Қыркүйектің 26-сы күні Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығында көрнекті ағартушы, ойшыл, ақын, жазушы Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына орай «Ұлттық рухты нығайтқан сөз шебері: Ғұмар Қараштың мәдени-тарихи келбеті» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ауқымды шараны Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Батыс Қазақстан инновациялық–технологиялық университеті бірлесе ұйымдастырды.
Ғылыми конференция барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі ғалымдар, әдебиеттанушылар, тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, Ғұмар Қараштың шығармашылық, ағартушылық және қоғамдық қызметін жан-жақты талқылады. Шараны БҚИТУ-дың филология ғылымдарының кандидаты Махамбет Сабыр ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде ХХ ғасыр басындағы қазақ руханияты мен әдебиетінде ерекше орны бар тұлғаның өмірі мен еңбегіне шолу жасады.
Ғұмар Қараш – сан қырлы дара тұлға
Ғұмар Қараш – Алаш қозғалысының идеяларын қолдап, қазақтың ұлттық санасын оятуға бар күшін жұмсаған ірі қайраткер. Ол – ұстаз, ақын, публицист, ойшыл ғана емес, қазақ баспасөзінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, қоғам қайраткері ретінде де тарихта өшпес із қалдырған тұлға. Конференцияда осы қырлары кеңінен сөз болды.
Алматы, Астана, Қызылорда қалаларынан арнайы шақырылған тарихшылар мен әдебиет зерттеушілері Ғұмар Қараштың ағартушылық қызметі мен шығармаларындағы ұлттық идеяның көрінісі, қоғамдық көзқарасы, тілдік-көркемдік ерекшеліктері туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Зерттеушілер оның өлеңдері мен публицистикалық еңбектерінен ұлттық рухты, азаттық пен білімге үндейтін идеяларды терең талдап көрсетті.
Марапат пен құрмет – еңбегіне лайық
Конференция аясында Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов сөз сөйлеп, Ғұмар Қараштың мерейтойына орай өңірде өткізілген ауқымды мәдени-танымдық іс-шаралар легі туралы баяндады. Сонымен қатар, ол осы айтулы датаға арнайы дайындалған төсбелгілер мен мерекелік медальдарды конференцияға қатысқан ғалымдар мен әдебиет өкілдеріне салтанатты түрде табыстады.

Бұл құрмет – ғұлама ғалымның еңбегін ұлықтап, оның мұрасын зерттеп, насихаттап жүрген азаматтарға көрсетілген зор алғыс пен танымның белгісі.
Ғұмырлық мұра – ұрпаққа өнеге
Ғұмар Қараштың еңбектері – тек тарихи құндылық емес, бүгінгі күннің де рухани сұранысына жауап беретін, жастарға бағыт-бағдар беретін асыл мұра. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі – ұлттық болмысымызды, тіліміз бен дінімізді, ділімізді сақтап қалуға қызмет еткен өмірлік өнеге.
Конференция соңында қатысушылар ел руханиятының дамуына зор үлес қосқан Ғұмар Қараштың есімін ұлықтау, оның еңбектерін болашақ ұрпаққа кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.
В Шымкенте прошла первая глобальная цифровая конференция Центральной Азии — Global Tech Wave Central Asia