Киіз үй жасау дәстүрі ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енді

249
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NJKrdaMwDtQn2mIOv0zsYN1wa18jwP4Jeo2suEUP.jpg

Фото: kazaknews.kz

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан (Қарақалпақстан) халықтарының киіз үй жасаудағы дәстүрлі білімдері мен шеберлігі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілді. Бұл шешім 10 желтоқсанда Нью-Делиде өтіп жатқан Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 20-сессиясында бірауыздан қабылданды, деп хабарлайды "Адырна".

ЮНЕСКО-ға жолданған номинацияда киіз үйдің тек баспана ғана емес, қырғыз, қазақ және қарақалпақ халықтарының ұлттық болмысын айқындайтын мәдени символ екені атап өтілді. Киіз үй жасау дәстүрі ғасырлар бойы шеберден шәкіртке беріліп, ұрпақ сабақтастығының маңызды бөлігіне айналған.

Бұл элемент алғаш рет 2014 жылы Қазақстан мен Қырғызстанның бастамасымен тізімге ұсынылған еді. Кейін Өзбекстан қарақалпақ киіз үйін қосу арқылы номинацияны кеңейту жөнінде бастама көтерді. Осылайша үш ел бірлескен түрде мәдени мұраны ЮНЕСКО деңгейінде қорғауға қол жеткізді.

Биыл комитет жалпы 68 номинацияны қарауда. Олардың қатарында Жапонияның дәстүрлі қолөнер қағазы, Үндістанның Дивали мерекесі, Мысырдың ұлттық тағамы – кошари және Швейцарияның йодль ән айту дәстүрі бар.

ЮНЕСКО мәліметінше, қазіргі таңда материалдық емес мәдени мұраның халықаралық тізімдерінде 153 елден 812 элемент бар.

Комментарии