Аяжан Еділованың өліміне қатысты сот үкімі шықты

2927
Adyrna.kz Telegram

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 19 жастағы Аяжан Еділованы зорлады және айуандықпен өлтірді деп айыпталған Рахманберді Төребековке үкім шығарды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "orda.kz-ке" сілтеме жасап.

Сот айыпталушыны 25 жылға бас бостандығынан айырды. Сот жабық өтті, сотталушы алқабилер сотынан бас тартты.

Аяжан Еділованы өлтіру ісі – 2021 жылдың ең атышулы істерінің бірі. Студент Алматыдағы сұлулық салондарының бірінде жұмыс істеген. 19 наурыз күні кешке ол жұмыстан шығып, үйіне оралмаған. Ол үш күннен кейін өлі табылды. Қызды айуандықпен өлтірген: денесін бөлшектеп, қоқыс жәшіктеріне тығып қойған.

Полицейлер кісі өлтірді деген күдікпен Түркістан облысының 28 жастағы тұрғынын ұстады. Тәртіп сақшылары ол тұрып жатқан пәтердің есігін бұзған кезде, күдіктінің өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын анықтады. Оны ауруханаға апарып, конвой тағайындады. Ауруханадан шыққан соң оны изоляторға ауыстырды.

Алматы қалалық Криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров қыз жоғалған күні әлеуметтік желіде танысқан жігітпен кездеспек болғанын айтты.

Бірақ марқұмның туыстары Аяжанның өзін жақсы танымайтын адаммен кездесуге кеткеніне сенбеген. Олар қыз оны жұмыс орнында кездестірді деп есептейді. Туыстары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бұл мәселені жеке бақылауына алуын өтінді.

Күдікті зиялы отбасынан шыққан, жоғары медициналық білімі бар, көршілері оны тәрбиелі, мәдениетті адам ретінде танитыны белгілі болды.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер