Қытай жобасы тарихты таптап өте ме? Түркістандық археологтар дабыл қақты

3489
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6HZhIBHjmejNHjnX7JyQn9z2MeB6sQnIwssWEdz3.webp

Былтыр Түркістан облысында қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co.,Ltd» компаниясының қатысуымен мақта шаруашылығын өркендетуге бағытталған ірі инвестициялық жоба қолға алынған болатын. Алайда жобаның жүзеге асуы барысында ондаған тарихи-мәдени ескерткіш қалпына келместей жойылған. Бұл жағдайға алаңдаған ғалымдар мен археологтар арнайы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі orda.kz-ке сілтеме жасап.

Мақта кластері аумаққа 200 млрд АҚШ доллар болатын инвестиция әкеледі деп жоспарланған. Жоспар бойынша он зауыт салынуы тиіс еді. Оның ішінде егістік алқаптарының жанынан төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару жүйесін шығаратын екі кәсіпорын, тігін және бояу-бөлу цехтарын қамтитын төрт тоқыма фабрикасы бар. Жоба іске асса, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, оның ішінде 3 мыңы тұрақты болады деген болжам айтылған.

Инвесторларға Отырар ауданы мен Арыс қаласы әкімдігі аумағынан тарихи мұрамен, ескерткіштерге толы 60 гектар жер бөлінген. Оператор болып ӘКК «Түркістан» тіркелген. Жер иелері – Қазақстандық компаниялар. 

Бұрынғы жайылымдық алқаптардың мақсаты өзгертіліп, суармалы жерлерге айналуына байланысты, көрсетілген аумақта ҚР заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени сараптама жүргізілуі керек еді, алайда ол жүргізілмеген.

«Жұмыстарға жетекшілік еткен қытайлық маманға аталған аумақтағы орналасқан ескерткіштердің картасын және ҚР заңнамасын көрсеттім. Ол сараптама жүргізуге уәде берді, бірақ белгісіз себептермен іс алға жылжымады. Жерге орналастыру жұмыстары 2024 жылдың көктемінде тарихи-мәдени сараптамасыз басталды. Біз облыстық прокуратураға арыз жазғаннан кейін, сараптама жасады», — дейді Серік Ақылбек.

22–30 қазан аралығында «Archeo-service» компаниясы жүргізген тарихи-мәдени сараптама барысында 20 тарих және мәдениет нысана анықталды. Барлығы археологиялық ескерткіштер санатына жатады. Сараптама нәтижесінде жерді мақта өндірісіне игеру барысында ескерткіштердің бастапқы бейнесі жоғалғаны, кейбірінің жойылу алдында тұрғаны анықталды.

«Анықталған 20 ескерткіштің 11 ескерткіші жойылды. Археологиялық ескерткіштерді қирататын жерге орналастыру жұмыстарын тоқтату талабы ескерілмеді. Жүргізілген жұмыстарды тоқтатуды талап етсек те, көз алдымызда тағы бір ескерткішті сүріп, жойып тастады. Сараптамадан кейін айтылған ескертуді де елеген жоқ», — дейді археолог.

Кейін «Ауыл» фракциясындағы Парламент депутаттарының араласып «Түркістан» ӘКК мен Отырар ауданы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен қоғамдық жиын өтті. Нәтижесінде ескерткіштерді құтқару, археологиялық жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Алайда меншік иесі қоғамдық тыңдау қаулысын елемей отыр. Бүгінде 20 ескерткіштің 3 ескерткіші ғана қалды.

«Былтыр 46 гектар болса, биыл жер ұлғайып 60 гектар болды. Қалған 20 гектар жерде сараптама жүргізілмеді. Кеше ғана Серкектөбе деген ескерткішті сүріп тастады. Ол ескерткіште «ҚР мемлекетінің қарауында» деген тақта бар. Бұл мұраны қасақана жою»

 деп атап өтті Серік Ақылбек.

Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, археолог Ералы Ақымбек мәдени мұраның сақталуын заң тұрғысынан баяндап берді.

«Жер иелері тарихи ескерткіштерді жасырып, тез арада жоюға тырысады. Себебі олардың басты қорқынышы – ескерткіш табылса, жер мемлекетке қайтарылады деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, ҚР заңнамасына сәйкес, ескерткіш табылған жағдайда жер тартып алынбайды. Оны ғылыми тұрғыда зерттеп, қорғау ғана қажет», – дейді Ералы Ақымбек.

Сондай-ақ, археолог мәселе заңның әлсіздігінде емес, оның орындалуында екенін атап өтті. Яғни, Ералы Ақымбектің айтуынша, заңнамада жер учаскесін беру алдында ол аумақ міндетті түрде тексеріліп, зерттелуі тиіс деп көрсетілген.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы Таңбалытас ауылына да қытайлық инвестор ауыз салған еді. Бұл ауыл — мыңдаған жылдық тарихы бар ерекше петроглифтерге толы орын. Алайда дәл осы аймақта қытайлық инвестор 18 миллиард теңгеге жаңа цемент зауытын салуды жоспарлап отыр.

Комментарии