2021 жылдың үздіктері анықталды

10034
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталы 2021 жыл бойынша өз саласының үздіктерін анықтады. «Жыл үздіктерін» анықтау әлеуметтік желі парақшаларындағы дауыс беру арқылы іске асты. Бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылған сауалнама бір апта бойы жүргізілді.

«2021 жылдың үздік депутаты» болып  Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса атанды. Қазыбек Иса Парламент мінберінен мемлекеттік тілді дамыту, жер-су атауларына тарихи атауларын қайтару, Алаш арыстарын ұлықтауға қатысты өткір ұсыныстар жасап жүр. 

«2021 жылдың үздік ұстазы» - Аятжан Ахметжанұлы. Аятжан Ахметжанұлы республикалық «Qazbilim» орталығының негізін қалаушы, Нұр-Сұлтан қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы 90-гимназияның директоры, ұстаз, химик. 

«2021 жылдың үздік қаржы сарапшысы» - Мақсат Халық. Мақсат елімізге белгілі экономист, қаржы саласында өткір болжамдар жасап, еліміз үшін Еуразиялық Экономикалық Одақтың тиімсіз екенін қаржылық есептеулер арқылы көрсетіп жүр. 

«2021 жылдың үздік саяси сарапшысы» - Досым Сатпаев. Белгілі саясаттанушы, бірнеше кітаптың авторы, ел тарихына қатысты еңбектерді басып шығаруға атсалып жүрген қайраткер. 

«2021 жылдың үздік күрескері» - Арон Атабек. Арон Атабек "Шаңырақ оқиғасы" бойынша диссидент атанып, 15 жылын түрмеде өткізген күрескер. 2021 жылдың 1-қазанында денсаулығына байланысты абақтыдан босатылып, 24-қарашада көз жұмды. 

«2021 жылдың үздік спортшысы» - Сәкен Бибосынов. Сәкен боксшы, аса жеңіл салмақта өнер көрсетеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болды.

«2021 жылдың үздік журналисі» - Нартай Аралбайұлы. Журналист, «Qazaqstan» телеарнасындағы бірнеше бағдарламаның жүргізушісі, арнайы YouTube каналы арқылы сараптамалық шолу жасайды.

«2021 жылдың үздік министрі» - Асхат Аймағамбетов. Мемлекет қайраткері, 2019 жыл 13 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі. Елдегі білім саласына реформа жасауда. 

«2021 жылдың үздік тіл жанашыры» - Руза Бейсенбайтегі. Мемлекеттік тілді көтеру бойынша белсенді, тіл жанашыры. 

«Ұлтым деп соққан жүрек – 2021» - Қуат Ахметов. Қуат "Тіл Майданы" атты YouTube арнасымен мемлекеттік тілдің сауда орталықтарында дұрыс сақталуын тексерген тіл жанашыры, белсенді. Ресей қысымының әсерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған азамат. 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер