Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Демократиялық Республикасы президентінің арнаулы өкілі Патрик Мпойи Луабеяны қабылдады. Бұл туралы 25 тамызда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Патрик Мпойи Луабеяға ілтипат білдіріп, оның сапарын Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам ретінде қарастыратынын атап өтті.
Патрик Мпойи Луабея Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығын білдіріп, Конго Демократиялық Республикасы Президенті Феликс Чисекедидің арнайы сәлемін жеткізді.
Кездесу барысында Конго Демократиялық Республикасы Президентінің Қазақстанға жасайтын сапарына дайындық мәселелері, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.