Тоқаев пен Маттарелла бір-біріне жоғары мемлекеттік награда табыстады

843
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/V88QIM4u0MHShLaR8z7VnLMeb5Xk1ObRWwNCfcpA.jpg

29 қыркүйек күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президенті Серджо Маттарелланы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы италиялық әріптесінің елінде және халықаралық деңгейде зор беделге ие саяси қайраткер екенін атап өтті.

Сондай-ақ Италияның экономика, инновациялық технологиялар, экология және «жасыл» энергетика саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, Серджо Маттарелланың қазақ-италия байланыстарын тереңдетуге қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін табыс етті.

– Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат біздің Республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы, – деді Италия президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жоғары марапатты зор мәртебе деп атап, Серджо Маттареллаға ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, бүгін Астанаға Италия президенті Серджо Маттарелла ресми сапармен келді. 

Комментарии