Кәмелетке толмаған сотталғандарға арналған жаңа мекеме ашылды

131
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bA9ZMSHHgz0EROT8Unjbq6KI2LDOkrpNjXTJeCDh.jpg

Алматы қаласында кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің жаңа мекемесі ресми түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов нысанға барып, мекеменің жұмыс қызметімен және жасөспірімдерге жасалған жағдайлармен танысты.

Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылған. Оған ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Алматы қаласы әкімдігі және жеке компания қатысқан. Мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбеген.

200 орынға есептелген мекемеде сотталғандармен жұмыс халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Жасөспірімдерге қауіпсіз әрі психологиялық тұрғыдан қолайлы жағдай жасалып, білім беру мен әлеуметтік бейімдеуге басымдық берілуде.

Сотталғандар BINOM мектебі мен колледжінде білім алып, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі, шаштараз өнері секілді сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Олармен педагогтер мен психологтар тұрақты жұмыс жүргізеді.

Мекеме аумағында кітапхана мен акт залы, асхана, медициналық пункт, футбол алаңы, баскетбол залы, workout-аймақ, оқу сыныптары және өндірістік шеберханалар бар.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов бұл нысанның ашылуы жасөспірімдерді қайта әлеуметтендіру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ профилактикалық жұмыстарға, отбасымен және білім беру мекемелерімен байланыс орнатуға басымдық берудің қажеттігін жеткізді.

Мұндай кешенді қолдау сотталғандардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Комментарии