Киевтегі алаяқтардан қазақстандықтардың дерек қоры табылды

1665
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/10/tehnologiya-unnamed.jpg

Киевте Қазақстан мен Украина полициясының бірлескен арнайы операциясы барысында deepfake технологиясын қолданған ірі алаяқтық call-орталығы ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қылмыстық топтың мүшелері өздерін адвокат немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырып, Қазақстан, Еуроодақ және ТМД елдерінің азаматтарына қоңырау шалған. Олар жалған инвестициялық платформаларға алданып қалған жәбірленушілерге қаржысын қайтарып береміз деген уәде беріп, «сот алымдары» мен «комиссиялар» сынды төлемдерді талап еткен. Кей жағдайларда тіпті азаматтарды несие алуға да итермелеген.

Сенім ұялату үшін алаяқтар deepfake технологиясын қолданып, жалған бейнеқоңыраулар мен құжаттарды көрсеткен.

Тергеу деректеріне сәйкес, зардап шеккендердің саны 4,5 мыңнан асқан. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Келтірілген шығын көлемі 4 миллион АҚШ долларынан асып кеткен.

Call-орталық шамамен 30 адамнан тұрған. Ұйым нақты иерархия бойынша жұмыс істеген. Түскен қаражат Киевтегі элиталық жылжымайтын мүлікке, жер телімдеріне және қымбат көліктерге жұмсалған. Әрбір оператор заңсыз алынған ақшаның белгілі бір пайызын сыйақы ретінде алып отырған.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде 11 мекенжай бойынша тінту жүргізіліп, 41 компьютер, 24 ұялы телефон және ондаған SIM-карта тәркіленген. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарының нөмірлері жазылған деректер қоры анықталды.

Қазіргі уақытта 15 Украина азаматы ұсталды, олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда, полиция жаңа эпизодтарды және қылмыстық топтың өзге мүшелерін анықтап жатыр.

Комментарии