Президенттің инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын дайындау тапсырмасы бізге үлкен жауапкершілік – ҚазИТУ ректоры

366

Бүгін, 11 қаңтарда сағат 11:15-те мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент мәжілісінің отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы еліміздің жаңа Премьер-министрінің кандидатурасын ұсынды. Сондай-ақ елімізде орын алған қайғылы жағдайда, бассыздық әрекеттің салдарынан туындаған зардаптарды, саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Тікелей эфирде өткен баяндаманы ҚазИТУ ұжымы да жұмыла тыңдады. Университет ұжымы ел басына күн туған сындарлы сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған үндеуінде болашағымыздың жарқын болатынына уәде бергені бәріміздің көңілімізге сенім ұялатты дейді. Сондықтан Мемлекет басшысы тарапынан атқарылып отырған саналы қадам мен игі бастамаларды толықтай ҚазИТУ ұжымы қолдайды.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейне байланыс арқылы Парламент мәжілісінің отырысына қатысып, еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасап, нақты тапсырмалар берді. Еліміздің мақсаты айқын. Мемлекет басшысы баяндамасында білімділік, заманауи сынақ-қауіптер мен трендтерге сапалы, тұрақты және әділ білім беру арқылы жауап беретіндігіне де тоқталды. Жастардың мәселелерін жан-жақты қарастырып, алғашқы жұмыс орны, еңбекке араласуына мән берілді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастарға грант бөлу мәселесі де көтерілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құру туралы тапсырмасы – кезек күттірмей шешілуге тиісті өзекті әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға үлкен қолдау болатындығы сөзсіз. Жастардың Отанына деген сүйіспеншілігін арттыруды отбасы, білім беру мекемелері, жалпы қоғам бірлесе атқаратын келелі мәселе екендігіне тоқталды, - деп атады Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова.

Сонымен қатар, университет басшысының айтуынша, қоғам алдындағы жауапкершілікті, өркениетке қосар үлесін Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті ұжымның әрбір мүшесі сезінеді. Еліміздің өркендеу жолында ұжым болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, адал еңбегімен үлес қосады.

- Еліміздің басты құндылығы – Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, баянды болып, жаңа Қазақстанның даму жолында Президент көтерген мәселелердің шешімін табатындығына сенеміз, - дейді ректор.

Осы орайда профессор Г. Котошева: «Елімізде орын алған лаңкестік топтардың ұйымдастыруымен болған, әр қазақстандықтың жадында мәңгі қалатын қайғылы жағдайда, Мемлекет басшысының астарлы саясаты мен жедел шешімінің арқасында Егемен еліміздің Тәуелсіздігін аман сақтап қалдық. Бұл да Президентіміздің халықпен бірге болып, қиын қыстау кезеңде демеу беріп, қолдағаны деп білемін. Бүгінгі баяндаманы тыңдай отырып, бейбіт болашаққа деген жүрегімізге сенім оты ұялады. Алдағы уакытта Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Егемендігіміз еңселі болатынына толықтай сенім білдіремін», - деген пікірін қосты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту» керектігін баса айтты. Мемлекет басшысы білім беру саласында үлкен жандану қажеттігін жеткізді.

Гуманитарлық мамандықтарға қарағанда енді техникалық мамандықтарға басымдық берілу керектігі, инженерлер мен өндірісшілердің жаңа буынын дайындау қажеттілігі айтылды. Бұл өз кезегінде дәл осы салада мамандар дайындап отырған Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне үлкен жауапкершілік екендігін жеткізді университет басшылығы.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket