Ағаларымның алдында қарыздармын – Мұхтар Құл-Мұхаммед

1580
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/m7rohuKLzO0oQm6cZeMoRkNC6CGkNQnDbuHCdsB5.jpg

Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында көрнекі мемлекет қайраткері, ғалым, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты эсселер кітабының таныстырылымы өтті.

Заманымыздың заңғар тұлғалары болған 15 қайраткер туралы бұл естелік-эсселер жинағы ғалым-жазушының соңғы 25 жылдағы алғашқы кітабы. «Атамұра» баспа корпорациясы шығарған кітаптың тұсаукесер рәсіміне зиялы қауым өкілдері, қаламдас достары мен әріптестері және оқырмандар қатысты.    

 «Бұл ағалар туралы інінің шешіле сыр шертуі, ұлт үшін ерекше еңбек еткен алдыңғы толқынның елеулі өкілдерінің өмірі мен еңбегін талдай отырып, беймәлім қырларын оқырманға шынайы жеткізуді көздеген деректі дүние». Жиынды жүргізген белгілі ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып осылай дей келе, кітаптың көп жылдар бойы жинақталған зерттеулерден, архивтерден алынған құнды мұрағаттан тұратынын айтты: «Мұнда біз білетін тұлғалардың тасада қалған қайраткерлік істері, бағаланбай қалған қайсарлығы түгенделе сипатталады. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, Мұхтар Абрарұлының кейіпкерлері өскелең ұрпақ үшін өнеге аларлық үлкен мектеп, жол көрсетер он бес шамшырақ».      

Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед – қалың жұртқа ең алдымен мемлекеттік лауазымды қызметтерімен жақсы таныс. Президенттің баспасөз хатшысы, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент кеңесшісі, Мәдениет министрі, Мемлекеттік хатшы, Қызылорда облысының әкімі, Парламент Сенатының депутаты және басқа үлкен қызметтер атқарған Мұхтар Абрарұлы осы жылдар ішінде қаламын қолынан тастаған емес. Ол – тарих және заң ғылымдарымен айналысып, іргелі зерттеулер жүргізген  көрнекті ғалым, Алаш қайраткерлерінің еңбегін ғылыми айналымға қосқан айтулы академик. Ғылым мен лауазымды қызметтерде жүріп, еліміздің маңдайалды тұлғаларымен етене араласқан, оларға лайықты іні бола білген қаламгердің көргені мен түйгені осы эсселерге арқау болған. Айта кетерлігі, естелік-эсселердің бірқатары кезінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланған.     

Жиын басында сөз алған Мұхтар Абрарұлы ХХІ ғасырдың алғашқы 25 жылындағы уақытын тұтастай мәдениет саласына және кітап басу ісіне арнағанын айтып, лауазымды қызметпен қатар үздіксіз жазумен  айналысқанына тоқталды. Жаңа кітаптың ерекшелігі: мұнда автордың өзі көрген, тығыз  араласқан, інісіндей болып жанында жүрген ел ағалары туралы сөз  қозғалады.    

 – Бұл кітап «Қазақ қандай халық?» деген сұраққа жауап береді. Қазақ – батыр халық, бұны біз Қасым Қайсенов пен Рахымжан Қошқарбаевтай ағаларымыздың ерлігінен танимыз. Қазақ – ғылым-білімге құмар халық. Бұны біз Шаһмардан Есенов, Манаш Қозыбаев ағаларымыздың еңбегінен көреміз. Қазақ – қайраткер халық. Бұны Салық Зиманов, Төрегелді Шармано, Камал Смайылов ағаларымыздың ісінен көреміз. Қазақ – текті халық, бұл  қасиет осы кітаптағы бүкіл тұлғаларымыздың бойында бар. Отаншылдық, патриотизм – шын мәнінде киелі ұғымдар. Отаны бар әр адам отаншыл болуы керек. Рахымжан ағамыздың әкесі репрессия құрбаны болса да, сол отанды қорғауға аттануы – нағыз отаншылдық, қазақтың қанында бар қасиет.  Бұл кітап – менің ағаларымның алдындағы інілік және азаматтық парызым. Мен олардың алдында қарыздармын, – деді өз сөзінде Мұхтар Абрарұлы.      

Автордың айтуынша, ол дәлел-дәйекке, фактіге сүйенбей жазуға отырмайды, жариялауға асықпайды. Бұл оның ғалымдық, зерттеушілік ұстанымы және «Қазақ энциклопедиясында» қызмет еткен жылдары бойына сіңген әдеті. Кітаптағы әрбір эсседе көпшілік біле бермейтін қызықты деректер, архив мағлұматтары кеңінен қамтылған. Мәселен, Рахымжан Қошқарбаев өзінің Рейхстагқа ту тіккен ерлігі туралы құжатты қолына ұстап көрместен өмірден өткен. Жалпы, Ұлы Отан соғысы туралы құжаттарда құпия грифі 2002 жылға дейін сақталыпты.   

«Мен архив құжаттары арқылы Рахымжан ағамның ерлігін минутына дейін анықтадым. Салық Зимановтың докторлық диссертациясын талқылау туралы құжатты Ярославль қаласының архивінен таптым. Фактісіз, дерексіз ешнәрсе жазбаймын» – деп, автор бұл эсселердің әр жылдары жазылғанын және өзінің осы жанрдағы еңбегі жалғасатынын айтты.  

«Менің ағаларым» – бұл академиктер Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Шаһмардан Есенов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Төрегелді Шарманов, профессорлар Темірбек Қожакеев пен Камал Смайылов, Халық Қаһармандары Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсенов, сәулетші Шот-Аман Уәлиханов, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, драматург Қалтай Мұхамеджанов туралы ыстық әсерлер мен тың деректер негізінде дүниеге келген кітап. Кітаптағы «Асылзада» эссесі – автордың қолына алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын қасиетті  «Құранды» үйреткен әкесі Абрар Әкетайұлына сиямен сомдаған ескерткіші.   

Тәлім-тағылымы мол жиында «Менің ағаларым» кітабының тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Ақұштап Бахтыгереева мен Кәдірбек Сегізбай, Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайберген атқарды.  

Бұдан кейін сөз алған қаламгерлер мен ғалымдар Мұхтар Абрарұлының жаңа кітабы мен шығармашылығына тоқталды. Филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жанғара  Дәдебаев кітаптың журналистика факультеті студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынылуы қажеттігін айтты. Халқымыздың аяулы ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева кітап авторына жылы лебізін білдіре келе, келешекте Мәншүк Мәметова және басқа батыр да қайраткер қыздар туралы осындай ауқымды дүние жазылса деген тілегін білдірді.    

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек:

«Мұхтардың ағаларымен аралас-құраластығы тамыры тереңге кеткен рухани сыйластық болатын. Ол жасының кішілігі мен биік лауазымына қарамай сол кісілерге үйірсек болды. Жалпы, Мұхтар Құл-Мұхаммед – сөздік қоры мол, ойы терең, жан-жақты ұлт интеллектуалы.  Ал оның мына жазған кітабы жай ғана тұлғатану емес, пассионарлық еңбек. Мысалы өз басым өмірде көзін көріп, сұхбаттасқан Салық Зимановты мүлдем жаңа қырынан таныдым. Өмірлік жолы, ғылымдағы еңбегі, азаматтық ұстанымы, ұлттық көзқарасы, қала берді мемлекетшілдігіне дейін қат-қабат деректермен ұштастырылған. Кітаптағы басқа материалдардың да саяси салмағы мен қоғамдық маңызы зор. Барлығынан да академиялық білім мен энциклопедиялық ыждаһаттылықтың нышанын анық көресіз. Әсілінде бұл ұлылардан қалған дәстүр, үлкен мектеп»

Жиында Мұхтар Абрарұлы өзінің көп томдық шығармалар жинағын әзірлеп жатқанын, оған Жақып Ақбаев туралы зерттеуі, «Орыс энциклопедияларындағы қазақ тарихы» атты монографиясы және басқа еңбектері енгізілетінін жеткізді. Көп жылдық зерттеулерге негізделген  «Алаш пен жапон арасы» атты жаңа кітап та оқырманға жол тартуға дайын.  

Сөз соңында автор іс-шара өткізілген Ұлттық кітапхана ұжымы мен басшылығына алғысын білдіріп, осы кітапхананың оқырманы болғанына 50 жылға таяғанын айтты. Ғалым кітаптарындағы кейбір деректер кітапхананың Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар бөлімінен  алынған. Осы  алғыстың белгісіндей, «Менің ағаларым» кітабы Алматыдағы көпшілік және ғылыми кітапханаларға 10 данадан таратылады.    

«Әр адамның күнгейі мен көлеңкесі болуы заңды. Мен бұл ағаларымды жақсы жағынан көрдім, оларға жақсы жағынан қарадым».  Елге қызметпен қатар, ой еңбегінен қол үзбеген Мұхтар Абрарұлының бұл сөзі тағылымды іс-шараның түйіні іспетті. Қазақтың қайраткер тұлғаларының  адамдық бейнесі жарқырай ашылған жылы да көркем, терең ойлы эсселердің оқырманға берері көп. Осылайша, қазақ тұлғатануына тағы бір қомақты еңбек қосылды.    

Комментарии