«Astana Qazaqstan Team қазірдің өзінде Еуропадағы мықты командалардың бірі»

3920
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының тілшісі «Astana» кәсіби спорт клубының Бас директоры Тастанбек Құтжанұлы Есентаевпен сұхбаттасқан болатын, соны назарларыңызға ұсынамыз:

– Astana Qazaqstan Team командасын Еуропалық беделді клубтардың өзі мықты бәсекелес санайды. Бұл, әрине, үлкен еңбектің арқасы. Команда қалай құрылды? Бұған не себеп болды? Кімдер мұрындық болды? Тарихына аз-кем тоқтала өтсеңіз...

Астананың атауы бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалып қана қойған жоқ, сонымен қатар спорт әлемінде де Астананың аты жер жарып жүр. 2013 жылы Елбасының Жарлығымен «Астана» кәсіпқой президенттік клубы құрылып, сол кезден бастап оның қатарына «Астана» велокомандасы клубы кірді. Президенттік клуб құрамына кіретін командалардың барлығы   халықаралық аренада өнер көрсетті. Дұрыс айтасыз, әлемдік велоспорт алаңында мықтыларға бәсекелес болып танылған  «Astana Qazaqstan Team» велокомандасы  жылдан жылға тәжірибелері мен шеберліктері шыңдалып бәйгелерде топ жарып жүр.

2006 жылы Liberty Seguros-Würth командасы басты демеушісі Liberty Mutual-дың қолдауынан айырылып қалды. Кейін келе Würth-те командамен келісім-шартты үзді. Бұл команданың үздіктері ретінде қазақстандық Александр Винокуров пен Андрей Кашечкин саналатын. Сол уақыттағы премьер-министр әрі Қазақстан велоспорт федерациясының төрағасы Даниал Ахметовтың қолдауымен жаңа команда дүниеге келіп, оған отандық 5 үздік компания демеушілік танытты. Команда елорданың құрметіне, «Astana» деген атау алды. Алғашқы жеңістер сол жылы-ақ келіп жетті. Команданың бас жұлдызы Александр Винокуров Испания Вуэльтасында жеңіске жетсе, командаласы Кашечкин үшінші орынға тұрақтады.

– Атауы өзгерген командада сапалық өзгерістер де бар ма? Халықаралық турларда қазақстандық велоклубтың биіктерді бағындыруға мүмкіндіктері қандай?

17-маусымға дайындығын пысықтап жатқан отандық команда жейдесінде әлемнің 7 елінен, атап айтқанда Қазақстан, Италия, Колумбия, Испания, АҚШ, Беларусь және Оңтүстік Африка елінің өкілдері саналатын 29 шабандоз өнер көрсетеді. Әлемдік пелотонда өз орны бар команданың көшбасшылары жанкүйерлерге жақсы таныс, жаңадан қосыл­ғандар да өздерін басқа жобаларда жоғары деңгейде көрсеткендер. Өткен маусымда үш рет жеңіс тұғырына көтерілген және «Тур де Франс» көпкүндігінің жалпы есебінде 7-орын­ға ие болған Алексей Луценко (Қазақстан), «Джиро д’Италия» мен «Испания Вуэльтаның» қола жүлдегері Мигель Анхель Лопес (Колумбия), гранд-турдың үш дүркін жеңімпазы («Астана» командасының құрамында екі рет «Джиро д’Италия» мен бір рет «Тур де Франс») Винченцо Нибали (Италия), классикалық велобәйге шебері, өткен маусымда екі рет жеңіске жеткен және тартысқа толы «Париж-Рубэ» жарысында 4-орынға ие болған Джанни Москон (Италия) команда көшбасшыларының қатарында. Ал 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында Қазақстан чемпионы Нұрберген Нұрлыхасым мен «Гран Премио делла Либерация» бір күндік жарысының жеңімпазы, италиялық Микеле Гадзоли жаңа маусымда  өнер көрсетпекші.  Қазақстандық коман­даның халықаралық турларда табысты өнер көрсетуі үшін барлық мүмкіндіктері бар деп есептеймін. Трансферлік кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, команда келер жылға ертерек қамданды, үздік легионерлерімен қош айтысқанымен, бұрынғы көшбасшыларын кері қайтара алды. Соның арқасында қазақстандық клуб жылдағы жетістіктерін жаңартуға, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылатын үздік командалардың санатында қала бермек.

– Astana Qazaqstan Team клубының болашағын қалай елестетер едіңіз?

Өздеріңіз білетіндей, велокоманда биылғы маусымды жаңа атаумен бастайды. Astana Qazaqstan Team жобасының екінші тынысы ашылып, ол жаңа даму жолына көшуге дайындалып жатыр. Нұрлан Еркебұланұлы басқаратын Қазақстан велоспорт федерациясы жаңа команданың дамуында және жоспарларын іске асыруда маңызды рөлге ие болғаны үшін қуаныштым.  Федерация Astana Qazaqstan Team команасының директорлар кеңесіне де, менеджментіне де қатысады. Спортшылар мен велоспорттың  жанашыры ретінде қазақстандық велокоманданың жарқын болашағы үшін қажетті шешімдерді дер кезінде қабылдап, табысты өнер көрсетуіне, клубтың алдындағы мақсат міндеттерін лайықты дәрежеде орындауында Ел Үкіметі зор сенім артып отыр. Astana Qazaqstan Team – команданың жаңа атауы ғана емес, бұл жобаның жаңартылған философиясы. 16 жыл бойы «Астана» жобасы еліміздің әлемдік спорттағы визиттік карточкасы. Алдағы болашағы өрлеуге ұласатынына күмән жоқ.

– Команда құрамының 50-60 пайызы қазақстандық спортшылармен жасақталуы тиіс деп жоспарланып отыр. Команданың болашақ құрамына жалынды жас спортшылар қалай іріктелмек? Оларға қойылатын талаптар қандай?

Алдағы маусымда Astana Qazaqstan Team алдына қойылған мақсат – Қазақстанды бүкіл әлемге таныту, елдегі велоспорттың дамуына атсалысу, жастарға жол ашу екені сөзсіз. Қазір командада 29 шабандоз бар, оның 10-ы – қазақстандық спортшы. Болашақта, екі-үш жылдың көлемінде олардың қатарын 50-60 пайызға көбейту көзделді. Спортшылардың, велоспорт саласында жүрген мамандардың біліктілігін арттыруда команда тәжірибесін пайдалану да маңызды міндеттердің бірі саналып отыр. Одан бөлек қазір клуб сапында бас­шылық пен бапкерлер құрамында қазақ­стан­дық мамандардың үлесі артты. Талантты әрі тәжірибесі толысқан жергілікті спортшылар да команда қатарына шақыртылуда. Үш бірдей жастар командасы құрылды. Елордалық команда жаңа маусымда алдына үлкен мақсат қойып отыр. Команда көшбасшыларының, сондай-ақ команданың басқа мүшелері қатысатын жарыс күнтізбесі оқу-жаттығу жиынында анықталды. Ал біз өз кезегімізде Astana Qazaqstan Team кәсіби велокомандасы жанынан   23 жасқа дейінгі шабандоздардан тұратын UCI құрлықтық командасын жасақтады. Жаңа жобаға Astana Qazaqstan Development Team атауы берілген. Жаңа команданың құрамында   дарынды жастар топтастырылды. Велоспорттағы еліміздің атынан өнер көрсетіп жүрген бас командаға жастар командасында сәтті өнер көрсетіп жүрген мықты велошабандоздар іріктеліп алынады деп жоспарланып отыр.

– Ал шетелдік спортшылар қандай критерийлер бойынша командаға шақырылады?

Ең алдымен, команданың жетістігін еселейтін тәжірибелі велошабандоздарды қатарға қосуға тырысамыз. Сондай ақ, олардың тәжрибесі мен шеберліктерін өз жеңістерімізден ғана емес, команда сапындағы отандық спортшылардың жеңістерінен көргіміз келеді.

– Еуропаның және басқа да дамыған мемлекеттердің деңгейімен салыстырған кезде, велоспорттың дамуына үлес қосатын инфрақұрылымдарды, веложолдарды дамытуға көңіліңіз тола ма?

Өте орынды, дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттау үшін тиісті инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор.   Велоспорттың бел ортасында жүрген мамандар  біздің елімізде аталмыш спорт түріне лайықты көңіл бөлініп, жағдай жасалғанын айтады. Аймақтарда велоспорт федерациялары кәсіби спортшыларды әзірлеумен қатар, әуесқойларды да назардан тыс қалдырмай қамтып жүр. Олардың қызығушылақтарын одан әрі жалғауына серпін береді. Жыл сайын кезек кезегімен инфрақұрылымдарды, веложолдарды дамыту ісі жүргізіліп келеді.

– Astana Qazaqstan Team-нің ертеңі жайында қандай болжам жасайсыз? Еуропадағы ең мықты клуб ретінде көре аласыз ба?

Ертеңі бұлыңғыр команда емес екені сөзсіз. Қазірдің өзінде Еуропадағы мықты командалардың бірі.

– Велоспорт бұқаралық спортқа айналады, халық жаппай велосипед тебе бастайды дегенге сенесіз бе?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңыздылығын айтып өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін елімізде бұл үшін барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, жыл сайын елімізде ондаған спорттық нысан қолданысқа беріледі. Бұл көрініс тек еліміздің бас қалаларында ғана емес өзге өңірлерде байқалуда.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

«Астана» кәсіби спорт клубының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, құрылтайшысы – Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ

Пікірлер