Ауыс-түйіс “әдеттегі кадрлық ротация” деп аталды

1220
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2W3Mj8wWl7dgoffnhncQBSKjujH1LgwEewdTMWSI.jpg

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай кадрлық өзгерістерге байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту», – деді ол.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгілеген.

«Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады», – деп атап өтті Руслан Желдібай.

Сондай-ақ ол Жасұлан Мәдиевтің жаңа қызметіне тоқталды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Жасұлан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ведомство басшысы Жолдауда айтылған Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады. Президент министрге стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға қатысты бағыт-бағдар берді», – деді баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар, Руслан Желдібай Оқу-ағарту министрлігіндегі өзгеріске де түсініктеме берді.

«Премьер-министрдің келісімі бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованы Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі», – деді ол.

Комментарии