Еуропалық Одақ Ресейдің Украинаға қарсы қылмыстары үшін Путинді соттайтын арнайы трибуналды қаржыландыруға алғашқы 10 миллион еуро қаражат бөлді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы Киевке сапары барысында ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас хабарлады.
Оның айтуынша, бөлінген қаржы трибунал жұмысына және қылмыс жасағандарды жазалауға бағытталады.
«Ресейдің Украинадағы соғыс қылмыстары анық. Егер мұндай әрекеттер жазасыз қалса, жаңа жауыздықтарға жол ашылады», – деді Каллас.
Сонымен қатар, Еуроодақ Украинаға қосымша 6 миллион еуро бөледі. Бұл қаражат Ресей алып кеткен балалар мен соғыс кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған құрбандарды қолдауға жұмсалмақ.
Арнайы трибунал құру туралы келісім 25 маусымда Страсбургте Еуропа кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің қол қоюымен бекітілген. Тергеу 2014 жылдан бергі оқиғаларды қамтиды.
Алайда халықаралық құқыққа сәйкес, трибунал Ресей президенті Владимир Путинді тергей алғанымен, оны соттай алмайды. Себебі мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды тұлғалар жеке иммунитетке ие.
Мәскеу бұл бастаманы мойындамай отыр. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ЕО-ның трибунал құру жоспарына қатысты: «Біз бұл бастамаға ешқандай реакция білдірмейміз», – деген.
Ал Ресей Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Александр Венедиктов арнайы трибуналды «еуропалық халықтың ақшасын иемденудің тағы бір амалы» деп атады.
Сайрамской вспомогательной школе-интернату присвоено звание «Сайрамская вспомогательная школа-интернат-колледж»