Алматы облысында 19 жастағы сарбаз өзіне қол салған

1698
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kXljLxdkaMGisJ2TMbwIQCdgKlFaopROOqM2NMIB.jpg

Алматы облысы Мәтібұлақтағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз көз жұмды. Бұл туралы марқұмның әпкесі Еңлік Қалтаева айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, 2024 жылдың күзінде әскерге оның бауыры Даниял Шынарбек шақырылған. Көктемде оның сыңары Дінмұхамед Шынарбек те әскерге кеткен.

«Олар бастапқыда бірге қызмет етті, бірақ ант қабылдағаннан кейін Дінмұхамедті Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырып, бауырынан ажыратып қойды. Ал егіздерді бөлуге болмайды. Дәл сол жерде қайғылы оқиға болды. Бүгін бізге Дінмұхамед Шынарбектің өзіне қол жұмсағанын айтты», — деді сарбаздың әпкесі.

29 тамызда Дінмұхамед 19 жасқа толған. Әпкесінің айтуынша, ол еңбекқор, мейірімді, болашағына үмітпен қараған жігіт болған.

«Біз қайғыдан қан жұтып отырмыз. Оның өз-өзіне қол жұмсағанына сене алмаймыз. Неге бейбіт заманда осындай жас жігіттер қаза табуы керек? Бізге шындық пен әділет керек», — деді Еңлік Қалтаева.

Қазақстан құрлық әскерінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«17 қыркүйекте гвардиялық гарнизонның әскери бөлімдерінің бірінде жедел қызметтің әскери қызметкері өз-өзіне қол жұмсады. Қылмыстық іс қозғалды. Құрлық әскерінің бас қолбасшысы мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия жіберді»,- делінген хабарламада.

Комментарии