Атырауда шетелдегі соғыс қимылдарына қатысқан ер адамға үкім шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Атырау қаласының №2 соты жергілікті тұрғынды Қылмыстық кодекстің 172-бабы ("Шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысу") бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Тергеу деректеріне сәйкес, Ресейде еңбек етіп жүрген кезінде ер адам келісімшартқа отырып, РФ қарулы күштері құрамында Украина аумағындағы соғыс қимылдарына қатысқан. Бір атыс кезінде ол оқ-дәрі жарқыншағынан жараланған.
Құқық қорғау органдары шет елдегі қарулы қақтығыстарға қатысу үшін 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын, ал жалдамалылық үшін 20 жылға дейін жаза тағайындалатынын еске салды.
Сондай-ақ, қазақстандықтарды соғысқа қатысуға үгіттеу фактілері бойынша ІІМ мен ҰҚК тексеру жүргізіп жатқаны айтылды.
Бұған дейін 2022 жылдан бері шетелдегі соғыс қимылдарына қатысқаны үшін Қазақстанда 97 қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.