Сенатта концерт кезінде фонограмма қолдануға тыйым салу ұсынылды

824
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7yiQED0VOyjlou6QhpV5v3oSUAU0jI4T2JPK4fEq.webp

Сенатта концерттер өткізу тәртібіне қатысты жаңа өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ұсынылған түзетулерге сәйкес, енді 200-ден астам көрермені бар концерттерде фонограмма қолдануға тыйым салынуы мүмкін.

Жаңа талап бойынша, ұйымдастырушы немесе әртіс бұл тыйымды бұзған жағдайда 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, яғни шамамен 3 миллион 932 мың теңге айыппұл төлейді. Бұл норма «Мәдениет туралы» заңға енгізілетін жаңа толықтырулардың бірі болмақ.

Талқылау барысында сенатор Советбек Медебаев заң жобасындағы кейбір қайшылықтарға назар аударды.

«Қолданыстағы заңда көрерменді фонограмма қолданатыны туралы алдын ала хабарлау міндеті ғана бар. Ал жаңа түзету тікелей тыйым салуды көздейді. Бұл екі норма арасында қайшылық болмай ма?» – деді сенатор.

Мәдениет және спорт вице-министрі Айбек Сыдықов жаңа талаптың Үкімет деңгейінде жан-жақты қаралғанын атап өтті.

«Фонограмма қолдануға байланысты жауапкершілік енгізу нормасы Әкімшілік кодекске енгізілді. Енді фонограмманы пайдаланғандарға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл талаптың орындалуын жергілікті атқарушы органдар бақылайды», – деді ол.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасында әлі де нақтылануы тиіс тұстар бар екенін айтты.

«Шынында да, кейбір нормалар арасында қайшылықтар бар екенін біздің заңгерлер де атап отыр. Сондықтан бұл мәселені нақтылау қажет», – деді ол.

Вице-министр Айбек Сыдықов толық тыйым барлық мәдени іс-шараларға емес, тек көпшілік қатысатын концерттерге қатысты болатынын түсіндірді.

«Фонограмма тек концерттерде ғана емес, театр мен цирк сияқты мәдени мекемелерде де қолданылады. Сондықтан жаңа талап тек концерттік, көпшілік қатысатын шараларға қатысты болады», – деді Сыдықов.

Егер түзету күшіне енсе, Қазақстанда 200-ден астам көрермені бар концерттерде фонограмма қолдануға толық тыйым салынады.

Комментарии