Қазақстан азаматтығын алу кезінде қазақ тілін білуге қойылатын талап жеңілдетілуі мүмкін

1624
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/59OpMSDLPX4Rjcj2rvnuozEZm4uPC9h97g0Imlro.jpg

Елімізде азаматтық алу үшін мемлекеттік тіл мен Конституцияны білуге қойылатын талаптар өзгереді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу немесе қалпына келтіру үшін қажет білім көлемін айқындайтын нормативтік құжатқа өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі.

«Ашық НҚА» порталында ұсынылған құжат жобасында  әрбір пән бойынша ең төменгі шекті балдарды қайта белгілеу қарастырылған. Жаңа талаптарға сәйкес, үміткер мемлекеттік тіл бойынша кемінде 15 балл, Қазақстан Республикасының Конституциясы негіздері бойынша кемінде 20 балл, Қазақстан тарихы пәнінен кемінде 15 балл жинауы керек.

Ал қазір азаматтық алу үшін өткізілетін тестілеуде мемлекеттік тілден кемінде 36 балл, ал Конституциядан кемінде 9 балл жинау талап етіледі. Қазақстан тарихынан шекті балл сол күйі қалған.

«Жобаның қабылдануы әрбір пән бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығына үміткерлерді тестілеу сұрақтарының барынша тең арақатынасын қамтамасыз етеді және шекті деңгейді 10%-ға төмендетеді»,—деп түсіндірді министрлік.

Айта кетейік, жоба 25 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Комментарии