Атыраудың Балауса шағынауданындағы бір көшеге ҚР таеквондо (WT) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің есімі берілді. Салтанатты шара аясында оған арналған ескерткіш тақта да орнатылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Көшенің ашылу рәсіміне Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік пен інісі Өмер Тайжы арнайы келді. Сонымен қатар спорт ұйымдарының басшылары, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар және қала тұрғындары жиналды.
«Тарихи отанымызға қайта келгенімізге қуаныштымыз. Ағамның аты берілген көшені ашуға атсалысқан баршаңызға алғыс айтамын. Каспий маңы тұрғындарына көрсеткен құрметтеріңіз үшін ризашылық білдіремін», - деді Өмер Тайжы.
Мұстафа Өзтүрік - таеквондодан 6 данды иеленген алғашқы қазақ және таеквондодан 6 дүркін әлем чемпионы. Ол Түркияның Стамбул қаласы мен Германияның Кельн, Мюнхен қалаларында таеквондо мектебін ашып, Германияда арнайы қарулы күштер мен полицейлерді жауынгерлік өнерге баулыған.
Мұстафа Өзтүрік таеквондодан жаттықтыратын Түркия құрамасы 1980 жылы әлем чемпионатында екінші орын алып, сенсация жасады. Ал 1990 жылдың көктемінде сол кездегі комсомол хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың шақыруымен атажұртқа оралған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыда спорт мектебін ашты.
Бұған дейін, 2000 жылы, Алматыдағы бір көшеге де Мұстафа Өзтүріктің есімі берілген еді. Ал 2004 жылы оның 50 жылдық мерейтойы аясында Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында ұлы спортшыға арналған ескерткіш орнатылған.
Айта кетсек, кеше, 23 қараша Мұстафа Өзтүріктің дүниеге келген күні.