Үш томдық «Қазақтың шешендік өнері» еңбегінің тұсауы кесілді

353
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fsYjf5vVNTWGFW7XlYUw1E3UyNb0NctxpUdnWxtg.jpg

Бүгін Алматыдағы М.Әуезов атындағы орталық кітапханада әдебиет зерттеуші, филология ғылымының кандидаты Мамай Қаниұлы Ахетовтің «Қазақтың шешендік өнері» атты үш томдық көлемді ғылыми еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақтың сөз өнерінің терең тамыры мен рухани арналарына бойлаған бұл еңбек – отандық гуманитарлық ғылымдағы елеулі жаңалықтардың бірі болды.

Салтанатты шараның шымылдығын Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, еңбектің мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ол кітапханаға Мұхтар Әуезов есімі берілгеннен бергі алғашқы тұсаукесердің дәл осы зерттеу еңбегіне бұйыруын символдық құбылыс деп бағалады.

– Мамай Ахетов – Әуезов мұрасын ұзақ жылдар бойы терең зерттеп келе жатқан зерделі ғалым. Үш томдық еңбекте қазақ шешендік өнерінің тарихы, генезисі, типологиясы мен поэтикасы кешенді түрде қарастырылған. Әлемдік риторика мен қазақ шешендік дәстүрін салыстыра отырып, халқымыздың сөз мәдениетінің тереңдігі мен тамырын ашып көрсеткен. Үш томдықта шешендік өнердің көне дәуірден бүгінге дейінгі сабақтастығы, Анахарсистен бастап Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалинге дейінгі тұлғалардың сөйлеу мәдениеті, Темірбек Жүргеновтің риторикалық шеберлігі, сондай-ақ әлемдік көшбасшылардың шешендік үлгілері терең талданған. Сондықтан бұл еңбек қазіргі басшылықтағы тұлғалардың да, жас зерттеушілердің де үстелінде тұруға тиіс, – деді Мереке Құлкенов. 

Ол сондай-ақ аталмыш үш томдықты «Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлыққа» ұсыну жөнінде ұсыныс білдірді.

Шара барысында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев, ғалым, сыншы, әдебиеттанушы Қансейіт Әбдезұлы, жыршы әрі фольклортанушы Берік Жүсіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары Қали Сәрсенбай, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек сынды зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, еңбектің ғылыми және рухани маңызын атап өтті.

Кеш соңын жазушы Қуандық Түменбай қорытындылап, еңбектің ұлттық руханиятқа қосылған зор үлес екенін атап өтті.

Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

Комментарии