Қазақ мюзиклінің Ромеосы

1343
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mwrNGYOKPD3xzLERGbf3uHPpIH6klqf8p247nsYE.jpg

Актер болу – тек жатталған мәтінді айту ғана емес, бұл – терең эмоцияны жеткізе білу, кейіпкердің ішкі жан дүниесін көрсету, көрерменге сендіре білу өнері. Осы қасиетті Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының дарынды актері Саламат Мұқашев жақсы түсінетінін, оның рөлдері, актерлік шеберліктері арқылы байқаймыз. Келген көрермен Саламаттың ойынына тәнті болатыны сөзсіз. Сан қырлы актердің өнердегі қадамы, жолы театр сүйер қауымды әрдайым  қызықтырады.

Саламат Мұқашев-колледжді тәмамдағанан кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына «музыкалық театр актері» мамандығына оқуға түседі. Студенттік шағында жаңашыл режиссер Болат Атабаев Саламаттың ән салғанына риза болатын. Академияны тәмамдағанан кейін бір топ «Жүргенов түлектерімен» Ақтөбе қаласына жол тартып, сондағы Т.Ахтанов атындағы облыстық қазақ драма театрына актер болып қабылданады. Ақтөбе өлкесіндегі тұңғыш рөлі М.Баджиевтің «Махаббат жағалауы» драмасындағы-Әзиз болатын.

Саламат-Т.Ахтанов театрында бірнеше бейнелерді нұсқалайды. Көптеген облыстық шараларды жүргізеді. 2016 жылы Ақтөбе қаласында «Балауса» халықаралық театрлар фестивалі өтеді. Өнер додасының жүргізушісі Саламат Мұқашев болады. Ал қазылар алқасының төрағасы ретінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, өнердегі әкесі Асхат Максимұлы Маемиров келді. Ұлағатты ұстаздың бұл сапары шәкірт Саламат үшін берекелі атанып, Асхат Максимұлы Саламатты Астана қаласына жаңадан ашылғалы жатқан «Astana Musical» театрына негізін қаласуға шақырады. Саламат тәуекелге бел буып, Астана қаласына жас театрдың шаңырағын көтерісуге келеді. Саламаттың «Astana Musical» театрынның алғашқы қойылымынан-ақ, жұлдызы жанды.

Ә.Бағдаттың «Достар серті» мюзиклінде басты кейіпкер Жұматайды бейнелейді. Жұматай-өнерді жаны сүйетін, ауылдан келген қарапайым бала. Жұматай Әсемге ғашық. Оны шын сүйіп қалды. Әсемге сезімінің білдіргісі келеді. Бірақ, ауыл баласы болғандықтан, бойында аздап ұяңдық бар. Білдіруге әрекет еткенде жан досы Әсем екеуінің үйленетінін айтады. Әрине, Жұматай-Саламат алғашқыда қызғаныш сезімін ойыны арқылы байқатады. Бірақ, өзі орындаған «Той жыры» әнінде махаббаттан достықты биік қойған Жұматайды көреміз. Саламат кейіпкерін осындай мінез-құлықта кейіптейді.

Саламат Мұқашев 2017 жылы «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясының иегері.

Саламаттың оң жамбасына келген, тек қана қазақ халқын ғана емес, француз көрермен таңқалдырған Ж.Пресгювниктің «Ромео-Джульетта» мюзикліндегі Ромео екенін  көрген көз жұртшылық жақсы біледі. Актер Саламат нұсқалауындағы Ромео-жүрегі аппақ парақтай таза, жанарында еш арамдығы  жоқ кейіпкер.

Осы арқылы Саламат махаббаттың тазалығын, шын ғашық адамның болмысын таныта білді. Қазақ театрында Ромео бейнесін мюзикл жанрында тұңғыш нұсқалаған Саламат Мұқашев болды. Елордалық өнер сүйер қауымның  Ә.Бағдаттың «Ер Төстік» мюзиклі есіңде болар, аталған туынды да, Саламат басты кейіпкер  батыр Ер Төстікті ойнады.

«Astana Musical» театрымен Саламат Париж, Канны, Броссель, Вена қалаларында өнер көрсетіп, қазақ елінің абыройын асқақтатты. Саламат Мұқашев бүгінгі таңда Астана музыкалық жас көрермендер театрының белді актері, негізін салушылардың бірі.

Саламаттың әр кейіпкері өзінше ерекше. Атап айтар болсақ, М.Әуезов пен М.Әбілдің «Абай-Тоғжан» драмасындағы Ербол-ақынның серігі, Абайдың кеңесшісі, қолдаушысы. Абайдың бақытты болуына тілекші, тілеулес жанның бірі. Саламат осыны ұғындырады. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібек» этно-фолклорлық мюзикліндегі Төлеген-лирикалық, ғашығын шын сүйген кіршіксіз кейіпкер. Ал Саламаттың актерлік шеберлігінің екінші қырын ашатын Шәмші болса, халқың сүйген, халқы сүйген композитор ретінде көрінеді. Е.Аманшаевтің «Шәкірім» драмасындағы Қарасартов Саламаттың актерлік деңгейінің шыңы болды. Билік құрбаны болған, жоғары басшылардың тапсырмасын орындаймын деп Шәкәрімді құрбан еткен, Абзал Қарасартов өмір бойы ел алдында ақталумен өткен кейіпкер. Оның ойында, санасында өзін кінәлі сезінген үлкен таңба тұрды. Саламат-Қарасартов жүрегінде адвокат пен прокурор қатар жатып, жан-жағынан ар-ұяты қысқан адам. Саламат аталмыш образын осылай ақтап алады.

Аталған кейіпкерлерден бөлек театр репертуарында: Д.Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасында Әскербек, М.Омарованың «Шанель 5» деректі драмасында Темірбек Жүргенов рөлдерін сомдауда. «Абай» телеарнасында «Жәдігер» бағдарламасын жүргізіп, ұлтымыздың асыл мұраларын халыққа кеңінен танытты. КСРО халық артисі С.Майқанова: «Іштен танып, іштен біліп, тынып көрмеген актерді, актер деп табу неғайбыл» дейді. Шынымен де, Саламат сахнада ішкі жан-дүниеге, ішкі болмысқа мән беретін актер. Саламаттың ойынында сыртқы келбет пен ішкі ой астасып жатады. Бұл нағыз актер үшін маңызды құбылыс. Салмақты болмысымен, ұтымды рөлдерімен көрермендер жүрегіне жол тапқан Саламаттың еліне берері әлі алда! 

Бахтияр Тұрсын
Театртанушы

Комментарии
Другие материалы