«Өсім жоғары, бірақ халық табысы неге төмендеп жатыр?» — Ұлттық банк басшысы сауалға жауап берді

802
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CcDuWA2x6yHJhJvEj3I8LHrswEM2sKsCqMLmRxSq.jpg

Алматыда өткен XIII Қаржыгерлер конгрессінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов экономикадағы жоғары өсім кезінде халық табысының неге төмендеп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сессияның модераторы, Ұлттық банктың экс-басшысы Ораз Жандосов Қазақстандағы жағдайдың қайшылықты екенін атап өтті. III тоқсанда экономика 6,5% өсім көрсеткенімен, нақты жалақы бір жылда 2%-ға төмендеген. Сонымен қатар, қазан айында инфляция 12,6%-ға жетіп, жоғары деңгейде қалып отыр.

Жандосовтың «Өсімді жоғалтпай, халық табысын арттырып, инфляцияны 7–8% деңгейіне қалай түсіреміз?» деген сұрағына жауап берген Тимур Сүлейменов негізгі қиындық инфляция екенін айтты.

«Экономика 6,5% өссе де, нақты табыс шамамен нөлге жақын немесе аздап минусқа түскен. Себебі инфляция өте жоғары. Бұл — басты сын-қатер», – деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, COVID және пост-COVID кезеңінде кеңейген бюджеттік-салықтық саясат кейінгі жылдары да экспансиялық сипатта қалып қойған. Үкімет Нацфондтан көбірек қаражат пайдаланған, бюджет тапшылығы да жоғары болған.

Оның пікірінше, алдағы салық және бюджеттік реформалар инфляцияны айтарлықтай төмендететін болады. Болжам бойынша, бюджет тапшылығы 2,5–2,7%-дан 0,9%-ға дейін қысқарады.

Сүлейменов сөзін аяқтаған соң, Ораз Жандосов Қырғызстан экономикасының соңғы жылдары 10% тұрақты өсім көрсеткенін, халық табысы да өсіп жатқанын атап өтті.

«Біз Қырғызстаннан алда жүрміз деген пікір бар. Бірақ шын мәнінде, олай емес. Тарихи тұрғыда да олар кей қадамдарды бізден бұрын жасаған. Қазір де экономикасы белсенді өсіп келеді», — деді ол.

Конгресс барысында Тимур Сүлейменов Қазақстанда бағалы қағаздар нарығында ауқымды реформалар жүргізілетінін де мәлімдеді.

Комментарии