Украина Кремльді зымыранмен төмпештеуге дайын – Зеленский

1384
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HmlpohrrJ8jCsL86UQHbK1P4cx6pdBEGWgoMY8x9.webp

25 қыркүйек күні жарияланған Axios басылымына берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский Ресей соғысты тоқтатпаған жағдайда, Кремльдегі шенеуніктерге бомбадан қорғайтын пана қажет болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна».

Оның айтуынша, Украина АҚШ-тың президенті Дональд Трамптан Ресей аумағындағы маңызды нысандарға соққы бере алатын арнайы зымырандарды сұраған. Зеленский бұл зымырандардың көмегімен жасалатын соққылар Ресей президенті Владимир Путинді келіссөздерге келуге итермелеуі мүмкін деп санайды.

"Егер олар соғысты тоқтатпаса, бомбадан қорғанатын пана керек болады", – деді Зеленский Кремль мен өзге де ресейлік билік орталықтарына жасалуы мүмкін соққылар туралы пікір білдіріп.

Алайда Украина президенті бейбіт тұрғындарға шабуыл жасамайтынын нақтылады.

"Біз Ресейдің бейбіт тұрғындарына шабуыл жасамаймыз. Себебі біз террорист емеспіз", – деді ол.

Сұхбат барысында Владимир Зеленский Трамптың Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымы мен қару шығаратын зауыттарына соққы жасау мүмкіндігін қолдағанын айтты.

"Егер олар біздің энергия нысандарымызға шабуыл жасаса, Трамп олардың инфрақұрылымына жауап ретінде соққы беруге қолдау көрсетеді", – деді Зеленский.

Оның айтуынша, Украина қазіргі таңда Ресейдің ішкі аймақтарындағы нысандарға соққы бере алатын дрондарға ие. Сонымен қатар, Зеленский АҚШ-тан сұралып жатқан жаңа қару түрін нақты атамаса да, оның Путинге қосымша қысым жасауға септігін тигізетінін атап өтті.

Бұған дейін украиналық дрондар арқылы Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарының шамамен 17 пайызы істен шығарылған. Бұл жағдай Ресейде:

  • бензин бағасының өсуіне,
  • ондаған аймақта жанармай тапшылығына,
  • дизель отыны экспортының төмендеуіне алып келген.

2025 жылдың 23 қыркүйегінде Дональд Трамп Украина Еуропалық Одақтың көмегімен Ресей оккупациялап алған барлық аумақтарды қайтарып ала алады деген мәлімдеме жасаған болатын.

Комментарии