Бұл – теңіздің арғы бетінде болған оқиға. Оны жеткізген Құлан ауылының тұрғыны, атбегі Мейілбек Бегазиев еді.
Екі қазақ жігіті сексенінші жылдары Америкаға жұмыс сапарымен барса керек. Содан кафеге тоқтап тамақтанып, темекі тартып тұрады. Кафемен іргелес бір фермердің ат қорасы бар екен, кенет ішінен бір тұлпар тулап, кісіней береді. – Мынаған не болды? – дейді де, олар қораға жақындайды. Бұлар жақындаған сайын тұлпар тыпырлап, бас жібін тартқылып ынтыға түсті. Есікке тесіле қарап, қонағын ұзақ күткен кісіше елеңдейді жарықтық. Жігіттер жақындап, маңдайына сипап еді, момақан бола қалды. Сөйтіп тұлпар тұмсығын бұрып, жігіттердің қолы мен жеңінен иіскей берді. Иіскей түсіп, сәлем беруге иілген келіндей басын төмен салды. Осы сәтте жылқының жанарынан жас парлап кетті. Мына жағдайға түсінбей абдырап қалған олар дереу кетпек болды. Ат тағы тулап кетті. Осы кезде фермер де келе қалды. – Сіздер мұнда қайдан жүрсіздер? Жылқыға не істеп қойдыңыздар? – деді де, жөн сұрасты.
– Қазақстаннанбыз. Мына жылқы оқыс қылық көрсетіп жатқан соң көргіміз келді. Бар-жоғы осы ғана, – деді жігіттер.
– Түсінікті, – деді фермер, – тұлпар Луговой жылқы зауытынан сатып алынған. Жерлестерін танып тұрған ғой!
О, тоба десеңші, қазақша сөзге еліп, туған жерге деген сағынышын баса алмаған тұлпардың күйі күйзеліске түсті. Сезімтал жарықтық-ай, нет¬кен киелі едің! Мұңға толы бір тамшы жас жігіттердің де жүрегін елжіретіп жіберді.
Қ.ҚҰРБАН