Тоқаев нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды

1594
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LYrb3XNf8zbcP1bAo4QuujZpnLaqpG0jk23JqOFB.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің наркотизмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі отырысы өтті. Бұл туралы бүгін, 13 тамызда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл әлеуметтік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елімізде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық жағдайға жетті.

«Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады»,— деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент есірткіге тәуелділер емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай отырғанына назар аударып, мәселені шешу қажет екенін мәлімдеді.

«Есірткіге тәуелді жандардың көпшілігі мен олардың жақындары жариялылықтан және жұртшылықтың талқылауынан қауіптеніп, проблемасын жасырады»,— деді ол.

Бұл ретте мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екені айтылды.

Сондай-ақ Тоқаев нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек»,– деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ есірткі сататын орындар мен зертханалардың иелерін әшкерелеу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

Жиын соңында президент наркотизмге қарсы күреске қоғам болып жұмылудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Үкіметке, өңір әкімдеріне және жауапты мемлекеттік органдарға нашақорлықтан сақтандыру және есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларын күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Комментарии