Мәжілістің экс-депутаты Бекболат Тілеухан Дүниежүзілік этноспорт федерациясының вице-президенті болды. Бұл туралы төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бекболат Тілеухананы білмейтін бірде-бір қазақ жоқ деп айту артық болмайды. Ол біздің саясатқа, мәдениетке және қоғамдық қызметке үлкен үлес қосатын құрметті азаматтарымыздың бірі. Бірнеше шақырылым Мәжіліс депутаты болды, халық үшін қажетті заңдардың қабылдануына ықпал етті. Әсіресе оның елдің әлеуметтік-мәдени дамуындағы рөлі зор. Енді ол Дүниежүзілік этноспорт федерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалды. Әріптесімізге бірлескен жұмыс үшін алғысымызды білдіреміз және зор денсаулық пен жаңа салада үлкен табыс тілейміз»,- деді ол пленарлық отырыста.
Бекболат Тілеухан өз сөзінде жаңа жұмысы туралы айтып өтті. Айтуынша, ол сияқты адамдар бос уақыт өткізе алмайды.
«Ердоғанның Орталық Азия этноспорт комитетін басқару туралы ұсыныс келді. Қазір Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті етіп тағайындады. Келісімдер бар»,– деді ол.
«Адырна» ұлттық порталы