Шодиевтің қызы Еуразиялық банкке байланысты Ибрагимовпен соттасуға бел буды

1949
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZhMe3q1cgM8RCe0rkxzaqumx8sH7O8w90xBLmK1c.jpg

Қазақстанда "Еуразиялық қаржы компаниясы" (ЕҚК) төңірегінде шиеленіс күшейіп келеді. Бұл компания құрамына "Еуразиялық банк" пен "Еуразия" сақтандыру компаниясы кіреді. Дауға Муниса Шодиева да араласты. Шілде айының соңында ЕҚК директорлар кеңесінің мүшелері Шухрат Ибрагимов пен Андрей Коповқа қарсы жауаптық талап-арыз берді. Бұл туралы "Сот кабинеті" порталында жарияланған іс материалдарында жазылған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Курсив басылымына сілтеп.

Бұған дейін Шухрат Ибрагимов 2025 жылдың 2 маусымында өткен директорлар кеңесінің шешімдерін заңды деп тану және компанияны сол шешімдерді орындауға міндеттеу туралы талаппен сотқа жүгінген болатын. Алайда бұл шешімдердің нақты мазмұны белгісіз – ашық дереккөздерде бұл жайында ақпарат жоқ.

Енді ЕҚК, керісінше, Ибрагимов пен Коповтың әрекеттерін заңсыз деп танып, директорлар кеңесінің шешімдерін жарамсыз деп табу туралы қарсы талап қойып отыр.

Бұған ұқсас талаппен бұған дейін ЕҚК акционерлерінің бірі – Патох Шодиев те сотқа жүгінген еді. Ол директорлар кеңесінің шешімдерін жарамсыз деп тануды және компанияны кезектен тыс акционерлер жиналысын өткізуге міндеттеуді талап еткен. Бірақ 11 шілдеде сот оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартты, себебі бұл компания қызметінің тоқтап қалуына әкелуі мүмкін деп санаған.

Қызығы, бұл дауға Шодиевтің қызы Муниса да қосылды. Ол да шілде айының соңында ЕҚК, Ибрагимов және Коповқа қарсы талап арыз беріп, директорлар кеңесінің әрекеттерін заңсыз деп тануды сұрады. Сот осы үш істі бір іс болып қаралатын етіп біріктірді.

Шодиев пен Ибрагимов арасындағы келіспеушіліктер жыл басынан бері жалғасып келеді. "Курсив" басылымының жазуынша, Шодиев пен Машкевич ЕҚК-ны сатуды жоспарлаған, ал Ибрагимов бұл шешімге қарсы болған. Ибрагимов сотқа жүгініп, компания тағдыры шешілуі тиіс болған бірнеше акционерлер жиналысын өткізуді тоқтатып тастаған.

eGov.kz мәліметінше, "Еуразиялық қаржы компаниясы" марқұм Әлиджан Ибрагимовтың жары Мукадасханға, Патох Шодиевке және 2025 жылғы 22 наурызда қайтыс болған Александр Машкевичке тиесілі.

Комментарии