Тәжікстан президентінің кенже қызы  министрлікте лауазымға ие болды

1817
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pUMPKJLlPbsen7ZoTDhD9tdL3GufJzBYwGRVaAEX.webp

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кенже қызы 27 жастағы Фарзона Эмомали Тәжікстанның Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма бастығы болып тағайындалды, деп хабарлайды “Адырна” Tengrinews.kz сайтына сілтеп.

«Жас маманның кәсіби біліктілігі мен дағдыларын ескере отырып, биыл Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Фарзона Эмомали министрліктің орталық аппараты жанындағы реформалар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек және халықаралық байланыстар басқармасының басшысы болып тағайындалды», – делінген министрлік хабарламасында.

Эмомали Рахмонның кенже қызы Фарзона Эмомали 1998 жылы 4 шілдеде Душанбе қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, 2014 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың Душанбе қаласындағы лицейінің филиалына түсіп, оны үздік бітірген.

Сол жылы Абуали ибн Сино атындағы Тәжік мемлекеттік медициналық университетінің емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, 2020 жылы оны да үздік дипломмен аяқтаған. 2022 жылы «педиатрия» мамандығы бойынша клиникалық ординатураны аяқтап, 2023 жылы Тәжікстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын да үздік бітірген.

2021 жылдан бастап Фарзона Эмомали Денсаулық сақтау министрлігі аппараты жанындағы реформалар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек және халықаралық байланыстар басқармасында маман болып жұмыс істеген.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Фарзона Эмомали тұрмыс құрмаған, бір бала тәрбиелеп отыр.

Комментарии