Медицина қайраткерінің құрметіне ерекше аудитория ашылды

1212
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JRbnb9T5H733N8hmRpa62VXt7OYawPEbHdI3uEBF.jpg

Қазақ медицинасындағы көрнекті тұлға, академик Төрегелді Шармановтың 95 жылдығына орай С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ғалымның аты берілген ерекше аудитория мен даңқ залы ашылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Жаңартылған акт залында ашылған Төрегелді Шармановтың даңқ залында республикалық және халықаралық деңгейдегі конференциялар, форумдар мен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Салтанатты шара аясында Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық марапат та табысталды. Биылғы марапат иегері — медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Құлжанов. Ол мінберге баяндама жасау үшін шыққанда, сыйлық күтпеген жерден табыс етілді.

«Еңбегімнің жоғары бағаланғанына ризамын. Бұл - мен үшін үлкен мәртебе», — деді профессор марапат алу сәтінде.

Мақсұт Құлжанов — ұзақ жылдар бойы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атқарушы комитетінің мүшесі болып, бейинфекциялық аурулардың экономикаға әсері мен жаһандық денсаулық сақтау мәселелерін зерттеген белгілі ғалым.

Айта кетейік, Төрегелді Шарманов — 1978 жылы Алматыда өткен ДДСҰ конференциясында қабылданған әйгілі Алматы декларациясының бастамашысы, әрі қазақстандық медицинаны халықаралық деңгейге көтерген тұлға.

19 қазанда Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті ғалым Төрегелді Шармановтың туғанына 95 жыл толғанын хабарлаған едік.

Комментарии