұры қырға көшетін оңтүстік жақтың адамы болса керек...» (Қараңыз: Өтеміс Р. Бабамнан қалған бір белгі. / Ақтөбе: «А-Полиграфия». 2013. 83-бет).
Мәтіндегі сөздерді сәл тарқата кетейік, мұндағы «қыр» деп отырғаны – сонау патша заманынан Ырғыз уезінің құрамында болған, совет өкіметі тұсында, 1971 жылы Комсомол ауданы қармағына берілген, кейін атауы «Әйтеке би» боп өзгерген осы өңірге қарасты Жабасақ, Тұмабұлақ, Сарат ауылдық округтарының территориясы-тын. Бұл жақтағы жұрт үшін Ырғыз өзенінің аяқ тұсын қоныстанған ел – «оңтүстік» саналады.
РМҚК-ның «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» баспаға дайындап, 2012 жылы жарыққа шығарған картада ежелден келе жатқан жаңағы «Құти көлі» атауы кемақыл «өлкетанушылардың» бірінің «мәліметі» бойынша «Құттыкөл» деп өзгертіліп түсіріліпті.
Бірақ он бір жылдан кейін, «Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығы» РМК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы 2023 жылы баспаға қайта дайындап, жаңартып шығарған Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық картасында бейәдеп түрде бұрмаланған бұл тарихи атау сәл қалпына келтіріліп, «ҚҰТИКӨЛ» деп таңбаланыпты. (1-СУРЕТ: Құтикөл. 2023 жыл). Мұнда қателік бар.
Грамматиканың морфология саласында сөздер атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің жалғаулары арқылы түрленеді деп үйретеді.
Ілік септігіндегі сөздер кімнің? ненің? қай? қандай? деген сұрақтарға жауап береді. Мұндағы жалғаулар кейде түсіріліп, жасырын түрінде де қолданылады. Мысалы: университеттің кітапханасы – университет кітапханасы, ұжымының мүшесі – ұжым мүшесі, Құтидың көлі – Құти көлі, т.б.
«Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығы» РМК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы 2023 жылы баспаға қайта дайындап, жаңартып шығарған Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық картасында түсірілген «Құтикөл» атауына оңаша тәуелдеудің «і» жалғауы қосылып, «Құти көлі» делініп, сөздердің аралары ажыратылып жазылуы керек-тін. Өйтпепті. Мұны да нақты мысалмен қысқаша түсіндіріп өтейік.
Морфология ғылымының түсіндіруінше, қазақ тіліндегі зат есімдер үш жақта тәуелденіп, түрленеді. Яғни, менің көл+ім, сенің көл+ің (сыпайы түрде сіздің көл+іңіз), оның көл+і деп меншіктеліп айтылады.
Сонау ескі заманда суды иемденіп жайлаған кісіге теліп, халық қойған «Құтидың көлі», немесе «дың» септік жалғауы түсіріліп, кейінгі «Құти көлі» дағдысымен айтылатын жер атауын «ҚҰТИКӨЛ» деп таңбалау – тіл заңдылығын сақтамау, жауапсыздық!
Мұндай сауатсыздықты басқа да облыстың әкімшілік-аумақтық карталарынан кездестірдік...
Ырғыздық Қосанов Тілеужан (1962) бала кезінде есінде қалған мына оқиғаны айтып берген-тұғын: «1972 жылы жаз айы-тын. Әкем Қалабай ферма меңгерушісі еді. Жол үстінде келе жатқанбыз. Бір көлдің тұсына тақалғанда ол жүргізушіге: «Рәтбай-ау, мына жер – Құтидың мекені болған. Атамыз, руы – Аю», – деді».
Ақиқаттың түбіне жетіп, пікірімізді түбегейлі бекітуге көшейік енді. Бүгіндері біресе «Құттыкөл», біресе «Құтикөл» деп құбылтып жүрген атау XIX ғасырдың екінші жартысында Шөмекей руларының айтуымен Жармола өңірінің жер-сулары түсірілген әскери картада «ОЗ. КУТУЙ-ДУНЪ-КУЛЬ» деп тайға басқандай таңбаланған. Мұны куәландыру үшін қолымыздағы «Карта Северо-Западной части Средней Азіи съ показаніемъ местъ, которыхъ положеніе определено Астрономически и пространствъ, изследованныхъ Европейцами. Составлена Действительнымъ Член Императорскаго Русскаго Географическаго общества Яковомъ Ханыковымъ. 1854» деп аталатын еңбектен айғақ ұсынып отырмыз (2-СУРЕТ: Құтидың көлі. 1854 жыл).
Бұдан он төрт жыл кейін жарық көрген «Карта Туркестанскаго генералъ губернаторства. Составлена при Азіятской части Главнаго Штаба, Корпуса военныхъ топографовъ Штабеъ Капитаномъ Люсилинымъ, под руководствомъ Генеральнаго Штаба Подполковника Нарбутъ. 1868» деген тағы бір картада «ОЗ. КУТУЙ-ДУНЪ-КУЛЬ» деп және түзілген (3-СУРЕТ: Құтидың көлі. 1868 жыл).
Міне, баршамыз куәміз, XIX ғасырдың екінші жартысында түсірілген әскери карталарда «ОЗ. КУТУЙ-ДУНЪ-КУЛЬ» деп ап-анық таңбаланыпты. Яғни, «Құтидың көлі» делінген.
Елді адастырып, бұрмалап ойдан шығарып жүрген дүмшелердің «Құттыкөл» «атауының» анық шындығы міне, осындай!
3. «ҚҰТИ» ЕСІМІ – ИСІ ҚАЗАҚҚА БАҒЗЫДАН ОРТАҚ АТАУ
Тек Ырғыз ауданында емес, «Құти» атауы берілген жерлер басқа өңірлерде де бар. Дәлел-айғақтарымызды ұсынып, бұған да тоқтала кетейік. Былайғы қарапайым жұрт бұрмаланып ойдан шығарылған «Құттыкөл» деген жалған сөзге сеніп, лаға бермес үшін.
Е. Байтілес «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Арқар атып, ақбөкен аулаған браконьерлерді құқық қорғаушылар тап бастырмай ұстады» деген мақаласында (04.Сәуір, 2013 жыл. Egemen.kz) былай дейді: «...Арал аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен жүргізілген рейд кезінде бір ақбөкеннің еті мен алты ақбөкеннің мүйізін алып бара жатқан қаныпезер құрыққа түсті. ...Сексеуіл кентінің 27 жасар тұрғыны болып шықты. ...Күдікті ретінде ұсталған жігіт ақбөкенді кенттен 80 шақырым қашықтықтағы ҚҰТИ тақырынан қуып ұстағанын мойындады».
Жалқы болмасын, тағы да дәлел келтірейік.
«Шығыстың жер-су атауларының құпиясы» атты мақалада (Авторлары – Ш. Сейітова, Ш. Доскеева, Ә. Қасымова. 08. Қазан, 2020 жыл. Dalanews.kz) былай делінген: «Үржар ауданының айтулы жерлері – Тарбағатай, Жарбұлақ, Барлық, Алакөл, Қабанбай, Жалаңашкөл, Егінсу, Бақты, Қарақол, Ақшоқы, Алтыншоқы, Сұлушоқы, Арқалды, Сауыр, ҚҰТИ сынды атауларының да әрқайсының өзіндік ерекшеліктері мен тарихы бар».
Назарға ұсынылған нақты бұл мәліметтер «Құти» атауының Қазақстанның басқа да өңірлерінде қолданыста әлі бар екеніне толық көз жеткізіп отыр.
Сөзімізді одан әрі айғақтай түсейік, З. Кәрімхан «Келімсекпен келіспеген, керіскен» атты мақаласында (04.06. 2019 жыл. E-history.kz) XIX ғасырда ғұмыр кешкен, Найман руында болыс болған Ботабай Сегізбайұлы туралы әңгімелей отырып, оның аталасы Құтиға қатысты тұсын бүй деп баяндайды: «Ботабай Сегізбайұлы 1833 жылы тауы мен тасы әр тарихтың куәгері Тарбағатайдың теріскей бетіндегі Терісайрық өзенінің бойында іңгәлап дүние есігін ашқан. Сүйегі алты Жұмық ішіндегі Сайболаттың Қошқарбайынан шығады. ҚОШҚАРБАЙҰЛЫ ҚҰТИ – өзі батыр, өзі елші, Абылай хан жіберген елшілері қатарында Қытай патшасы Чиянлүңға барып оқалы жібек шапан киіп қайтқан адам».
Міне, тағы да куә боп отырмыз, түйте таным «өлкетанушылардың» «Құттыкөл» деп бұрмалап құбылтып жүрген «ҚҰТИ» есімін жұртымыздың шығыс өлкесінде XVIII ғасырда ғұмыр кешкен қазақтар да иеленген.
4. «ҚҰТИ» – КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ЕСІM
Тілші-ғалым А. Боранбаева «Мағынасы өзгермеген түркі кірме сөздері (парсы тілінің мысалында)» аталатын зерттеу еңбегінде «... (қути) түркі. зат. Іші зат салынатын, бос, қақпағы бар ыдыс...» деген деректерді келтіреді. Мұны мына мысалдармен бекітеді: «Әттар қути ра герефте негаһи бе сәр вәз-э Вилан-од-доуле әндахт» (Джәмалзаде» (Қараңыз: Боранбаева А.Ж. Мағынасы өзгермеген түркі кірме сөздері (парсы тілінің мысалында). ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. №3 (73). 2005 жыл, 121-бет).
Бұдан соң бұл сөйлемдердің аудармасын былай деп берген: «Әтір сатушы құтыны алып, Вилан-од-доуленің бас-аяғына қарап шықты» (Қараңыз: Боранбаева А.Ж. Мағынасы өзгермеген түркі кірме сөздері (парсы тілінің мысалында). ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. №3 (73). 2005 жыл, 121-122 беттер).
Зерттеуші осындай айғақтар келтіре отырып, бұл сөздің айтылуы мен мағынасы өзгертілмей түркілерден иран тіліне «қути» боп қаз-қалпында енген» дейді (Қараңыз: Боранбаева А.Ж. Мағынасы өзгермеген түркі кірме сөздері (парсы тілінің мысалында). ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. №3 (73). 2005 жыл, 122-бет).
XIII-XIV ғасырлар аралығында жазылған «Кодекс Куманикус» кітабында түркі тайпаларының мынадай жұмбағы келтірілген: «Буту, буту узун, бутундан ары қол (ы) узун. Ол – үзүм». Мұны ғалым Ә. Құрышжанов былай деп аударған: «Бұты, бұты – ұзын, Бұтынан әрі қолы ұзын. Ол – жүзім жемісі мен ағашы» (Қараңыз: Ежелгі дәуір әдебиеті. Жоғары оқу орындары филология факультеттері студенттеріне арналған хрестоматиялық оқу құралы (Құрастырған және өмірбаяндық деректерді жазған А. Қыраубаева. Филология ғылымының кандидаты), Алматы, Ана тілі, 1991, 177, 181-беттер).
Осы еңбектен тағы бір мына мысалды ұсынайық: «Бурунсыз буз тешер». Ол – қой боғу». Аудармасы: «Мұрыны болмаса да мұз теседі». Ол – қойдың құмалағы (боғы)». Бұны да аударған Ә. Құрышжанов (Қараңыз: Ежелгі дәуір әдебиеті. Жоғары оқу орындары филология факультеттері студенттеріне арналған хрестоматиялық оқу құралы (Құрастырған және өмірбаяндық деректерді жазған А. Қыраубаева. Филология ғылымының кандидаты), Алматы, Ана тілі, 1991, 179, 183-беттер).
Мұндағы айтпағымыз, ежелгі дәуір әдебиетінен куәлікке тартқан «буту» «бурун» сөздерінің бірнеше ғасырдан соң «бұты», «мұрын» делініп, фонетикалық өзгерістерге ұшырауына қарағанда қыпшақ диалектісінде сақталып қалған көне түркілік «қути» атауындағы «у» дыбысы да уақыт өте келе «ұ» дыбысына алмасқан сықылды, «құти» боп. Бірақ бұл тарихи лексикология мен лингвистика ғылымының салыстырмалы-тарихи әдісі бойынша әлі де жан-жақты терең тексеруді қажет етеді...
5. ШӨМЕКЕЙЛЕРДІҢ МОҒОЛСТАННАН АУЫП КЕЛУІ XIX ғасырдың басында Ырғыз (Жармола) өңірінде болған орыс поручигі Я. Гавердовскийдің «Дневные записки в Степи киргиз-кайсакской в1803-м и 1804-м гг.» аталатын жазбасындағы мәліметтерді ықшамдап берейік, онда былай делінген: «15 верст (шамамен 15 шақырым.-Б.К.). Тамыздың 26-сы, шатырымыз Талдыкөлде. Таңертең түнеп шыққан жерімізден төрт миль (шамамен бес-алты шақырымдай.-Б.К.) болатын алқаптан алғаш рет тары, бидай, арпа жинап жатқандарды кездестірдік. Қарбыз, қауын да өсірген. Дәмділігі Бұхардікінен кем емес.
Барби көліне жақын тұста, төбенің басында күйдірілген кірпіштің шашылған сынықтарын, сұр мүкпен жабылған шағын құрылыстың қалдықтарын ұшыраттық. Қазақтар оны мола деді, бірақ кімдікі екенін айтып бере алмады. Кірпіштері жалпағырақ, ұзынша және жіңішкелеу. Көне екенін айғақтайды.
Қазақтар бұл төңіректе орман болған дейді. Шынымен де әр жерден көптеген шіріген діңгектерді, 20 аршындай (шамамен метрге жуық-Б.К.) үлкен тамырларды кезіктірдік.
Дөңестер көп ұзамай Талдыкөлдің кеңістігіне енгізді. Бір кездері қалың тал өскен, бірақ қазір олардың ізі де жоқ. Жағасы тегіс, батпақты. Суы тайыз, тұщы. Балық көрінбейді...
Шөмекей Рақ бимен кездесу үшін Талдыкөлдің маңына шатырымызды құрып, орналастық...
Түс ауа бізге Шөмекей руы қазақтарын бастап, Рақ би келді. Оның ашық мінезі ақкөңіл адам екенін аңғартты...».
Бұдан әрі мәліметті жазбаның түпнұсқасындағы тілде қаз-қалпында ұсынбақпыз.
«Наше начало, – говорил один престарелый старшина, приехавший вместе с Рак-бием, – возникло в древние времена от сильного богатыря, происходившего из племени турских ханов Чумекея, который, избегая несогласия с великим Чжингис-ханом, уклонился из Могола в сии степи. Потомство Чумекея жило здесь в крайней бедности до главного старшины Аюсырыма. Под начальством коего оно снова усилилось и покорило себе окрестности реки Сарасу с владением Туркестанским. После чего некоторые из них остались в сих местах для спокойного обитания, а другие пошли за Темир-висаком к западу, откуда никогда уже не возвращались.
Когда Орусовы воины внесли свои шатры в здешние степи, Алимулы, сын хана Меньшей орды и основатель сильного колена, женил сына своего на дочери главного начальника чумекейского.
Родство соединило народы сии, и чумекейцы в алимулинском роде составили ныне отделение, в котором уделы, называемые елдяр, каратамыр и тукан, происходят от детей Алимовых; куит-аюсырым и куняк – от древних чумекейцев, а сары-кашкин – от прочих степных жителей турской породы. Всех аймаков (Аймак значит часть удела или небольшое отделение) в нашем отделении 18, а кибиток или семей до 21 000».
Куә боп отырмыз, Я. Гавердовский қағазға Алдиярды «Елдияр», Тоқаны «Тукан», Сарықасқаны «Сары-кашкин», Қойытты «Куит» деп бұрмалап түсірген. Тек бұлар емес, басқа да есімдерді қате жазған, мысалы, Әйтекені «Итка» деп... Жарар, әрі қарай.
Мәтіннің жалғасы былай баяндалады: «Кочевании наши зимние находятся по рекам Сыр, Куван и Джаны, а некоторые аулы остаются в камышах у озера Аксакалбарбий. Летом, переходя к северу чрез пески Каракум и Тюгошкан, рассеиваемся мы по всей степи, прилегающей к левой стороне реки Иргиз до горы Карачетау» (Қараңыз: История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. V том. 2007).
Кейбір оқырманға ұғынықты болу үшін жоғарыдағы мәтінді қазақ тіліне аударып бере кеткенді де жөн көрдік.
«Басында біздің, – деді Рақ бимен бірге келген қарт, – ертеде түркі ханы Шөмекей тайпасынан шыққан мықты батырымыз Шыңғыс ханмен келіспей, осы далаға Моғолдан қашып келген. Шөмекей ұрпақтары Аю-Сырымға дейін жоқшылықта өмір сүрді. Бұлардың басшылығымен кейін қайта күшейіп, Сарысу өзенінің төңірегін, Түркістан жерін жаулап алды. Олардың кейбірі бейбiт өмiр сүру үшiн сол жерлерде қалды, кейбірі Темiрдің (Ақсақ Темір.-Б.К.) соңынан батысқа қарай кетті, содан қайтып оралмады.
Орыс жауынгерлері осы далаға шатырларын алып келгенде, Кіші Орда ханының ұлы, күшті рудың негізін қалаушы Әлімұлы өзінің баласын Шөмекейдің басшысының қызына үйлендіреді.
Бұл туыстық халықтарды біріктірді және Әлімұлы тұқымындағы (Қаракесек бірлестігі құрамындағы дегені болар сірә.-Б.К.) Шөмекейлерді бүгінде қосымша тармақ, Алдияр, Қаратамыр, Тоқа деп аталып тарайтын Әлім балалары құрайды. Қойт, Аю-Сырым және Көнек – байырғы Шөмекей, ал Сарықасқа – түркінің басқа даласы тұрғындарынан. Біздің үлестегі жерде 18 бөлім (аталық), 21 мыңға дейін үй немесе отбасы бар.
Қысқы көші-қонымыз Сыр, Қуан, Жан өзендерінің бойына қарай болса, кейбір ауылдар Ақсақалбарби көлінің маңындағы қамыс ішінде қалады. Жазда Қарақұм мен Түйеқашқан құмдары арқылы солтүстікке жылжып, Ырғыз өзенінің сол жағалауы маңайындағы далаға, Қарашатауға дейін тараймыз».
Кітап болып 1912 жылы жарыққа шыққан архивтік мына мәліметтерде былай деп таңбаланған:
«Аманкульская вол. VI-ой Аулъ. Имена аксакаловъ.
1. Шыгыр Тілеуберлинъ Сар-узекъ (қысқы мекені.-Б.К.).
2. Жанаманъ Байтынышты Сасык-кулъ (қысқы мекені-Б.К.).
3. Токбанъ Тнышбаевъ р. Иргиз (қысқы мекені-Б.К.).
4. Кошкаръ Тукушевъ тоже (р. Иргиз, қысқы мекені-Б.К.)
5. Сыбай Жайсанбаевъ Жарма (қысқы мекені-Б.К.).
6. Жарымбетъ Давлетовъ Узун-соръ (қысқы мекені-Б.К.).
7. Аманжол Кенжебаевъ Кара-тюре-куль. Кара-куль (қысқы мекені-Б.К.)».
Ұғынықты болсын, түсіндіре кетейік, тізімдегі ру ақсақалдары аты-жөндерінен кейін көрсетілген жер-су атаулары – олардың қыстайтын мекендері. Одан әрі «Летовки, разстояніе отъ зимовокъ» делініп, Тілеуберлин Шегірдің (қате түсірілген «Шыгыр» деп.-Б.К.) жазғы жайылымдары «Кулъ-соръ, Узун-куль, Кыз-карасу 200 в.» деп таңбаланған. Сонда оның оңтүстіктегі қыстауы мен солтүстіктегі жайлауының арасы 200 шақырым.
Қолымыздағы шежіренің бір нұсқасында «Аюдың Есенәлісінен өретін жеті баланың бірі – Игімбет» деп көрсетілген. Әрі қарай Игімбеттен – Айбас, Табай, Талпы тарайды дейді. Талпыдан – Тілеуберді, Тілеубердіден – осы Шегір екен.
Аталған деректердегі басқа да ру ақсақалдары Жанаман Байтыныштының, Қошқар Тұқышевтың, Сыбай Жайсаңбаевтың Жарымбет Дәулетовтың иелігіндегі мал жайылымдары: «Кулъ-соръ, Узун-куль, Кыз-карасу 200 в. ...и Шыбынды-куль, 150-160 в.» делінген.
Аманжол Кенжебаевтың жаз жайлауы «Кара-куль. Теректы-мола, Кыз-карасу, 10-20 в.» деп көрсетіліпті. Бұдан оның қыстауы мен жайлауының аралары аса алыс емес, бір төңіректе екені аңдалады (Қараңыз: Материалы по киргизскому землепользованію, собранные и разработные статической партіей Турайско-Уральскаго переселенческаго района. Иргизский уезд. Оренбургъ. Типографія. Ө. Яковлева. 1912).
Жоғарыда аталған жер-сулар қазіргі Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Сарат ауылдық округі территориясында орналасқан. Қарашатауға жақын төңірек.
Келтірілген 1912 жылғы бұл деректер Рақ би бастаған Шөмекей руы адамдарының орыс офицері Гавердовскийге «Ырғыз өзенінің сол жағалауы маңайындағы далаға, Қарашатауға дейін тараймыз» деп 1803 жылы берген мәліметін куәландырып, толық бекітіп тұр...
Орыс офицері Я. Гавердовскийге Рақ би бастаған ақсақалдардың айтуымен қағазға түскен дерек бойынша есептесек, әу бастағы мекені Моғолстанды тастап, Шөмекейлердің Ырғыз (Жармола) өңірін қоныс еткеніне сегіз жүз жылдай уақыт өтіпті...
Осы тұста және бір айта кетер жайт бар, ол – «Сырдың арғы жағын да, яғни, батыс бетін де қазақтар ежелден жайлап келеді» деген беріректегі өзеуреген «білгіштердің» әңгімесі турасында. Аталған аймақ о баста парсы тектес жұрттардың мекені болған-тұғын. Бұл жағдаят жүргізілген археологиялық жұмыстарда және «Хорезм в истории государственности Узбекистана» (2013), «Народы Средней Азии и Казахстана» (1962), «Древний Хорезм» (С. Толстов, 1948) атты еңбектерде, басқа да ғылыми зерттеулерде нақтыланған.
А. Хорошхинаның «Сборник статей касающихся Туркестанскаго края» (1876) аталатын еңбегіндегі, т.б. зерттеулердегі анық мәліметтер бойынша Кіші орда қазақтарының, оның ішінде Шөмекей руының кейбір аталықтарының Қызылқұм, Нұрата, Бұқар жақ бетке өтуі, қазіргі Қызылорда облысына қарасты Қазалы, Жалағаш өңірлеріне қоныстануы – 1722 жылғы (1723 емес!) «Ақтабан шұбырындыдан» кейін, одан соң да жалғасқан беріректегі оқиғаларға байланысты.
Пікіріміздің бірқатарын Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты аса құнды еңбегіндегі деректер де бекітеді.
Бұл – өз алдына бөлек көлемді әңгіме.
6. ОРЫС (ҰРЫС) ХАН ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ
Әлгіндегі «...ертеде түркі ханы Шөмекей тайпасынан шыққан мықты батырымыз Шыңғыс ханмен келіспей, осы далаға Моғолдан қашып келген» деген мәліметте аталып өткен Моғол – Шағатай ұлысы ыдыраған соң оның шығыс бөлігінде XIV ғасырда құрылған мемлекет. Негізін қалаған Тоғлық Темір (1348-1362) делінеді. Ал Шыңғыс ханның билік құрған уақыты бұдан көп бұрын, 1206-1227 жылдар аралығы.
Шежіреші қарттың сөзіне жан-жақты мән берсек, орыс офицері Я. Гавердовскийге Шөмекейдің Ырғыз өңіріне о баста қай жақтан келгені ұғынықты бола түсу үшін Шыңғыс хан өлгеннен кейін қазақ жұртының оңтүстік-шығыс тұсында, бұрынғы мекендері – Жетісу өңірінде соңыратын пайда болған беріректегі Моғолстанды айтқаны аңдалады.
«Орыс жауынгерлері осы далаға шатырларын алып келгенде, Кіші Орда ханының ұлы, күшті рудың негізін қалаушы Әлімұлы өзінің баласын Шөмекейдің басшысының қызына үйлендіреді» деген дерекке де сәл бөге кетейік. Бұл есімге қатысты мына мәліметті назарға ұсынамыз, онда: «Ұрыс хан (... 1377 жылы қайтыс болған, Мұхаммед Ұрыс, Орыс, Арыс, Ұрұс, Орыс хан деп те аталады) – 1368 жылдан Алтын Орданың сол қанатының ханы, 1372-1374 және 1375 жылдан Алтын Орда ханы. Ол шығыс Дешті Қыпшақты өз билігіне біріктіре алды», – делінген (Қараңыз: Ұрыс хан. kk.wikipedia.org).
Осы Орыс ханның шығу тегі турасында екі түрлі пікір бар екен: бір деректе Жошының бірінші ұлы Орда Еженнен таралады десе, басқа бір мәліметте он үшінші баласы Тоқай Темірден өреді делінген. Талассыз анығы, Орыс – Жошының нәсілі. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің арғы атасы (Қараңыз: Ноғайбаева М.С. Орыс (Ұрыс) хан (1361-1377 – 1377-1375) – Алтын орданың билеушісі, қазақ хандары әулетінің атасы. // 04.04. 2023. iie.kz).
Деректерге зерделей қарасақ, осы күнге шейін анасы бір, атасы бір деп көрсетілетін генеалогиялық шежіре – Әлім мен Шөменді, т.б. бөлек-бөлек жүрген руларды өзара туыстастырып, Қаракесек аталатын тайпаға біріктіру үшін XIV ғасырдың екінші жартысында, Орыс (Ұрыс) ханның тұсында бастау алып, идеологиялық құрал ретінде қолданылған тәрізді. Қайсыбіреулері бір себептерге байланысты бұрынғы қауымынан бөлініп, басқа тайпа құрамына енген де сықылды. Бұл – тек бір төңіректегі емес, қазақтың барлық рулары бастарынан өткерген жағдай. Мұны кейбір деректер растай түседі.
Он екі ата Байұлы да осындай сатыдан өтіп, кейін Қаракесек (Әлім-Шөмен) бірлестігімен одақтасып, Алшын тайпасын құраған болар...
XVII ғасырдың басында түзілген жазбасында Жалайыр Қадырғали би Қосымұлы әлгінде Шөмекейдің ақсақалдары есімін атап өткен Орыс (Ұрыс) хан жайлы былай деп дерек қалдырып кеткен екен: «Өзбек хан неше жылдар Еділ бойында патшалық құрды. Оның ұлы Жәнібек хан болды. Өзбек ханның орнына отырды. Ол да бірнеше жыл патшалық құрды. Екеуі елу жыл патшалық кешті. Жәнібек хан өлген соң қарауындағылары әрқайсысы әр тарапқа тарқады. Жәнібек ханның уалаятын Фетка Науақрат келіп бұзды. Осы арада Орус хан Алатауға әскерімен кетті. Ол заманда Жәнібек ханнан соң қият Истайұлы Чирақтлу ұлысты түгел биледі. Чирақтлуны Орус хан өлтірді. Орус ханды бәрінің ағалары патшалыққа отырғызды. Содан Орус Алатау маңына орын тепті. Ол биік көрінетін тау... Ол таудың қисапсыз (көп) сулары да бар. Талашқыры шаһары сонда. Отрар, Сайрам шаһарлары Хиваға жақын. Чу, Талаш, Ыстық көл, Текелік, Алмалық, және Қаратал сол елдерде. Иетикентте сонда. (Адамдары) өте биік, қуатты және сәнді, батыр келеді. Бұл мәлім және белгілі (жай). Орус хан неше жылдар осы жерде патшалық құрды. Ақырында солтүстік жағында Киштим деген жерде ажал тапты. Оның ұлы Құйыршық еді...» (Қараңыз: Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және жылнамалар жинағы. – Алматы: «Қазақ университеті», 1991, 251-бет).
Жаңа Кіші орда руларының яғни, Қаракесек (Әлім-Шөмен) бірлестігі мен он екі ата Байұлының әуелгі одақтасып, ұйысуы кезі Орыс ханның тұсынан бастау алған тәрізді дедік.
Өйткені Қадырғали бидің дерегі мен Шөмекей руы қартының аузынан жазып алынған «Шөмекей ұрпақтары Аю-Сырымға дейін жоқшылықта өмір сүрді. Бұлардың басшылығымен кейін қайта күшейіп, Сарысу өзенінің төңірегін, Түркістан жерін жаулап алды» және «Орыс жауынгерлері осы далаға шатырларын алып келгенде, Кіші Орда ханының ұлы, күшті рудың негізін қалаушы Әлімұлы өзінің баласын Шөмекейдің басшысының қызына үйлендіреді» делінген мәліметтерді өзара қайта салыстыра қарағанда ақиқатқа сәл жақындайтын тұсы бар сияқты.
Сонымен қатар жебе сықылды белгінің әуеліде Алшын тайпалары – Қаракесек (Әлім-Шөмен) пен Байұлына (он екі ата) ортақ болуы, Шөмекейдің кейінгі рулық жеке таңбасының да өзгермей тек ұшына тақап көлденең сызық жүргізіліп, қосымша толықтырылуы ғана бір шындықты меңзейтіндей. Қалай болғанда да арғы заманға бізден гөрі осы оқиғаны баяндаушылардың бір табан жақын екені де рас.
Негізгі әңгімемізден сәл бұрылыс жасап, сөзімізді енді Шөмекейдің таңбасына арнай кетейік. Бұл турасындағы кейбір жайттарды да біле жүрсін. Қызығушылық танытқандар болса.
7. ЛЕВШИННІҢ ТАҒА ТӘРІЗДІ ТАҢБАСЫ – ЖАЛҒАН ТАҢБА!
Ұғынықты болсын, басынан бастайық. Қазіргі тарихшылар «тарихымызды түгендеген, білгір» деп ауыздарының суы құрып мақтайтын А.И. Левшин (1798-1879) 1820 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы құрамына енгізіліп, оған қазақтар туралы архивтік құжаттарды сұрыптап жазып шығу ісі жүктеледі. Осы жылы ол Кіші орданың шағын бөлігінде хандық құрған Шерғазымен жүздеседі. Жайық өзенінің сол жақ жағасында, шығыс бетінде. Сол кездесу сәтінде өзі куә болған жайттарды қағаз бетіне түсіреді. Бұл еңбегі 1820 жылы «Свидение с ханом меньшой Киргиз-Кайсакской орды» деген атаумен «Вестник Европы» басылымының 22-санында жарияланады.
Арнайы тапсырма алған А. Левшиннің архив құжаттары бойынша түзіп шыққан жазбасы «Описаніе киргизъ-казачьихъ, киргизъ-кайсацкихъ ордъ и степей» деген атпен 1832 жылы Санкт-Петербург қаласынан үш томдық кітап боп жарық көреді.
А. Левшин – Жайық бойындағы Шерғазы ханның ордасынан басқа жерде болмаған адам. Қазақ даласын араламаған. Шынайы тіршілігімен таныспаған. Ол өзінің «Описаніе киргизъ-казачьихъ, киргизъ-кайсацкихъ ордъ и степей» деген кітабына Ресей империясының архивінде сақтаулы тұрған, өзінен бұрынғы «Книга Большему чертежу или древняя карта» (1627) аталатын еңбектегі, сондай-ақ, Унковскийдің (1722-1724), Палластың (1768-1774), Рычковтың (1771), Гавердовскийдің (1803-1804), Мейендорфтың (1820-1821), тағы басқалардың жазбаларындағы деректерді емін-еркін пайдаланған. Соларды мазмұндап шыққан. Бұл – аталған адамдардың кітаптарын А. Левшин түзген томдармен бастан аяқ салыстырып, мұқият сүзіп шыққанда біз көз жеткізген ап-анық бұлтартпас шындық.
Левшин осы кітабында жаңсақтықтар жіберген, кей тұстарында бұрмалауларға барған. Оның дәйексіз кей деректеріне, тұжырымдарына сүйенген М. Тынышпаев, сол сынды т.б. тұлғалар да тарихқа қатысты еңбектерінде қателіктерге ұрынды. Левшинді «Қазақтың Геродоты» деп есі кете пір тұтатын кейінгілер де адасып, лағып жүр...
Бұл пікірімізді бұдан бұрын жарық көрген мақалаларымызда да айтқанбыз. Сонда өзінен бұрынғы қағазға түсірілген қайсыбір деректерді оның бұрмалағанын дәлелдеп, ашып көрсетіп ек. (Қараңыз: Кәртен Б. Бұланты-Аңырақай шайқастары: жалғаны мен шындығы.// 09.05. 2025 жыл, kerey.kz).
Левшиннің жаңсақ мәліметтерінің бірі – ру таңбаларына қатысты. Ол әлгінде аталған «Описаніе киргизъ-казачьихъ, киргизъ-кайсацкихъ ордъ и степей» деген 1832 жылы шыққан кітабына долбармен таға тәріздес таңбаны Шөмекейдікі қып енгізіп жіберген. Кейін осы еңбекті пайдаланған М. Тынышпаев та сол қате мәліметті қайталаған.
Дұрысы – Н. Гродековтің еңбегіндегі таңба. Жебе сықылды. Үш бұрышты. Ұшы жоғары қаратылып, көлденеңнен тақап сызық жүргізілген (Қараңыз: Гродековъ Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыръ-даринской области. Том первый. Юридический быть. Ташкентъ. 1889.). (4-СУРЕТ: Гродековтің кітабынан, Шөмекей таңбасы).
Өз көзімізбен көріп, куә боп өстік, Әйтеке би ауданы Тұмабұлақ ауылдық округіне қарасты Басқұдық ауылы жанында, жалдың үстінде орналасқан Тоқа Қарабас әулие қорымында да тап осы таңба. Бұл белгі Ырғыз ауданы террирториясы зираттарындағы көне құлпытастарда да жиі кездеседі. Айғаққа солардың бірін ұсынсақ та жеткілікті деп ойлаймыз. (5-СУРЕТ: Ырғыз (Жармола) жерінде, құлпытастағы Шөмекей таңбасы).
Левшиннің кітабындағы таға секілді жалған белгі мен Гродековтің еңбегіндегі таңбаны тілші-ғалым С. Аманжолов 1959 жылы жарық көрген «Вопросы диалектологии и истории казахского языка» атты зерттеуіне және енгізген. Кейінгілер ақ-қарасына бармай осыны іліп әкеткен.
Ата-бабаларының қабіріне зирят етпеген, ондағы құлпытастарда таңбаланған өз руының белгісінен мүлде бейхабар, совет заманында қызығы тек отты су мен карта, арзан күлкі болған, туған өлкесінің тарихын мансұқтаған, заман ыңғайына қарай соңыратын пайда болған Шөмекейдің қырма сақал «білгір шежірешілері» ғалым С. Аманжоловтың кітабынан біреулердің парақ қағазға көшіріп салған қос таңбасына олай қарайды, былай қарайды ғой бірде, бірақ қайсысы өтірік, қайсысы ақиқат екенін ажыратуға өрелері жетпейді. Діңкелері әбден құрыған жаңағы парықсыздар басқа амалға көшеді. Ойланып-ойланып бүй деген мынадай әңгімені құрастырып, елге таратады: «Ағасы Әлім таңба бермеген соң Шөмекей ренжіп, Орта жүздегі нағашысына барып, таңба сұрайды. «Жиенжан, назарың түспесін, мынау енді сенікі», – деп бір белгіні сыйлап жібереді. Қуанып елге келеді. Өз қылығына қатты ұялған ағасы Әлім кейін бір баласының таңбасын қарсылығына қарамай інісіне алып береді. Шөмекейде екі таңба болуының себебі – осы».
Бұл – қазір тәуелсіздіктен соң «ұлттық санасы» оянып, өзгелерден қалмай аталарын түгендеп, «рухани жаңғырып жатқан», «орта жүздік нағашыларына» бек риза күллі Шөмекейдің аузында жүрген мақтан «әңгіме»...
Аталған еңбегінде Левшин тек Шөмекейдікін ғана емес, өзге де ру таңбаларын қате көрсеткен.
Әлеуметтік желідегі парақшасында Фархат Байдәулет есімді атыраулық жігіт Таз руының адамдарына көне жазумен XIX ғасырдың екінші жартысында қойылған құлпытастардың бірінен Левшиннің еңбегіндегі белгімен түк үйлеспейтін таңбаны анықтаған бейне түсірілімін жариялады.
Сондай-ақ, Байұлының бір баласы делінетін Шеркестердікі де бөлек екен. Бұл да – Левшин кітабындағы таңбадан өзгеше. Келтіре берсек дәлелдеріміз әлі бар...
Қысқасы, Левшин көрсеткен басқа да ру таңбаларын салыстырып қарағанда олардың кейбірінің құлпытастардағы белгілермен сәйкеспейтінін байқадық...
Қайталап айтамыз, Шөмекейдің таңбасы – жебе сықылды. Үш бұрышты. Ұшы жоғары қаратылып, көлденеңнен тақап сызық жүргізілген. Бұл белгі біз анық білетін Ырғыз, Әйтеке би аудандары территориясындағы қорымдарда жиі кездеседі.
Ал Левшиндікі – жалған таңба! Өзінің кітабынан басқа еш жерде жоқ!
8. ТӘСТЕНБЕКТІҢ ҚҰЛПЫТАСЫНДАҒЫ НАҚТЫ ДЕРЕКТЕР
Жақсы, енді негізгі әңгімемізге қайта оралайық. 2024 жылы шілде айының 27-інде Ырғыздың (Жармоланың) солтүстік-шығыс бетінде, отыз шақырымдай жерде орналасқан Тәстенбек қорымына арнайы сапарладық. Бастауын аудан орталығына он-он бес шақырымдай жақын тұстан алатын Жаман Телқара өзенінің бойында. Солтүстік жағында. Төбеде.
Тәстенбекке қойылған құлпытастың түсі – ақшыл. Жазуы арап графикасында. Барельефті, ірі. Мұның ілімі басқаша өнер туындысы екенін бүй деген анықтамасынан-ақ аңғарылып тұр: «Барельеф, -а, м. (фр. bas-relief – букв. низкий рельеф). Скульптурное изображение, выступающее на полоский поверхности менее чем на половину объема изображенного предмета» (Қараңыз: Школьный словарь иностранных слов: Пособие для учащихся / В.В. Одинцов, Г.П. Смолцкая, Е.И. Голонова, И.А. Василевская; Под ред. В.В. Иванова. – М: Просвещение, 1983. Стр. 31).
Құлпытастың өте сапалы жасалғаны көрініп тұр. Тәстенбектің дәулетті кісі болғанын аңдатады. Арап әрпімен таңбаланған бедерлі жазудың мазмұны мынадай: «Шөмекей руы Аспан Аю Сырым тайпасы Құти Мырзағұл Тәстенбек Сыйқым баласы офат болды 48 жасында 1832 жылда» (6-СУРЕТ: Тәстенбектің құлпытасы).
Сонда құлпытастағы мәлімет Құти есімді адамның өмірде болғанын, оның шөбересі Тәстенбектің 1784 жылы туғанын бұлтартпай дәлелдеп тұр.
Қазір Ақтөбе қаласында тұратын Ыбырайқызы Зейнеп (1948) мына мәліметті былай деп әңгімелеп еді: «Әкем Ыбырай Елубайұлы (1889-1967) ылғи айтып отыратын: «Тәстенбек атамыз Құлакөлді жайлап отырғанда дүниеден өткен. Оны Жаман Телқара өзені бойына әкеп жерлепті. Бабамыз Сапақ дұға бағыштап отырып айтыпты дейді сонда «Тәстенбек, ертең сәскеде мен де жаныңа келемін» деп. Келесі күні ел үйлерін жығып, көшкелі жатқанда өзі айтқан уақытта көз жұмыпты. Ақ жуып, арулап, Тәстенбек атамыздың қасына қойған. Бірер күн өткен соң дұға бағыштауға адамдар келсе Сапақ бабамыздың қабірі жанында боз нар жатыр екен, жақындағанда ғайып болыпты дейді. Содан жұрт оны «Бознар әулие» атап кеткен... Құлымбетов Ұзақбайдың інісі Қарабаланың да мүрдесі сонда», – деп. Әкемнің осы әңгімесі құлағымда жатталып қалды».
Деректі беруші Зейнептің, оның әкесінің Тәстенбекке қандай жақындығы барын да баяндап өтейік осы тұста.
Қолымыздағы рулық шежірелерде Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл өреді делінеді.
Аспанның бір баласы – Есімбет. Есімбеттен – Бұғанай. Бұғанайдан – Аю мен Сырым.
Аюдан – Өтеміс, Есенәлі, Қыдырәлі (ел таңған есімі Тоқпақ.-Б.К.), Сүйір.
Есенәліден – жеті ұл. Олар: Жақсылық, Жанбақы, Сопай, екінші жамағаты Жәнікеден – Игімбет, Құти, Мөңке, Еңкей туған.
Құтидан – Мырзағұл, Мырзағұлдан – Сиқым.
Сиқымнан – жаңа құлпытасы сөз болған Тәстенбек (1784-1832), Жақсыбай (бұның ұрпақтары бар), сонан соң Жаманбай.
Жаманбайдан – Көздібай, Әліш.
Ағалы-інілі бұл кісілер өте ауқатты болған. Есімдерін иеленген «Көздібай-Әліш» аталатын жер де бар. Аудан орталығы – Ырғыздың (Жармола) оңтүстік-шығысында. Суы көктемде еріген қармен, жауған жаңбырмен толығып, Сасықкөл жақтан бастау алып, солтүстігінде орналасқан Қарақоғаға дейін ағып келіп, шығыс жақтағы Құланшыға қарай иіліс жасайтын Сарының өзегінің бойында. Бұрылыстан он төрт шақырымдай ғана.
Көздібайдан – Қалмағамбет, Салмағамбет, Нұрмағамбет.
Әліштен – Ермахан, бұдан тараған ұрпақтар бар. Сонан соң Пірмахан.
Құтидың баласы Мырзағұлдың Сиқымнан басқа тағы да үш ұлы болған, олар: Шымыр, Мұрат, Сымат, соңғы екеуі қалмақ қызынан туған делінеді.
Мұраттан – Сапақ. (Сонда шежіре жоғарыда аты аталған Сапақтың Тәстенбекпен немере ағайын екенін көрсетіп отыр.-Б.К.).
Сапақтан – Тыныштық, Төлеміс.
Төлемістен – Дәулетияр, Дәулетиярдан – Елубай, Елубайдан – Ыбырай, Ыбырайдан – Зейнеп (Тәстенбек туралы мәлімет берген кісі.-Б.К.), Құдайберген.
Зейнеп жаңа мемлекет қайраткері Құлымбетов Ұзақбайдың інісі Қарабаланың да мүрдесі Тәстенбектің қорымында екенін айтып өткен еді, енді соның да себебін аша кетейік.
Ұзақбай Құлымбетовтың шөбере інісі Байжанов Тұрмаханның өз қолымен түзіп қалдырған жазбасынан алған жамбылдық Палуан Дәулетбайұлының шежіресінде Аюұлы Есенәлінің екінші жамағаты Жәнікеден туған, Құтидың бауыры Еңкейден (шын есімі Қаныбек екен.-Б.К.) тараған балалар – Қанат, Тоқан делінеді.
Қанаттан – Кенебай, Кенебайдан – Қанымбай, Қанымбайдан – Бидебай, Желдірбай, Құлымбет (бұдан ұрпақ болмаған, сол себепті ұмытылмасын деп осы кісінің есімін Ұзақбай өзіне тегі қып жаздыртқан дейді, айтылып жүрген қайсыбір әңгімелердің шындығы жоқ, жалған екен.-Б.К.).
Бидебайдан – Байжан, Махан. Байжаннан – Тұрмахан, Тұрмаханнан – Тоймұрат, Дәмір.
Желдірбайдан – Ұзақбай, Қарабала, Жолмұрат.
Ұзақбай Құлымбетов (1891-1938) Қазақ ССР Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Мемлекет қайраткері. 30-жылдары қазақ елінің аграрлық-экономикалық жағдайын көтеруге еңбек сіңірген тұлға. Репрессияға ұшыраған.
Желдірбайұлы Қарабаланың Құти ұрпағы Тәстенбектің жанына жерленуінің бір себебі – осындай аталас болғандығынан дейміз.
Шежіре-деректі бергендердің бірі – Дәулетбайұлы Палуанға да сәл кідіре кетейік.
Ұзақбай Құлымбетовтың бабасы Қанаттың туған бауыры Тоқаннан – Есіркеп, Кенебай тарайды.
Ескерте кетейік, Кенебай ерте өледі. Қанат кейін өз ұлына інісі Тоқанның жастай кеткен баласының есімін берген. Кенебай деп. Ағайынды ұрпақтардың аттас болуының себебі осы екен.
Есіркептен – Келден, Келденнен – Дастанбек, Жарылқап.
Дастанбектен – Ысмайыл, Балта, Ілияс.
Балтадан – Шегебай, Балғабай, Сейілбай, Дәулетбай (1928-1960).
Дәулетбайдан – Иса (1958), Палуан (1960) туған.
9. ҚҰТИДЫҢ БАСҚА ДА ҰРПАҚТАРЫ ХАҚЫНДА
Есенәліұлы Құтидың Мырзағұлдан өзге де Тоян, Алданай есімді перзентері болған.
Құтидың бұл ұрпақтары да өсіп-өнген. Сөзіміз сенімді болсын, олардың бірқатарын таратып өтелік.
Құтиұлы Алданай Ырғыз өзенінің шығыс жағалауы маңайындағы далаға, Қарашатауға қарай көшіп бара жатқан кезде, жол үстінде қайтыс бопты. Демі үзілген жері Ырғыз ауданы территориясындағы Қалалыкөл аулының солтүстік тұсы делінеді. Шамамен жиырма шақырымдай екен. Осы себепті ол жер «Алданай» делінеді.
Құтидың Тоян есімді ұлынан – Шорман, Шағатай, Мәңгібай, Төлеген, Танай, Артық.
Ырғыздық Қосанов Тілеужан осы Тоян жөнінде де: «Жарма аулының солтүстік-батыс тұсында, жеті-он шақырымдай жерде екі қара су бар. Аралары онша алыс емес, жақын. Шамамен бес-алты шақырымдай болар. «Тоян-Тояш» деп аталды. Ағайынды кісілер болса керек», – деген мәлімет беріп еді.
Тоян да дәулетті кісі болған. Қайырымы мол, қолы ашық екен. Ел «Тояш мырза» атап кеткен содан. «Тоян-Тояш» деп қосарланып айтылуы осыдан, һәм кейінгілердің ағайынды кісілер деп ойлауына да негіз болған тәрізді.
Құтиұлы Алданайдан – Жұбан, Қонықай (Қоңқай), Ермекен, Кішен.
Қонықайдан (Қоңқай) – Қосым, Жақып, Науқан, Қисық (Жүсіп), Сасыққұл, Жаутай.
Айта кетейік, Ырғыз ауданы территориясында «Науқан-Жақып» аталатын жер атауы бар. Жарма елді мекеніне он шақырымдай. Солтүстік-шығысы тұсында. Сарының өзегі бойында. Тарихқа деген құрметтің жоғалғандығынан совет өкіметі кезінде сол жерді жайлаған бір қойшының есімімен «Нұрғазы» деп атап кетіпті.
Қонықайұлы Жақыптың мүрдесі де Тәстенбектің қорымында. Басына қойылған құлпытастың бір жағына арап әріптерімен былай деп жазылыпты: «Бисмиллаһи рахман рахим 1895 нші жылда 61 жаста 15 нші февралда Шөмекей руы Аспан тайпасы Жақып мыр... ...ұлы дәр әл-фәнәдан дәр әл-бақие рихлат». Екінші беті де арапшамен таңбаланған: «Лә иләһә илла Аллаһ 1921 нші жылда 10 нші апрелде 70 жаста Шөмекей руы Аспан тайпасы Жақып жамағаты ... дәр әл-фәнәдан дәр әл-бақие рихлат», – делініп.
Ескерте кетейік, құлпытас «Жақып мыр... ... ұлы» деген сөйлемдердің тұсынан қақ бөлініп, кейбір әріптер мүлде жоғалған. Кейін жан-жақты анықтадық, «Жақып мырза Қоңықай ұлы...» деген мәлімет екен бұл.
Қоңықайұлы Науқаннан – Бақтыгерей, Абдолла туады.
Науқанның баласы осы Бақтыгерей туралы мына мәліметті келтіре кетейік. Жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттеріне арналып, оқу құралы ретінде ұсынылған «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбектің (Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1991 жыл, 244-бет) авторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев: «... ел аузында сақталып келген жырлардың бірі – «Құл мен қыз». Оның оқиғасы «Мақпал қыз» сюжетіне ұқсас. Жырдың екі түрлі нұсқасы бар: бірі халық ақыны Жөкей Шаңғытбаевтан, екіншісі – Бақтыгерей Науқанұлынан жазылып алынған. Бұл екеуі де Ырғыз ауданының ақындары...» – түзіпті.
Анығында Бақтыгерей ақын емес, жидашы ретінде мұраны ел аузынан жазып алып, Қазақ ССР Ғылым академиясына жіберген. Бұдан оның ауыз әдебиетіне жақын, жанашыр болғанын аңдаймыз. Ал «Құл мен қыз» жырының авторы – Жөкей Шаңғытбайұлы. Руы – Бабан-Көнек.
Қисықтан (Жүсіп) – Тұрмағамбет, Жаймағамбет, Жармағамбет, Қыпшақбай, Тәжікей, Арғынбай, Ысқақ, Ысмағұл.
Қисықтың осы сегіз баласының бірі – Жармағамбет көкшіл көзді, түрі сап-сары кісі екен. Ел содан оған «Сары» есімін таңыпты. Бұл да өз заманында қотаны малға толы дәулетті кісі болыпты. Ол иемденіп жайлаған судың бойы «Сарының өзегі» деп аталып кетеді.
Айтпақшы, «өзек» сөзінің мағынасын білмейтін ырғыздық «өлкетанушыларды» да кездестірдік, түсіндірмесін бере кетейік, біле жүрсін бұдан былай, онда бүй делінген: «Бір кезде су алып, кейіннен құрғап қалған көгалды, жыралы сай-сала, өзен арнасы» (Қараңыз: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. / жалпы редакциясын басқарған Т. Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 648-бет).
Сарының өзегінің орналасқан тұсын әлгінде аудан орталығы – Ырғыздың (Жармола) оңтүстік-шығысында, суы көктемде еріген қармен, жауған жаңбырмен толығып, Сасықкөл жақтан солтүстігіндегі Қарақоғаға дейін ағып келеді де, шығыс жақтағы Құланшыға қарай иіліс жасайды дедік. Ұзындығы отыз-отыз бес шақырым шамасында. Айтқандай мұны Ырғыз (Жармола) жақтан бастау алып, осы Сарының өзегін жанап өтіп, Нұра ауылына қарай бағытталып ағатын Сарыөзекпен шатастырмау керек. Екеуі бір-бірінен мүлде бөлек...
Хош, Қисықтың қалған балаларын әрі қарай таратайық.
Тұрмағамбеттен – Бақи, Қани, Көптілеу.
Ысқақтан – Мағаз (1923-2008), Мәлік.
Мағаздан– Жолаушыбай (1948-2024), Қуанышбай, Рахметолла, Нұрлан (1967).
Қонықайұлы Қисықтың шын есімі – Жүсіп екен. Ұрпақтарының айтуынша, 1845 жылдың шамасында дүниеге келген. Елуге жетер-жетпесте өмірден өткен. Қисынды сөзге шешен болған һәм істі бұра тартуға жол бермейтін, үстемдердің ыңғайымен жүрмейтін мінезіне байланысты ұнатпайтындар оны «қисық» дейді екен. Сол сөз оған біржолата таңылыпты «Қисық би» делініп.
Ауызекі әңгімеде XIX ғасырдың екінші жартысында Қисық бидің ұйғаруымен Аюдың бірқатар ұрпақтары басын қосып, жүз алпыс шаңырақ шаруаға жайлы отты, шұрайлы, көлі бар өңірде өз алдына бөлек ауыл болып отырған делінеді. Сол жер Аю көлі аталған. Қазіргі Әйтеке би ауданы Сарат ауылдық округінің территориясы.
Қисықтың дауда төрелік жасап айтқан бірер сөзі «Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы» (Ақтөбе, 2006) деген кітапқа енген.Осы тұста және айта кетейік, біз куәлік қып сүйеніп отырған Аюдың Өтеміс, Есенәлі, Қыдырәлі (Тоқпақ), Сүйір есімді балаларына қатысты шежірені ырғыздық Ниеталин Абдолла Ахметұлы есімді ақсақал 2003 жылы сәуірдің 13-інде қағазға жүйеліп түсіріпті. Осы жазбасының бір тұсында: «1983 жылы Ырғызда тұрғанымда ойыма Мұхамбетқали Басжанов түсіп, сол кісіге хат жаздым», – деп таңбалапты. Бұдан соң оның он бес бет параққа жазған Аю ұрпақтарына қатысты шежіре жібергенін баяндаған. Рахметін айтқан. Сондай-ақ, осы ата текке байланысты біраз мәліметтер берген Мағаз Ысқақовқа да ризашылығын білдіріп өткен.
10. ЖӘНІКЕГЕ ҚАТЫСТЫ АҢЫЗ
Енді бүгіндері ұрпақтары рулы елге айналған Игімбет, Құти, Мөңке, Еңкей есімді ұлдарды дүниеге әкелген Жәнікеге ойысайық. Қолымызда ол жайлы Ысқақов Мағаздың (1923-2008), Дәулетбайұлы Палуанның (1960) берген нұсқалары да бар. Бұлар да ел аузында сақталып, бұрыннан айтылып жүрген ескілікті әңгімемен мазмұндас, айырмашылығы аз.
Ауызша деректе Аю баласы Есенәлінің жамағаты Жәнікенің әке-шешесі бағзыда солтүстіктегі орман елінен бір жағдайлармен қашып келген екен делінеді. Шөмекейлердің арасында біршама уақыт тұрақтайды. Бір күндері олар бойжеткен қызын, Жәнікені, Аюдың жігітіне беріп, өздері туған мекендері – солтүстік жаққа қайта кетіпті дейді.
Мұндағы аталатын солтүстіктегі орман елі – қазіргі башқұрт пен татар жұрты екені аңдалып тұр. Аңыздағы оқиға Алтын орда ыдыраған соң көп уақыттан кейін, XVII ғасырдың екінші жартысында болған тәрізді. 1670-1671 жылдары Степан Разиннің көтерілісі өткені, бұған татарлардың белсене қатысқаны тарихтан аян. Жәнікенің әке-шешесі сол оқиға байланысты бір жағдайлармен уақытша ауып келген болар. Осы жайттар аңызға жанасатындай. Мүмкін бұдан басқа да себептері бар шығар. Біздікі болжам ғана.
«Татары относятся к еуропеоидной расе по классификации ЮНЕСКО...» делінеді бір дереккөздерде. Бірақ түрлері моңғолоид пішінге ұқсайтын яғни, қара қоңыр шашты, бет сүйегі шығыңқы келетін татарлар да кездеседі. Мұның себебі Повольже аймағында өмір сүрген еуропеоидтық тұрпаттағы автохтондардың моңғолоидтармен араласуынан деп түсіндіріледі. Әйтсе де татар жұртының ежелгі кездегі сол келбеті осы кезге шейін сақталған. Түстерінің басымы сары, жирен шашты, көкшіл көзді боп келетіні баршаға белгілі. «Татар халқының 80 пайыздайы еуропеоидтық нәсілге жатады» деп бекітеді антропология ғылымы да.
Айтпағымыз, Жәнікеден туып, рулы елге айналған, жаңа аттары аталып өткен ұрпақтарының өңдерінде терінің сарылығы, көкшіл көз, жирен шашты болып келетін еуропеоид нәсілдеріне жақындау белгілер қазірде де жиі кездеседі. Бұл жайт та, «Жәнікенің әке-шешесі бағзыда солтүстіктегі орман елінен Шөмекейлердің ортасына қашып келген» деген сөз де нақты уақыты, ақиқаты мүлде көмескі тартқан аңызды тірілтіп, шындыққа сәл жақындатындай...
Халық аузындағы тағы бір әңгімеде ескі заманда ауылды жау шабады. Сонда Жәніке мерт болып, көлдің қасындағы биік төбеге жерленіпті дейді. Жердің атауы осы оқиғаға байланысты дейді.
Есенәлінің екінші жамағаты осы Жәнікеден туып тараған балалары – Игімбет, Құти, Мөңке, Еңкей һәм бұлардан өрген ұрпақтар кейін өздерін «Жәніке-Аюмыз» деп атап кеткен. Бұл сықылды есімі руға айналып, генеалогиялық шежіреге енген әйел адамдар қазақта жиі кездеседі...
Аңыз әңгімеде айтылатын көлді бала кезімізде талай көрдік. Менің ауылым Басқұдықтың батыс тұсында еді. Жеті шақырым. Дөп-дөңгелек, суы ащы, ана шеті мен мына шеті ат шаптырым-тұғын. Айнала құрақ өсіп, жағасы жап-жасыл боп тұратын бұрындары. Көктемде қардың суымен толығып, бетінде толқын ойнап, көкпеңбек түске енетін. Жабайы қаздар қиқулап ұшып, қонып жататын-ды...
Жәніке жерленген делінетін төбе осы ащы көлдің, яғни, сордың шығыс жағында, ондағы зираттар жермен жексен болған. Құлпытастардың шашылған бірен-саран сынықтары ғана кездеседі...
Зейнеп Ыбырайқызы Жәніке жайлы мынадай әңгімені және баяндаған-тын бізге: «1987 жылы сауда жасап қырға бардық. Әрі әскерден келген ұлымның тойына керек дүниелерді іздеп шыққанмын-ды. Қасымызда Білісбайдың Елеусізі деген де болды. Аңшылардың мекемесінде істейді-ау дейім, сонда бірдеңе. Тоқпаққа жиен еді. Аюларды көрсе қалжыңдаса кететін нағашыларым деп. Сонан ЖӘНІКЕ деген жерге келдік. Басқұдық аулының тұсында екен. Жақын. Осы жердегі қойшының үйінің жанына аялдап, машинадан түстік. Добал-Сырым Полущек ағайдың әйелін, Жанша жеңгемізді көріп, шұрқырасып қалдық. Жақындығы бар екен бұл үйге. Сонан әңгімелесіп, сәл кідірдік. Сонда бір егде кісі: «Аю болсаңдар білесіңдер ме, анау төбенің басында ЖӘНІКЕ әжелерің жатыр, зираты сонда» деді иегімен нұсқап. Жас едік, мән бере қоймадық. Аздан соң өз шаруамызды маңызды санап, әрі қарай жүріп кеттік...».
«ЖӘНІКЕ» атауы 1912 жылғы деректерде сақталған, айғақ берейік, былай делінген онда: «Аманкульская вол. 1-й Аулъ. Имена аксакаловъ.
1. Турашъ Кашкынбаевъ р. Иргиз. (қысқы мекені.-Б.К.)
2. Кожамуратъ Тулесовъ тоже (р. Иргиз.-Б.К.)
3. Бекбергенъ Кутебаевъ тоже (р. Иргиз.-Б.К.)
4. Ермекбай Сазанбаевъ тоже (р. Иргиз.-Б.К.)
5. Бозша Айжарыковъ тожем(р. Иргиз.-Б.К.)».
Осы деректе бұл ақсақалдардың жаз жайлауларын бүй деп атап көрсетеді: «Тшыбай (дұрысы Тыштыбай.-Б.К.), Калкамбай, Кызъ, Кыр-кудукъ, ЖАНИКЕ, 200 в.».
Тағы да айғақ берейік, былай таңбаланған: «Аманкульская вол. II-й Аулъ. Имена аксакаловъ.
Имандосъ Масаковъ Сар-узекъ, Сасык-куль, Кум-уткель (қысқы мекені-Б.К.).
Онгарбай Даутбаев Сасык-куль и Ащикуль (қысқы мекені-Б.К.).
Назикъ Танатаровъ тоже (Сасык-куль и Ащикуль, қысқы мекені-Б.К.).
Бійсенбай Башпеневъ р. Иргизъ (қысқы мекені-Б.К.).
Косумъ Мажиковъ Тума (қысқы мекені, қазіргі Әйтеке би ауданы Тұмабұлақ ауылдық округінің орталығы.-Б.К.).
Сундетъ Уакбаевъ Шыбынды-куль (қысқы мекені-Б.К.)».
Келтіріліп отырған дереккөзде Сүндет Уақбаевтың жазғы мал жайылымы «Кос-куль и Каз-кырылган, 9-12 в.» дейді, ал қалғандарының жайлауларын «Кара-соръ, Майемеръ, ЖАНИКЕ, Карабасъ, 150 в.» деп атап көрсеткен (Қараңыз: Материалы по киргизскому землепользованію, собранные и разработные статической партіей Турайско-Уральскаго переселенческаго района. Иргизский уезд. Оренбургъ. Типографія. Ө. Яковлева. 1912).
Мінекей, баршамыз куә болдық, аңыздағы сағымданып, бұлдыр тартқан оқиғалар айғаққа тартылған деректермен үйлесіп, Жәнікеге қатысты шындықтың елесін беретіндей. Әйтсе де мұның нақты ақиқаты Аллаға аян!
11. АЮ МЕН СЫРЫМ ЕСІМДЕРІНІҢ ЖҰПТАЛЫП АТАЛУ СЕБЕБІ
Әлгінде Я. Гавердовскийдің өзінің «Дневные записки в Степи киргиз-кайсакской в1803-м и 1804-м гг.» деген жазбасында Шөмекей руының ақсақалдарының айтуымен: «Потомство Чумекея жило здесь в крайней бедности до главного старшины АЮСЫРЫМА. Под начальством коего оно снова усилилось и покорило себе окрестности реки Сарасу с владением Туркестанским», – деп таңбалап кеткен дерегін куәлікке келтірдік.
Қолымыздағы ата тек шежіресі нұсқаларының басымында: «Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл тарайды. Аспанның бір баласы – Есімбет. Есімбеттен – Бұғанай. Бұғанайдан – Аю мен Сырым туады», – деп көрсетілген.
Осы адамдардың шыққан тегін кейбіреулер былай бұрмалап, өргізіп жүр: Есімбетұлы Бұғанайдан – Сырым мен Байқонды туады дейді. Сонсоң Байқондыдан – Өтеміс, Қыдырәлі, Есенәлі тарайды. Есенәліден – Аю, Сүйір дейді кіндігін өздері кесіп, етектеріне өздері салып алғандай дес бермей өзеуреп. Түк қисыны жоқ сандырақ!
Шөмекей руының қарттары 1803 жылы орыс офицері Гавердовскийге Сырымды одан үш ата кейін туған шөпшек бауырына не себептен қосарлап айтып жаздыртқан онда «Байқонды-Сырым» демей «Аю-Сырым» деп, оның Байқондымен бірге туғаны рас болса, бірнеше буынды аттап өтіп?!
Арғы заманға бізден гөрі бір табан жақын, шамамен XVIII ғасырдың бірінші жартысында дүниеге келген Шөмекей руының қарттары түк білмейді екен, білгіштер бұлардан екі жүз жыл кейін туған бозбастар екен сонда!
Тағы да айғақ берейік шежіре «білгіштеріне». Я. Гавердовский жазбасының және бір тұсында «Чумекей – куит и АЮ-СЫРЫМ – 4 удела, до 5000 семей. Управляют Сердали-бий и Рак-би» деп түзген.
Қайталап назарға ұсынайық, Жаман Телқара өзені жанындағы төбеге жерленген Сиқымұлы Тәстенбекке қойылған құлпытастағы: «Шөмекей руы Аспан АЮ СЫРЫМ ТАЙПАСЫ Құти Мырзағұл Тәстенбек Сыйқым баласы офат болды 48 жасында 1832 жылда», – деп арап әріптерімен жазған мәліметтерде де Сырымның есімі қалыс қалдырылмай Аюмен қатар түсірілген.
Сиқымұлы Тәстенбекке қойылған осы тас белгіден кейін, жүз қырық жылдан соң совет өкіметі кезінде орнатылған Ырғыз өңіріндегі құлпытасқа да кириллица әріптерімен былай деп жазылған: «Руы АЮ СЫРЫМ Жұмағұлұлы Қоныс 1897 жылы туып 1972 жылы қайтыс болды. Құлыптас қоюшы баласы Қуаныш» (7-СУРЕТ: Қоныстың құлпытасы).
Мұнда да «Аю Сырым» бірге таңбаланған.
Аю мен Сырымның бір әке, бір шешеден туғандығынан, тату боп іргесі ажырамай тіршілік кешкендігінен – есімдерінің ылғи жұптасып аталуының себебі. Мұны әлі де дәлелдей түсейік ұқсас жайттармен.
Дүйім жұртқа таныс «Тілеу-Қабақ» деген ән бар. Бұлар – Шектіден шыққан ағайынды адамдар. Кейін есімдері ру аттарына айналған. Кейіпкерлері – апалы-сіңілі қыздарға қатысты болғандықтан «Айман-Шолпан» аталған қисса күллі қазаққа белгілі. «Мұңлық-Зарлық» эпосының атауы да бірге туған ұл мен қызға тікелей байланысты.
Аю мен Сырым есімдерінің әлі күнге жұпталып аталуы да – олардың осылар сықылды бір әкеден өргендігінен, ел ішінде бедел-абыройға қатар жүріп ие болғандығынан екені аңдалады...
Жә, жақсы. Мұны осы жерден қайырайық.
Есімбет немересі, Бұғанай баласы Аюдан өрген ұрпақтарды жоғарыда сөздің ретіне қарай куәлікке тартып, таратып өттік. Енді Сырым ұрпақтарына да сәл ғана кідіріп өтейік.
Бұғанайұлы Сырымнан тоғыз бала тарайды, бәйбішесінен – Алдияр, Добал, Құрман, Құртқа, Балжан туған, ал кіші әйелінен – Қараша, Бұлдырман, Қосқұлақ, Кенжебайды көрген. Бұл төртеуін ел «Кіші енемнің Сырымы» деп атап кеткен. Қазіргі айтылуы «Кіші енем Сырым».
Осындағы Сырымұлы Құрман – сегізінші бабам-ды...
12. СӨЗ СОҢЫ
Ырғыз (Жармола) төңірегіндегі «Құти көлі» атауының, басқа да микротопонимдердің тарихын шама-шарқымызша баяндап шықтық. Зерделеген тақырыбымыз XIX ғасырдағы, тіпті одан әріректе ғұмыр кешкен адамдарға қатысты болғандықтан өзге де мәліметтермен қатар рулық шежірені де қолдануға тура келді. Ашып, дәлелдеу үшін. Бүкіл Шөмекейді таратып шығуды мақсат етпедік. Бізге оның аса қажеті де, мәні де жоқ.
Өлке шежіресі совет өкіметі кезінде белгілі болған тұлғалармен ғана шектелмесе керек. Сөзіміздің басында тілші-ғалым К. Ахановтың тұжырымын келтіріп ек, сонда оның: «...топонимикалық атаулар талай ғасырлар бойы өмір сүреді де, халықтардың ерте замандарда қай жерде қоныс тепкені, қай жаққа қоныс аударғаны немесе қай жерден келіп қоныстанғаны, этникалық топтардың араласуы, тарих бойында халықтардың бір-бірімен қарым-қатынасы және т.б. көптеген жайлар мен құбылыстар туралы хабар береді», – деп айтқанындай жер-су атауларына да мән берілсе, көңіл бөлінсе, олардан да тереңде жатқан тарихты танып-білуге болады...
Сонымен Ырғыз (Жармола) өңірінде Шөмекей руы Аспан тайпасының Аю аталығынан шыққан ҚҰТИ деген адамның өмір сүргенін құлпытасқа түскен оның есімі, XIX ғасырда картада түзілген «ОЗ. КУТУЙ-ДУНЪ-КУЛЬ» (Құтидың көлі-Б.К.) деген жазу һәм одан өрген ұрпақтары бұлтартпай дәлелдеп тұр!
Ұшбу зерттеуімізді филология, тарих, география, т.б. пәндер бойынша өлкетануға арналған, этнографияға қатысты тақырыптарда пайдалануға болады. Және мұның өңір шежіресін танып-білуде өзіндік бағыт-бағдар беретініне сеніміз нық. Ғылыми-көпшілік үшін де мәні бар...
Жә, жақсы. Сөзімізді әзірге осы тұстан үзе тұрайық.




Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы.