Әскердегі әлімжеттік пе? Маңғыстауда үш сарбаз психикалық орталықта ем алып жатыр

1440
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TPk7nCINuFIIGe1NEFwvGCI7PRAgj50Lcs94IB2c.webp

Маңғыстау облысында 18 жастағы сарбаз Сұлтан Шынтеміров әскердегі әлімжеттіктің салдарынан психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Информбюроға" сілтеп.

“Информбюро” хабарлауынша, жігіттің туыстары оның бірнеше рет өзіне қол салмақ болғанын айтып, әскери бөлім басшылығын істі жасыруға тырысты деп айыптап отыр. 

Сарбаздың анасы Лаура Шынтемірованың айтуынша, ұлын сәуір айында әскерге көшеден алып кеткен. Содан бері ол ұлының ауыр жағдайда екенін кейінгі кезге дейін білмей келген. Әскери бөлім өкілдері алғашында сарбаздың жүрегі мен бүйрегі сыр берді деп түсіндірген, алайда кейін баласының психикалық орталыққа түскенін басқа ата-аналардан естіп білген.

«Өз баламды танымай қалдым. Қолына жарақат салып, өзіне қол жұмсамақ болған. Әскерде ұрып-соғып, қара жұмысқа салғанын айтты. Құрылысқа жұмсап, біреудің үйінде кірпіш құйғызған. 99116 әскери бөлімінің толық құрамын тексерсін», – дейді сарбаздың анасы.

Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқановтың сөзінше, Шынтеміровтің білектерінде жарақат іздері болған.

«Бұл – өзіне қол салу белгілері. Оған психолог пен психотерапевт мамандардың көмегі көрсетілуде. Қазір орталықта тағы екі сарбаз ем алып жатыр», – деді ол.

Қорғаныс министрлігі арнайы комиссия құрып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаздың жұмбақ жағдайда қаза тапқаны хабарланған болатын.

Комментарии