Танымал дәрігерді өлтіріп, денесін мұздатқышқа тығып қойған мейіргер сотталды

2370
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dmAU0xWD1mEIajrT2OhHrYaZuWzzOlzlhhnSQfrO.jpg

Ақтөбеде танымал дәрігер Абай Айсағалиевті өлтіріп, денесін мұздатқышқа тығып қойған мейіргерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Істі бүгін, 22 қазанда Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады.

«Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 8-тармағы бойынша 16 жыл, 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша 4 жыл 8 ай, түпкілікті 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Абай Айсағалиевтің атынан берілген азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылсын. Сотталушы Нұрсұлтан Шаймерденовтен  2 837 321 теңге, заңды өкілінің шығыны ретінде 3 млн теңге, моральдық шығын 10 миллион теңге өндірілсін. Заттай айғақтар Айсағалиевтің иелігіне берілсін. 4 480 050 теңге, 50 еуро Айсағалиевке, сонымен бірге сағат, алтын бұйымдар Айсағалиевке берілсін»,— деді судья  Жәнібек Сейітжапаров.

Іс алқа билердің қатысуымен қаралды. Үкімді тыңдауға марқұмның жақындары да келді. Ал сотталушының жағынан ешкім қатыспады.

Еске салайық, қылмыстық оқиға 24 мамыр күні болған еді. Айыпталушы дәрігерді бірнеше рет пышақтап, балтамен ұрған. Кейін мәйітін тоңазытқышқа тығып қойған. Сот мәліметінше, ер адам алдын-ала сатып алған масканы киіп, дәрігердің есеп шотынан 5 млн теңге, үйінен 1,9 млн теңгеге тең бағалы заттарын тонап кеткен.

Комментарии