Жоқ АЭС-ке әзірге бар Балқаштың атауы берілді. Авторы – 882 азамат!

1214
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6BS6iPLWA4l2XAdR0BTOJ4QtTIXhGziiDDjsMjbl.jpg

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша жалпыұлттық конкурс өз мәресіне жетті, деп хабарлайды "Адырна".

Байқау 2025 жылғы 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өтті.

Конкурс комиссиясының қорытынды отырысының нәтижесінде ең көп ұсыныс жинаған «Балқаш атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылды. Таңдалған атау атом электр станцияларын географиялық белгі бойынша атау жөніндегі халықаралық тәжірибеге де сай келеді.

Конкурсқа 16 жастан асқан 27 157 қазақстандық қатысты. Әрбір қатысушы бір ғана атау нұсқасын ұсына алды.

Барлық ұсыныстардың ішінен 10 460 бірегей нұсқа іріктелді. Өңдеу барысында кириллица, латын графикасы және синонимдік сөздер ескерілді.

Комиссия отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш атом электр станциясы» атауын 882 азамат ұсынған және ол ең жоғары рейтингке ие болып, конкурс жеңімпазы атанды.

Сонымен қатар, Конкурс комиссиясы ресми атаудың орыс және ағылшын тіліндегі нұсқаларын бекітті:

  • Атомная электростанция «Балхаш»;
  •  Balkhash Nuclear Power Plant.

Қазақстанда АЭС құрылысы үшін 2024 жылы 6 қазанда рефрендум өткізілді. Онда дауыс бергендердің 71 пайыздан астамы құрылысты қолдаған. Алайда сол кезде дауыс берушілерге, жалпы қоғамға Қазақстанда неше АЭС салынатыны айтылмаған. Кейін елде 3 бірдей АЭС салынатыны белгілі болды. Оның алғашқысына Ресей қатысса, екіншісінің құрылысына Қытай компаниясының ат салысатыны айтылады. Алғашқы АЭС шамамен Балқаш көлінің жағасындағы совет кезінде ГЭС салынады деген тұсқа салынатын болды. 

Комментарии