Бокстан Әлем кубогі. Журналист жанайқайын жеткізді

1308
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hu6RNRpHUJlQrmyfoseE2dvHQSOB6B00Iv78TtBO.jpg

Бүгін, 30 маусым күні Астанада бокстан Әлем кубогы басталды. Жаһандық жарысқа 30-ға жуық елден 300-ден астам спортшы келді. Алайда Әлем кубогінің алғашқы күнінде-ақ ұйымдастыру жұмыстарына қатысты бірқатар мәселе туындаған. Бұл туралы журналист Әсем Әбілбек айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол әлемдік додада журналистердің жұмыс істеу мүмкіндігінің шектеулі болғанын атап өтті.

«Журналист болған соң міндетіміз —ақпарат жеткізу. Жаңалық жазып, видео түсіріп, атмосфераны көрсету. Сол үшін бардық. Бірақ түсіретін орнымыз шаршы алаңнан тым алыс болып шықты. Әр есіктен сығалап, бір бұрыштан екіншісіне өткеніміз бөлек әңгіме. Микст-зонада есікті жауап қойғаны тағы бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, World Boxing ұйымының ережесіне сәйкес, ринг жанында 4-ақ адам ғана тұруы керек екен. Ашылу салтанаты кезінде сол аймаққа қалып қойған кейбір журналистерді ешкім қозғамады. Ал сұхбат алу үшін сыртқа шығып, қайта кіргіміз келгенде залға кіре алмай, сыртта қалып қойдық. Өз елімізде өтіп жатқан жарысқа өзіміз кіре алмау өкінішті.  Журналистер бұл жарысқа ермек үшін келген жоқ. Ақпарат таратып, халықаралық дода жайлы сапалы контент жасау үшін келді. Бұл ел имиджі үшін де маңызды дүние еді»,—деді БАҚ өкілі.

Журналистерден бөлек, жарысты тамашалауға келген жанкүйерлер де ішке кіре алмаған.

«Рингке жақын аймақтарда бос орын жетерлік еді. Бірақ ол жерлер тек депутаттар мен шенеуніктерге арналған көрінеді. Әрине, олардың да орны болуы заңды. Бірақ спорт додасының басты жанашыры халық екенін ұмытпаған жөн.

Бірінші күннен осындай ұйымдастыру кемшіліктері көңілге кірбің түсірді. Спортты қолдайық дейміз. Бірақ спорт трибунадан басталады. Журналистің жұмысына, жанкүйердің ықыласына шектеу қойылған жерде шынайы қолдау болмайды. Мұндай халықаралық жарыстар алдағы уақытта тағы өтеді. Бірақ бүгінгі кеткен олқылықтарды ескерілсе екен»,—деп толықтырды Әсем Әбілбек.

Комментарии