Сорбұлақ көлінде жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда жалғасып жатыр. Бұл туралы бүгін, 4 тамызда Қорғаныс министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
11 тәуліктен бері жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамның 330-дан астам адамы, 59 бірлік автомобиль техникасы, 23 жүзу құралы, 12 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ эхолоттар, георадарлар, авиация және кинологиялық есептоптар тартылған.
Қорғаныс министрлігінің мамандарынан бөлек, іздеуге Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері қатысуда.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылып, құрамына Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі департаментінің жоғары білікті мамандары кірді. Комиссияның бір бөлігі іздестіруге жұмылдырылған, тағы бір бөлігі авиациялық инцидентті тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Көл түбінің терең шөгуі, су астындағы нөлдік көріну және ауа-райының құбылмалылығы сияқты қиын жағдайларға қарамастан, іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
– Өтуі қиын аудандарға әуеден шолулар жасалып, жағалау белдеуі мен көл акваториясы тексерілуде. Су асты және жер үсті іздеулеріне арнайы жабдықтарды пайдаланатын ғылыми және техникалық ұйымдар тартылған. Сонымен бірге техникалық тергеу жалғасуда. Комиссия әуе кемесін дайындау және пайдалану жөніндегі құжаттаманы, құқық қорғау органдары мен авиациялық қызметтердің материалдарын, тікұшақ бағытындағы метеорологиялық және орнитологиялық жағдайды және басқа да факторларды зерделеп жатыр, – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов.
Іздеу жұмыстары жоғалған тікұшақтың экипаж мүшелерінің тағдыры анықталып, қайғылы жағдайға әкелген себептер анықталғанға дейін жалғасады.
Еске салайық, EC-145 әскери тікұшағы 25 шілдеде Луговойдан ұшып шығып, радардан жоғалып кеткен еді. Оның бортында экипаждың үш мүшесі болған.
В конце августа жители Атбасара, оставшиеся без жилья в результате паводка, переедут в новые квартиры
В Акмолинской области в рамках проекта «Қазыналы қазба - ұлт құндылығы» ведутся археологические раскопки