Ұзақ жылғы ізденістен кейін, алғаш рет барша Тама руына ортақ шежіре «Тама шежіресі» кітабы жарық көрді. Бұған дейін өңірлерде, рудың бөлімдері мен тармақтары бойынша жекелей кітаптар шыққанымен, ортақ кітап жарық көрмеген болатын.
Осы жұмыстарды атқаруды сарысулық өлкетанушы, қаламгер, тарих зерттеушісі Нұрлан Сұлтанұлы Рахымжанов өз жауапкершілігіне алып, елдің аманатын арқалады. Жеті жылдың ішінде Қазақстанның барлық дерлік облыстары, Өзбекстан мен Ресейдің көптеген аумақтарын аралап шықты. Осы жолда мыңдаған елді мекендер мен сан мыңдаған адамдармен жолығып, мыңнан аса кітапты ақтарды, мыңдаған қолжазбалармен танысты.
Ертеден ауыз-екі шежірелерде қалыптасқан «Алты Ата Әліп, Жеті Ата Жөгі» ұғымын басқаша талдап, елдің жадынан шыққан Ата ұрпақтарын тауып, елдің назарына ұсынып отыр. Кешегі бүтін Түркі халқының замана ағымында бірнеше ұлысқа бөлініп, әртүрлі халыққа айналып кеткені әмбеге аян. Дегенмен, олардың арасына кіріп, түбегейлі сіңіп кеткен өз руластарын тауып, олардың тарихын сұрастырып, шежіресін жазып алып келуі ересен еңбек. Көшпелі өмірден бас тартып, отырықшылыққа ерте бой ұсынған ағайындарға қайта-қайта барып жүріп қолына түскен мәліметтерін саралап осы еңбекке енгізді.
Қазақ, өзбек, қарақалпақ, ноғай, құмық, қырым татары, добруджа татары, башқұрт, татар халықтары құрамына сіңген руластарын тапты. Олардың бірқатарының шежіре деректерін жалпы көпшілік назарына алғаш ұсынып отыр.
Ауызекі айтылып жүрген шежірелік деректер құлпытастармен, архив құжаттарымен, көне қолжазбалармен салыстырылып түзетілді. Бұл кітаптың артынан "Тамалар" атты энциклопедиялық анықтамалық дайындалуда.
Кітап 2000 данамен Алматы қаласындағы «AliPress» баспасынан жарық көрді.
«Тама шежіресі» жарық көрді
10.12.2025
475
Новости по теме
Комментарии