Ән салуға әлі ерте

1165
Барша қаламгерлердің өздеріне етене таныс, қыр-сырын жақсы білетін тақырыптарын шығармаларына арқау ететіні белгілі. Сондықтан да олардың шығармашылығының өзегі бір арнада тоғысып жатады. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасына үлес қосып, өзіндік үнімен танылып жүрген жазушының бірі – Қуаныш Жиенбай. Жазушы шығармаларын қарап шыққан адам, оның Байқоңыр космодромы мен Арал теңізі төңірегіндегі балықшылар өмірі мен темір жолды жағалаған ауыл қазақтарының тіршілігіне қанық екенін жазбай таниды. Сондықтан да жазушы шығармаларының дені Байқоңыр космодромы Арал, Көкарал, Барсакелмес оқиғаларына құрылған. Осындай шығармалардың қатарында «Ән салуға әлі ерте», «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романдары мен «Тоқта, өлемісің?» повесін және бірнеше («Мылқау», «Өгей», «Байқоңыр мен Ватиканның арасы», «Аралқұмның Абрамовичі») әңгімелерін атауға болады.
«Ән салуға әлі ерте» романының оқиғасы Байқоңыр космодромының жанындағы «төрткүл дүниеге белгілі Төретам бекетіне дария тұсынан келіп жапсарлай қоныстанған» қырық шақты түтіні бар шағын ауыл Сұлутам әйелдерінің айлақ (космодром) басшыларына наразылығымен басталады. Ұзыннан-ұзақ созылған рельс бойындағы тосын жайтқа тап болған тепловоз машинисінің сигналды ойбайлата басқанына шімірікпеген ақ орамалды жандарды өлімге не итермелеп тұрғаны оқырман үшін құпия. Осы сырды ашу үшін автор лирикалық шегініс жасайды.
Роман оқиғасына қатысатындар саны санаулы ғана. Бірақ олардың барлығы да үлкен міндеттер атқарып тұрған кейіпкерлер. Оқиғаның басында ғана көрінетін тепловоз машинисімен оқырман қайта кездеспейді. Алайда бір эпизодтан-ақ оның ғұмыр бойғы тіршілігін аңғару оңай. Тіркемелі вагондарды ғарыш айлағының темір қақпасына дейін жеткізіп отыратын машинистің жауапкершілігі өте жоғары. Темірдей тәртіпке үйренген оған бір минут кешігуге, не ерте баруға тыйым салынған. Бәрі де өз уақытымен, қатаң кестемен қадағаланады. Оны былайғы жұрт қайдан білсін? Темір жолды бөгеп, ереуілге шыққан әйелдерді басып кетпей, тепловозды тоқтатқаны үшін жұмыстан босатылған кейіпкердің жағдайы айтпаса да түсінікті.
«Бұқпантайлап, бейшараның күйін кешіп жүре бергенше өлсек те өстіп, алысып-жұлысып бір өлейік» деген ауыл әйелдерінің әрекеті – шарасыздықтың белгісі. Сол үшін ғарыш айлағының жұртшылықпен байланыс департаменті ұзақ жыл жемісті еңбек еткен қарт машинисті шұғыл түрде зейнетке шығарып, Төретам бекетінің бастығы Қаражан Есболайұлы мен Әбдімәлік Саржанұлына қатаң сөгіс жариялады. Авторлық ұстаным «Әлемдік жаңалық, әлемдік жаңалық!.. Ұрып қойыпты бүйткен әлемдік жаңалығын!» деген кейіпкер сөзінен байқалады.
Орталық кейіпкер – бұрынғы «Төретам» совхозының директоры, космодромның жергілікті тұрғындар арасындағы өкілі Әбдімәлік болғандықтан, негізгі оқиға соның төңірегінде жүріп жатады. Бір қарағанда ұзақ науқастан қайтыс болған әйелінің орнына жас әйел алған, бала-шағасын аяқтандырған, қаракөл кеңшарындағы шаруашылығы дөңгелеп тұрған жанның космосқа ұшу мен жер асты құбыр жолы арқылы Қамбаш көліне шығудан басқа арманы да қалмаған тәрізді. Әйелі екеуі ғана үш қабат үйде тұратын, шілденің шіліңгір ыстығында үш қабатты коттеджінің алдындағы құдықтан тартылған әуіттегі суға түсіп жан сақтайтын Әбдімәліктің мамыражай өмірінің астан-кестеңін шығарған ауылдың бассыз әйелдері.
Айлақта (космодром) қаза тапқан жігіттердің әйелдері ереуілге шықпаса, олардың жоғын жоқтайтын сабазың Әбдімәлік емес. Ол енді ауыл әйелдерінің бассыздығы үшін жауап беру керек. Сөгіс алғанымен тынбай, енді олардан түсінік хат алу үшін ыстық күнде сүмеңдеп жүрісі мынау.
Жергілікті тұрғындар өкілінің космодромға өзі жетектеп алып барған Жарылқағанның өліміне көңіл айтпауы – мұсылман халқы үшін кешірілмейтін күнә. Баласын жоқтаймын деп су қараңғы болып қалған кейуананың келініне: «Соған бола несіне басыңды ауыртасың, сұрап тұрғаны сол болса, бер де жібер! Жолынан қалмасын, білеміз ғой бұларды... Күні үшін жүрген бейшаралармен есептесіп қайтесің!...» деген сөзі өмірді белшесінен басып жүрмін деп ойлайтын Әбділмәлікті қолхат сұрай келгені үшін тірідей жерге тығып тұрғаны анық.
Жазушы Төретам бекетінің бастығы Қаражан Есболайұлы арқылы да біраз сырдан қанықтырған. Жергілікті тұрғындардың өкілі болып саналатын ол да Әбдімәлік секілді құстың сүтінен басқаның бәріне қолы жетіп жүрген жан. Жазушы бір өңірдің пысықай жігіттерінің тіршілігі мен бұқара халықтың тұрмыс-тіршілігін бір-біріне қарама-қарсы суреттеген. Қаражан мен Әбдімәліктің тіршілігі Базаргүл мен ауыл тұрғындарының тұрмысына контрасты бейнеленген. Кеңестер Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздік алған жылдары қоғам меншігі ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кеткені белгілі. Осындай сәтті пайдаланып, совхоз директорлары өздеріне тиімді дүниелерді басып қалғаны да ел өмірінен алынған шындық. Кезінде ауылды аймақ үшін қазылған артезиан суы мен қаракөл елтірісін өндіретін атақты қой совхозын Әбдімәліктің өз меншігіне айналдырып алуы – осының көрінісі.
Дегенмен, қызметте жүрген жергілікті екі жігіттің бір-біріне сүйеу болмақ түгілі, бір-біріне ор қазуға даяр тұратыны өкінішті. Жазушы билік пен мансаптың ешкімге опа әпермейтінін, билік үшін олардың не нәрсеге де даяр екенін Әбдімәліктің үйіне Мәскеуден Байқоңырға келетін әскери шенді дөкейлер үшін науқас баласынан бас тартуы, Қаражанның Әбдімәлікпен бақталас болуы арқылы нанымды бейнелеген. Ресейге барғанда Әбдімәліктің баласының үйінде қонақта болған, бар шаруасын інісі Әнуарбек тындырып берген Қаражанның оның әкесіне тісін қайрауы – екі аяқты пенделердің тірі жүргенде қара жерге сымайтындығына мысал.
Ғарыш айлағының ішіндегі жұмақ өмірге үйренген Әбдімәлік бір қарағанда төрт құбыласы түгел тәрізді көрінгенмен, оның да жан-жарасы жетерлік. Оң жақ мойнына біткен жұдырықтай ісік дендеген үлкен баласы Әнуарбектен тірідей бас тартқаны, радияциялық сәуледен сақтанған келіні мен баласы Әбдімәліктің немерелерін ауылға жібермейтіні, қызының ғылым қуып күйеуге шықпай жүруі – бәрі де Әбдімәліктің жан жарасы болса, оған Патшагүлдің бала көтермей жүргенін қосыңыз. Әбдімәліктің ержеткен ұл-қыздары болғанмен, Патшагүл де ана болу бақытына лайық жан емес пе?
Астаналықтардың «Апталап соғатын құм суырған дауылы басылар-ау, дарияның лай суына да іш үйренер-ау. Әлгі аты өшкір, соқыр жаңбырмен бірге төпелеп жердегілердің түгін қоймай қуырып түсетін радиациялық күлгін сәулесіне қалай шыдарсың?! Ол үшін Төретам топырағында туып, сол жердің табаиғи ерекшелігімен ерте бастан ет үйретуің керек шығар» дейтін пікірінен Төретамның жай-күйін аңғару оңай. Осындай іс сапарға Биология ғылыми зерттеу институтында жұмыс істейтін Әбдімәліктің қызы Мейрамкүл таптырмайтын қызметкер, өзі жас, өзі жалғызбасты. Оның үстіне «Экологияның ауырлық нүктесіндегі көбелектердің тыныс-тіршілігі» деген тың тақырыпты зерттеп жүргені тағы бар. Туған жерге іс сапармен келіп жүрген Мейрамкүлдің Тоғызыншыдағы жылқышы Жасағанбергеннен аяғы ауыр болып тағдыр тәлкегіне ұшырап, романның соңында есі кіресілі-шығасылы күйге түскен қыздың күйін көргенде әкесінің кім үшін, не үшін дүние жинап жүргеніне таңданасың.
Романдағы кейіпкерлердің бірі – айлақтағылардың «Тоғызыншы учаскеге қойған қожайындары» жылқышы Жасағанберген. Ғарышқа ұшырған зымырандардың мемлекеттік құпияларын сақтауға жауапты болған Жасағанбергеннің адам танымастай болып өзгеруі айлақтағылардың жергілікті халық өкілдерін шеберлікпен басқаруының мысалы. «Мұнан былай металл сынықтарын жинаушыларды осылай қарай аттатсам атым өшсін!» деп ант-су ішкен Жасағанбергеннің ол құпиялардың артында елдің, халықтың қасіреті жатқанын білмейтіні өкінішті.
Жазушы туған жерден артық жер жаннаты жоқ екенін Ресейде жүрген Әнуарбектің туған жер туралы тебіреністеріне сыйғыза суреттеген. Төретам есіне түскенде екі көзі боталап уайымға салынып кететін Әнуарбекті туған жерге деген сағыныш қаншама сүйрелегенмен, әкесінің өзінен бас тартқаны оның елге қайтуына бөгесін болады. «Мені қиян шеттегі елді мекенге ұмыт қалдырды. Саналылықпен әдейі істеді деп, әкемнің де жағасына жармаспаймын. Ол – жүрекке шор болып біткен балқымайтын қорғасын» дейтін Әнуарбекке елден келген әрбір адам ыстық. Қаражан көкесін күллі Төретам көшіп келгендей күтіп, оның алдында құрдай жорғалап жүруі сондықтан. Қаламгерлердің барлығы да өз туған жерін екінші Меккеге балайтыны белгілі, ал жазушының ерекшелігі Арал өңірін шынайылықпен бейнелеуінде. Жаздың кезінде көлеңкедегі сынап бағаны 40-тан жоғарыны көрсетуі сол өңірдің жазын бар болмысымен көз алдыңа алып келеді. Жазушы туған жердің құдіретін Әнуарбектің бет қаратпас аптап ыстық жерге деген құштарлығымен бейнелеген. Романның соңында Қамбаш көлін жекешелендіру жөнінде аукцион жүріп жатқанда оны Астраханнан келген Әнуарбектің ұтып алуын туған жерге деген құштарлықтың белгісі ретінде қабылдауға негіз бар.
Жазушы Әбдімәлік тірлігі арқылы қолыңмен істегенді мойынмен көтеру керектігін пенделердің есіне салады. «Кеміс ұлдың кесірінен аулақ болайын» деген ниетпен «өмірі іздемеймін» деп қол хат беріп, Астрахандағы пансионатқа тастап кеткен баласы Әнуарбектің әкесінен асып түсіп, Қамбаш көлін жекешелендіруі, ата-баба қонысын шет елде жүрген баласының сатып алуы оны тығырыққа тірейді. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегендей, машинасына мініп кеткен Әбдімәлік қарасын қайта көрсетпеді. Бұл – Әбдімәліктің ар сотының алдындағы үкімі болса, үкімнің қылмысқа пара-пар екені дау туғызбаса керек. Өмір болмысын шынайылықпен бейнелеген автордың негізгі жетістіктерінің бірі – психологизм. Әрбір кейіпкерінің жан дүниесіне терең үңілген жазушы олардың жан күйзелісіне жан бітіруде жетістікке жеткен.
Жазушы космодромның адамзат баласына тигізген зиянын бір отбасы төңірегінде көрсетуге тырысқан. Одақ тұсынды дүркіреген қаракөл совхозының директоры болған Әбдімәліктің үлкен баласының иод тапшылығынан мойнына ісік бітуі, әйелі Қалампырдың ұзақ науқастан қайтыс болуы, жас әйелі Патшагүлдің бала көтермеуі, қызы Мейрамкүлдің жылқышы жігіттің мазағына айналуы – бір адамға аз тауқымет емес. Осындай қасіреттерді бір отбасына жинаған автор Байқоңырда тұрып жатқан халықтың қай-қайсысы да осындай қасіреттің құрбаны болып жатқанын ұқтырғандай.
Бүгінгі таңда радиацияның салдарынан адам айтса нанғысыз жағдайлар болып жатыр. Шараналардың ана жатырында жатып өлуі, әйел-аналардың нәресте сүю бақытына жете алмауы, балық қабыршақты баланың туылуы, кемтар балалар санының көбеюі, жас нәрестелердің сан мыңдаған ауруларға ұшырауы, жергілікті халықтың мезгілінен ерте қартайып, денсаулықтарынан айырылуы – бәрі де қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған тәуелсіз қазақ елінің адам айтса нанғысыз қасіреті. Осындай қасіретті басынан кешіп отырған ел қалай ән салмақ?! Ол – қазақ жерінің төрінде толассыз корабль ұшырып жатқан космодром тұрғанда қазаққа ән салуға әлі ерте екендігі. Себебі, космодромның зардабын тартып жатқан жергілікті халықтың жан-жарасы бүгінде адамзаттың проблемасына айналып отыр. Романды оқып шыққан адам кез-келген жанның әнді қандай уақытта салатынын түсіне алады. Автордың айтып отырғаны бір Әбдімәлікке қатысты емес, роман жалпы қазақ халқына ән салуға әлі ерте екендігін санаңа сіңіреді.
Жалпыадамдық құндылықтарды арқау еткен шығармалар қатарында Қ.Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романы мен «Тоқта, өлемісің?!», «Апполон көбелегі» повестерін атауға болады.
«Даңқ түрмесінің тұтқыны» романының негізгі кейіпкері – Баймырза Нұртайұлы. Оқиға қатерлі ісіктер ауруханасының ауласында отырған науқастарға газет сатып жүрген журналист жігіт пен науқас жандардың әңгімесінен басталады. Науқастарына қарамай әзіл-қалжыңмен отырған жандарға қарағанда, ауруханада жатқан келіншегіне мысықтабандап ұрлана басып келіп жүрген Баймырза Нұртайұлының ісі оқырманның көңілін өзіне аударады. Жазушы еңбегін тиын-тебенге бағалаған журналист жігіттің тірлігі арқылы еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы ел экономикасының тұралаған күйінен хабар берсе, біреу көріп қоймаса болғаны деп мысықша басып келетін Баймырзаның тірлігі арқылы оқырманға ой салған.
Бұрынғы министр, зейнетке шыққанша Мәжіліс депутаты болған Баймырза қатерлі ісіктерді емдейтін ауруханаға кіруге арланғанмен, онда өзінің жары емделіп жатыр. Осы ауруханада жатқан науқастардың дерттеріне шипа іздеп жатқандары белгілі. Алайда сол аурудың бәрі қалай пайда болды деген сауалға жауап іздеген жазушы қазақ жерінің бәрі де экологиялық апатқа ұшырап, жер эрозиясынан адамзат баласының зардап шегіп жатқанын ұқтыруға тырысқан. Салтанаттың Қызылордаға қатысы болғанмен, басқа науқастардың Қазақстанның әр түкпірінен екенін ескеретін болсақ, ғасыр дертіне айналған осындай қасіреттердің алдын алу – бүгінгі қоғамның кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі.
Бұрынғы шенеунік Баймырзаның өмір бойы жалған даңқтың жетегіне еріп жүруі ащы болса да шындық. Кеңес Одағы тұсында олар коммунистік партиядан қорықты. Дегенмен партиядан қорқып қарап жүрмей, қыз-келіншектерге көзін сала білді. Бірақ қолмен істегендерін мойынмен көтеруге шыдамады. Өмір бойы Салтанатқа халықаралық симпозиум, Мәскеуге шұғыл шақыруда деп Қара теңіздің құм жағалауында демалып үйренген сабазың «адамды алдау болғанмен, Алланы алдауға болмайтынын» білген жоқ. Жас Ұмытханды ермек еткен министрдің өз баласы әкесіз өскеніне жаны қиналмайтыны аянышты. Жазушы туған жердің тосын табиғаты оның атақ-даңқына қарап құрмет жасамайтынын еске салған. Кіші теңіздің ақ бас толқындарына күздің қара суығы қосылған соң не оңсын. Бөгеттегі апатты жағдайға тап болған қаланың ақсаусағы үсті малмандай су болып, сүйегінен өткен суықтан бір апта тілден қалып облыстық ауруханаға түседі. Көкарал бөгетінің ашылу салтанатына қатыспақ болған, Байқоңыр айлағы жерасты суларының жобасын шетелдіктерге сатпақ болған Баймырзаның тірлігі «адам-қасқырлардан басқасының бәрімен күресуге болатынын» еске салады.
Барсакелместің тұрғыны Ұмытханның өмірі де талай тарихтан сыр шертеді. Жас медбике келіншектің астаналық министр мырзаны күтемін деп жүріп аяғы ауыр болып қалуы, тоқал тамда тұратын жалғызілікті әйелдің баласын өсіріп азамат етуі, кісінің ала жібін аттамаған баласы Қабыланның жазықсыз сотталуы, аты бар да, заты жоқ әкеден баласына қайыр болмауы – бәрі де шынайылығымен баурайтын оқиғалар.
Романдағы әрбір кейіпкердің өмір тағдыры тәуелсіздік тұсындағы қазақ өмірінен хабар берер оқиғаларға толды. Сондай кейіпкердің бірі – атақты кинорежиссер Ғафиз Түнғатарович. Мәскеуден білім алған талантты жігіттің еңбек жолын бастамай жатып сағы сынуы – 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысының өмірді жаңа бастаған талай жастардың болашағына балта шапқандығының көрінісі. Жазушы осындай тарихи шындықтарды көркем шындыққа айналдыра отырып, қоғам өміріндегі адам тағдырын көтерген. Желтоқсан туралы түсірген алғашқы тырнақалдысынан тауы шағылып, үш әріптің қадағалауында болған өнер иесінің ішімдікке салынып жүруі – тығырыққа тірелген шығармашылық иелерінің дағдарысқа ұшыраған сәттегі жан күйзелісінің көркем бейнесі.
Ғафиздің ендігі ойы – жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ халқының қанының тазалығы, тектілігі жөнінде материал дайындап, қазақ деген ұлы халықты әлемге таныту. «Қазақ халқы жерасты мұнайының көптігімен емес, түбі қан тазалығымен де әлемдік аренаға көтеріледі ертең-ақ!» дейтін режиссердің ендігі кейіпкері – тас қапаста жатқан «қазақтың тарзаны» атанған Қабылан. Әкім қаралардың ішімдікке тойып алған балаларына Барсакелместің аңдарын атқызбағаны үшін өзі кінәлі болып түрмеде жатқан қорықшының тағдыры – біздің қоғамдағы «кішкентай адамдардың» титімдей де құны болмауының мысалы.
Жазушы Қабылан бейнесі арқылы қазіргі таңдағы донор болып жүрген, яғни іш құрылыстарын ақшаға саудалап күнелтіп жүрген замандастарымыздың өмір тіршілігінен хабар берген. Қазақтар үшін бағасы түкке тұрмайтын Қабыланды шетелдік миллионердің аса жоғары бағалап, оған бар құрметін жасауы қазақ деген халықтың тектілігін танытуға саяды. «Әлем мойындаған қаны таза халықтың құлдық психологиядан айырыла алмай, әлі күнге дейін ел соңында салпақтап жүруі – ұят және өлім! Арба сүйреткен ауруларымыздың күс-күс алақандарын ыстық суға салып отыратын күндері таяп қалды. Осылардың жиынтық бейнесін экранға шығару оңай шару ма?!» дейтін Ғафиздің бар арманы қазақтың таза қанын әлемге паш ету. Сол арқылы қазақтың көшпелі, оқымаған надан, бұратана халық емес, сан ғасырлық тарихи бар аса зиялы, мәдениетті халық екенін таныту.
Төрт сағатқа созылған операцияда төс сүйек тұсынан бұрғылау әдісімен алған Қабыланның кемік майын бейкүнә періштенің жанына жіберіп жатты. Брунейлік миллионер тұңғыш ұлының денсаулығынан барын аямай, Ұмытхан мен Қабыланды Барсакелместен Алматыға ұшақпен алдырып қошаметін жасап жатса, «Үкімет адамы деген атымыз бар. Атағымыз бар...» деп баласынан бас тартқан Баймырза «Иә, Қабылан менің ұлым еді» деген сөзді айта алмай жалған даңқтың жетегіне ере барды. Жыл сайын ақшалы алпауыттардың есімін анықтайтын американдық «Форбс» журналынан Қабыланның таза қанын азаматтық әм адамгершілік тұрғысынан орынды пайдаға асырған брунейлік мырзаның есімін көргенде Баймырзаның талып қалуы да сондықтан. Осы оқиғаларға қарап отырып, асты қара алтынға толы жерде отырған қазақ халқының мүшкіл халіне еріксіз налисың. Ел ерге қараған заманда Баймырза сынды ерлердің жерге қарауы, әрине, өкінішті. Жазушы брунейлік миллионердің баласы үшін жасаған мырзалығы мен Баймырзаның өз баласынан бас тартуы арқылы бүгінгі таңдағы азғындаған замандастарымыздың жарқын бейнесін кейіптеді.
Қаны таза, текті халықтың бүгінгі ұрпағы осылайша даңқ түрмесінің тұтқынына айналуы – тәуелсіз қазақ елінің қазіргі қасіреті. Оқырманды «Тәуелсіздігіміздің құны адам құқын аяқ асты ету болғаны ма?!» деген ой мазалайды. Қоғам мен адам арасындағы асқынған қасіретке шипа іздеген қаламгер оның дәруменін табуды оқырманға қалдырған.
Повестері. «Тоқта, өлемісің?!» повесінде бір отбасының өмірі арқылы үлкен қаланың тыныс-тіршілігінен хабардар боламыз. Қаладағы маршруттардың бірінің жүргізушісі болған Бөрібайдың тіршілігі домалана жөнелгеніне қарап оның шаруақор екенінен хабардар болсақ, тапқанына иелік ететін Гүлжәмиланың Бөрібайды тырп еткізбейтініне қарап, жұмыртқадан жүн қырқатын пысықайдың үйінде отырғанын сезінеміз. Қала сыртынан зәулім үй салып, қоныс тойын тойлауға асығып жүрген ерлі-зайыптылардың өмірі бір қарағанда әп-әдемі үйлесіп тұрғандай көрінгенмен, мұның бәрі жәй ғана сырт көзге жағылған сырлы бояу екеніне лирикалық шегіністен қанығамыз.
«Байқоңыр іргесіндегі қазақы ауылда өмір сүрді, тәп-тәуір өмір сүрді. Содан кешегі Кеңес Одағы құлаған соң бұлардың тіршілігі де тақырға шашылған шілдің боғындай жан-жаққа пышыраған. Қаракөл елтірісін өндіретін атақты қой совхозының зәулім шаңырағы бір-ақ күнде ортасына топ ете түсті. Білдей механизатор Бөрібай және ондаған Бөрібай секілділер қу тізелерін құшақтап, ошақ бұтын күзетіп қалды да барды», – деген жолдардан кешегі Кеңес Одағы ыдыраған тұстағы шаруашылықтардың тас-талқан болғанынан хабардар болсақ, Бөрібайдың қалаға қоныс аударуының басты себебі арыда жатыр. Жұмыссыз қалған жігіттердің космодромнан шай-пұл тауып жүргені әдірем қалсын, бәрінен де Бөрібайдың қасындағы серігінің сол алюминий бөшкесінен уланып өлуі емес пе мұны туған жерден кетуге мәжбүр еткен. Болмаса бұл да басқалар секілді өлместің күнін көріп сол туған ауылдың төсінде жүрер еді. Қалада жүрген қашқынның ендігі жүрісі мынау. Біреу-міреу танып қоймасын деп, кепкасын баса киіп, адам баласына жуымайды. Жақындап әңгіме айтқандардың өзіне ашылып сөйлегенін тірі жан көрген емес. Иә, осындай бұйығы өмір кешіп жүретін Бөрібайдың өмірі бір сыдырғы өте берер еді, егер салып жатқан үйін тездете бітіру үшін жалға келген жігіттердің өзі үш-төрт жылдан бері көрмеген анасын көргені болмаса. Бірсыдырғы өмірдің бір күнде күрт өзгеруі де содан. Сол елден келген жігіттердің әңгімесінен.
Ауылға деген сағынышын ауылдан келген жігіттермен әңгімелесіп баспақ болған Бөрібай ойының күл-талқанын шығарған да Гүлжәмила. Ауылдан алып кеткен де, ел туралы айта қалса, зәресін зәр түбіне түсіріп, елмен хабарласудың қауіпті екенін миына құйып отыратын да сол – өз бәйбішесі. Елдегі анасының өтініші бойынша қорасын жаңалап берген жігіттер енді өз үйінің құрылысын жасап жатыр. Бұдан артық қандай туысқандық керек. Қоныс тойында осы жігіттерді елден келген інілерім деп төрге отырғызып бір сыйламақ болып жүрген Бөрібайдың бар арманының күлін көкке ұшырған да Гүлжәмила. Енді онымен бірге тұрғанша, жол апатына ұшырап өлгенді артық санаған Бөрібайды әйелінің «Тоқта, өлемісің?» деп айқайлағаны да тоқтата алмады. Себебі ол сол өлімге бас тігіп бара жатыр еді.
Бөрібай – дүниеқоңыз әйелінің сөзіне еріп, елден, елдегі анасы мен қарындасынан біржола қол үзіп қалған жан. Ауылдың әңгімесін есту, туған-туыстың хабарын білу – ол үшін үлкен бақыт. Сол бақытынан айырылу оны өлімге итермелеп тұр. Гүлжәмила үшін өмірдің қызығы да, бақыты да – дүние. Елдегі ене, туған-туыстың құны ол үшін түкке тұрмайды. Тіпті енесі естіп қалса, қоныстойға келіп қала ма деген қорқынышы да бар.
«Апполон көбелегі» повесі он-он бір жасар Қырмызының әңгімесі арқылы өрбиді. «Адам баласы күнмен бірге күліп оянуға тиіс қой» деп ойлайтын Қырмызының «Күнмен күліп ояну» қағидасын қасындағылардың түсінбейтіні өкінішті. «Терезенің пердесі ашық. Ақ бетіңнен аймалап жатқан ала мысықтың құйрығы еместігіне енді көзің жетеді. Шаң-тозаңға әлі араласып үлгермеген күн сәулесі бетіңнен, кірпігіңнен, маңдайыңнан шөп-шөп сүйеді-ай келіп, сүйеді-ай дейсің! Ал көршілер болса осыны да түсінбейді. Күн көзіне суарылған кірпіктің ұзын әрі әдемі болмасына шарасы қайсы» – дейтін авторлық ойтолғақ күн көзін сүйетін кейіпкердің ойын толықтырып тұр. Күнмен бірге оянып, күнмен бірге күлетін кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымдарын төңірегіндегілердің бәрі түсіне бермейтіні өкінішті.
Бір үйдің көзге көрінбейтін ұсақ-түйегінің бәріне Қырмызы жауапты. Тіпті әке-шешесінің асығыс-үсігіс ішіп, жинамай кететін шайы дейсің бе, еден жуу, сыртқа қоқыс шығару, гүлдерге су құю, бұлардың үстіне биология пәнінен сабақ беретін Жасарал ағайдың тапсырмасын қосқанда, оның қолы қалт етіп босамайтыны өзінен-өзі түсінікті.
Қазір бір үйдің тірлігіне жарап қалған қыздың осыдан үш-төрт жыл бұрын түк түсінбей Аполлон көбелегін көргендегі күйіне назар аударыңыз: «Оу, Кәрібоздың бүгінгісіне жол болсын, кісі бола қалыпты ғой, жүдә. Шынымен Аполлон көбелегін көрмей тұрғаны ма? И...и, кепкесімен баса салсашы» деп ойлайтын кішкене қыздың қызыл пүліштің астындағы табытпен де, оның ішіндегі мүрдемен де ісі жоқ. Содан ғой оның: – Аполлон, біздің ауылға Аполлон келді, – деп тұншыға дауыстап жүргені.
Аполлон көбелегінің аулаға келгені үшін қуанған қыздың сол қуанышына ешкім де ортақтаспады. Ортақтаспақ түгілі әкесі бүйір тұсынан солқ еткізіп жұдырығымен қойып қалды.
Үсті-басын бүлдіріп келетін ойын баласына болысатын әжесі еді бір кезде: «Мұндайда шыр-пыр боп араға түсетін әжесі еді. «Аяқтарың салбырап, осы күйлеріңше аспаннан түсе-түсе қалып па едіңдер! Өй, өңшең найсап, тәйт әрі! Шәрипа, ие бола алмайтындай қырық қызың өріп жүр ме немене?! Өнесі-ай, жалғыз баланың жанын қуырып?!», – деп болыса кететін. Әжесі кеткелі мұның жанын түсінетін кім бар, әке-шешесінің жүрісі анау күні бойы далада. Әжесін ойлап мұңаятын қыздың үш бөлмелі пәтерде күні-бойы жалғыз қалатыны жаман. Біріншіден, оның не аға-әпкесі, не іні-сіңлісі жоқ. Жазушы оны Қырмызының жалғыз қалғанда елегізуі арқылы нанымды бейнелеген. Жалғызсыраған қыз үшін көршінің баласын балабақша апарып-әкелудің өзі үлкен бақыт. Бірақ бұл қуанышын да әкесі көп көріп, қала сыртына көшкелі жүр. Мұның бірі де оған ұнамайды. Ұнамайтыны мұнда жақсы көршілері бар, үйде жалғыз қалғанда Тамара Леонтьевнамен әңгімелесіп уақытын өткізеді. Жас шықса аяғы ауыратын жалғызбасты кемпірге таудан түйежапырақ теріп келіп, аяғын емдемек.
Жазушы Қырмызының тіршілігі арқылы қала тұрғындарының күйбің тірлігі мен олардың өмірлік ұстанымдары, көзқарастарынан толыққанды хабар берген. Соның бірі – өзінің отбасы. Әке-шешесінің күні бойы далада жүретіні, қыздарымен ісі болмайтыны үлкен шаһар адамдарының қым-қуыт тіршілігін байқатса, кішкентай қыздың өзі өмір сүріп отырған қоғамнан орын таппайтыны, әрине, өкінішті. Қоғам түгіл өзі үйі өзіне жат. Себебі, Қырмызыға әкесі, не шешесі уақыт бөлген емес. Сондықтан да ол кішкене қошақандарды өзіне серік етеді.
Күнтуғанның Алматыда 5-6 балдық жер сілкінісі болатынын газеттен оқып, ондағы қауіпті аймақтарды көрсеткені сол еді, оның зәресі зәр түбіне кетті. Сол, сол-ақ екен Қожамсейіт қаладағы үш бөлмелі пәтерін тау бөктеріндегі жеке үйге айырбастады да жіберді. Ондағы ойы жер үйге барған соң, онда құндыз асырап, әйеліне құндыздан тон кигізбек. Бірақ ол мектеп жасындағы қызының жағдайын ойлап бас қатырмайды. Ең бастысы жеке үйдің аты жеке үй. Онда көп пәтерлі үйдегідей есікпе-есік отырып, кіріп-шыққандарын қадағалайтындар болмайды. Не істеймін десе де өз еркі.
Қожамсейіт серігі Күнтуғанды қала сыртына шыққан сапарларында тастап кетуді көздейтін. Оның басты себебі – жолда кездескен олжасына ортақ етпеу. Дегенмен бір сапарға бірге шыққан Күнтуған оның айдың-күннің аманында жасаған ұрлығына еріксіз куә болады.
Авторлық ұстаным: «Дап-дардай басымен және айдың-күннің аманында ұрлық жасамақшы, ә! Не жетпей жатыр? Ең құрыса, жалғыз қызыма біреу-міреудің қарғысы тиіп жүрмесін деп те тәубесіне келер. Жолда жатқан дүние болса, атамнан әрмен! Алсын, ала берсін! Оу, отардан жырылып қалған қозылы қойдың иесі бар ғой. Жо-жоқ, алдынан жеті басты жылан шыға келгендей, қос қолымен ауа қармап, кейін шегінді...» деген кейіпкер ойымен қоса өрілген. Саулығынан ажыратып алған қос қозыға араша түскен Күнтуғанның өзі түн қараңғысында далада қалған жоқ па? Түз тағысына жем бола ма деп қос қозыны аяған Күнтуғанды Қожамсейіттің аямайтыны белгілі. Осы эпизодтың өзі-ақ – «дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, Қожамсейіттің көзіне түскенді жымқырып кететін ашкөздігіне мысал. Оны тілегені үйдегі жалғыз қызының денсаулығы емес, ХХІ ғасырдың байларының қатарына қосылу. Сол байлықтың мұрагері бар ма, жоқ па, ол дүние кім үшін деген сауалдарға басын қатыратын сабазың ол емес. Мұның сырын «Сананы тиынның сылдыры билеген жерде қиял байғұс қайтіп опа табушы еді? Кетеді лағып...» деген авторлық ұстанымнан байқау оңай.
Дамыған елдердің қатарына қосылғалы жатқан елдің үлкен қалаларының тіршілігі адам айтқысыз екенін мына жолдардан көруге негіз бар: «Автобусқа итініп-сұғынып ілігуін ілігер ғой. Одан арғысына жаны төзбейді. Қалалық байғұстардың жұмысқа барар, қайтар тірліктерін құдай адам баласының басына бермесін. Тозақ әншейін, әдейілеп істейтіндей ұзында өші, қысқада кегі бар ма. Инабат, ізет сақтап-ақ өте шыққың келеді. Сөйткенше, әлдекімдердің бөкселерінің арасында қысылып қалмас үшін жан екпінмен алға ұмтыласың. Әне, алдыңғы қатарда әзер тұрған бикештің баж ете қалғандығын бір-ақ аңғарасың. Аяғын мыжып кеттің. Жаның ашиды. Е, сенің тұзы татымсыз кешірімің керек-ақ еді оларға».
Алғашында Аполлон көбелегін көргеніне алақайлап қуанып жүрген Қырмызының келе-келе ертеңгілік нан дүкеніне де, сүт дүкеніне де томпаңдап жүгіріп, келе-келе анасына қолғанат болып қонақ күтуге жарап қалғаны оның күн санап бой түзеп келе жатқанын байқатса, мектептен келе салып қозыларына су тасып, солардың жем-шөбімен әуре болып жүруі – оларға бауыр басып қалғандығының айғағы. Бірақ Қожамсейіт қызының бұл бақытын да көпке соза алмады. Жем-суы мол, күтімі жақсы кішкентай қозылардың құйрық байлап көзге түскені сол еді. Оны да кәуәп пісіретіндерге сатты да жіберді. Бауырына басқан сүйкімді қозыларына жасаған әкесінің бұл опасыздығын кешіре алмаған Қырмызы мұндай соққыны көтере алмай мезгілсіз өмірден озады.
Шығарманың прологы: «Бір тікұшақ, екі «жедел жәрдем» мәшинесі және білікті дәрігерлерден жасақталған оперативті топ Қырмызының өлі денесін келер күннің түс әлетінде бастауға тақау жердегі бір шоқ арша бұтағының түбінен тауып алды. Бейкүнә қыз сол күнге қарап күлген қалпында көз жұмыпты. Қайдан тап болғаны белгісіз, шашына сарғыш Аполлон көбелегі келіп қонақтапты...» деп аяқталады.
Еуропаның таулы аймақтарында Кавказ, Батыс Сібірде таралған желкенділер тұқымының көбелегі қызыл кітапқа енгендіктен жазық далалық аймақтарда сирек кездесетінін ескеретін болсақ, авторлық ұстаным мұны көбелек кейпіне енген Қырмызының жаны ретінде түсіндіретін тәрізді. Шығарма басында табыт үстіндегі қызыл пүлішке қонатын көбелек пен Қырмызының шашына қонып отырған көбелектің негізі осыған саяды.
Ел ағасы жасына келген Қожамсейітті бүгінгі өзіміз көріп жүрген біздің замандастардың жиынтық бейнесі ретінде қабылдауға негіз бар. Автор оның пиғылын былай сипаттайды: «Иманды ұмытқалы қашан, құдайды ұмытқалы қашан. Мешітке барып қайыр-садақа беруден қашқақтайды. Күнәһар да болғысы келмейді. Тас шауып жатқандай, бәрін жиып-теріп, «қол тимейді ғой» дегенге итере салғысы-ақ келеді». Ол дүниенің соңына түсіп, тиыннан ақша жасаудан басқаны көздемейтін Құдайдан безген жан болса, оның серігі Күнтуған – жас та болса адамды алдауға болғанмен, Алланы алдауға болмайтынын білетін иманды жан. Бұдан шығатын түйін Күнтуған тәуелсіздік тұсында дүниеге келген ислам дінін түсініп өсіп келе жатқан ұрпақ өкілі болса, Қожамсейіт – кешегі кеңестің дәуір тұсында атеистік тәрбие алған буынның өкілі. Сондықтан да ол Алла, Құдай деген сөздерге сене бермейді. Ал, Қырмызы – біз өмір сүріп отырған қоғамның былығымен де, шылығымен де ісі жоқ бейкүнә періште. Сондықтан да оның «Күнмен бірге күліп ояну керек!» деген ұстанымын басқа түгіл өзінің әке-шешесі де түсінбейді.
Қожамсейіттің тірлігінен туралап келген ажалдан қашып құтыла алмайтынымызды ұғынуға болады. Ол – зілзаладан қашып үй ауыстырғанмен, жалғыз қызына ажалдың қайдан келетінін түсінбеген көрсоқыр жан. Жүрегі ауыратын сезімтал қызын ашуландыруға болмайтынын біле тұрып, оларсыз бір күн өмір сүре алмайтын қозыларын қолма-қол сатып жіберуі арқылы қызының жанын жаралап тұрғанынан бейхабар. Содан кейін бір аптадан соң болған зілзаладан қала тұрғындары аман қалғанмен, сұм ажалдан Қырмызыны ешкім аман алып қала алмады.
Қ.Жиенбайдың шығармалары бүгінгі өзіміздің қасымызда жүрген замандастарымыз туралы ой түюге жетелейді. Ол дүниенің соңына түскен дүниеқоңыз жандардың тіршілігі арқылы «дүние – боқ» екенін ұғындырады. Жоғарыдағы шығармаларында жазушы мал-мүліктің ата-ана, бала-шаға, туған-туыстан жақын бола алмайтынын ұғындырады. Мұның өзі – қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғамның өзекті мәселелерінің бірі екені белгілі.
Жазушының «Мылқау», «Өгей», «Байқоңыр мен Ватиканның арасы», «Аралқұмның Абрамовичі», «Қашқын», «Үрей» әңгімелеріне Байқоңыр, Арал, Көкарал, Қорқыт кесенесі туралы оқиғалар негіз болса, «БББ», «Етектегі ескі зират», «Күн түспейтін терезе», «Үңгір» әңгімелеріне адам баласының пендешілігі, қанағатсыздығы, дүниеқоңыздығы арқау болған. «Мылқаудағы» мектеп оқушысы Шымберген, «Өгейдегі» Мөңкебай, «Байқоңыр мен Ватиканның арасындағы» зейнеткер Есберген, «Аралқұмның Абрамовичіндегі» кәсіпкер Керімқұл, «БББ-дағы» «бақа баққан Базарбек», «Етектегі ескі зираттағы» жұртты таңғалдыру үшін жаралған Өтағаң, «Күн түспейтін терезедегі» зейнеткер математик Әбдірәсіл, «Беймәлім диагноздағы» жүрегін домбырамен емдейтін Жарылқапберді, «Үңгірдегі» ұрыдан қорыққан Рақымбек, «Тас құдықтың тұнығындағы» Шуақ, «Қашқындағы» ерлі-зайыпты Төремұрат пен Жұмагүл, «Үрейдегі» шырақшы Қайыпжан, «Сатқындағы» суретші Өмірзақ – бәрі де өмірден алынған, өзіндік болмысымен ерекшеленетін кейіпкерлер. Аталған әңгімелерге арқау болған оқиғалар мен оның кейіпкерлерінің тіршіліктеріне қарап отырып, адам баласының тіріде көзі тоймайтындығына иланасың. Себебі, бұл шығармалардың негізгі кейіпкерлері бүгінгі таңда арамызда жүрген замандастарымыз. Автордың Құдайдан безген, ата-баба рухына құран бағыштамайтын, қайыр-садақа бермейтін замандастарын, имандылыққа, қанағатшылдыққа, сабырға шақыру арқылы қазіргі қазақ әдебиетіндегі мәңгілік мұраттарды көтеруі қуантады.
Әңгімелері. «Етектегі ескі зират» әңгімесінде алмағайып заманда Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған Өтағаңның үлкен үйде ұзақ қызмет істеуіне кезігеміз. «Өсетін бала жағына туады» дегендей, Өтекең өсу үшін бастық біткенге жағына жүріп, өзі де қызметтен айырылмай табандап жүріп зейнетке ілігеді.
Зейнетке шыққан соң, өзінен кейінгілердің қошеметіне үйренген ол «Сіз жұртты таңғалдыру үшін жаралғансыз» деген елдің көпіртпе сөзіне имандай сенді. Алайда оның елден өзгешелігі жоқ екені өмірден өткен соң белгілі болды. «Елді таңғалдыру үшін жаралған жан» деген сөзді жанындай жақсы көретін Өтекеңнің жаназасы өзі ойлағандай болған жоқ. Жүрек талмасынан кенеттен қайтыс болған оны қыс айында Кеңсайдың ұшар басына алып шыға алмағандықтан ағайындары мен балалары етектегі елеусіз зиратқа жерледі. Бұл жолы «Төбенің ұшар басынан лайықты орын дайында» деген Өтекеңнің аманаты жүзеге аспай қалды. «Адамның басы Алланың добы» дегендей, кімге қай жерден орын бұйыратынын бір Құдай біледі.
«Күн түспейтін терезе» әңгімесіндегі қырық жылдай математикалық теңдеулер теориясынан дәріс оқыған Әбдірәсіл – туабітті ғылым адамы. Қызы Бибіажардың кесірінен аяқ астынан зейнетке шықты. Ендігі жүрісі мынау, бизнесмен баласының үш қабатты коттеджінің күзетшісіне айналғаны мынау. «Күн түспейтін терезе секілді ішкі әлемі барған сайын күңгірт тартты» деп аяқталатын әңгімеден ректордан әкесіне күн түсетін терезе даулап жүрген қызының қылығы «мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылған» жанның кейпін танытады.
«БББ» әңгімесінде тоғаннан тәжірибе жасау үшін банкіге тірі бақа салып әкелетін биолог Базарбектің алғашында «Бақа баққан Базарбек», кейін «БББ» атануына кезігеміз. Бақаларына ғаламтор арқылы Пенсильвания штатындағы бір ғұламаның назары түскені Базарбектің өміріне өзгеріс алып келді. Бірақ «Арқарлыны» «Бақалыға» ауыстырғанмен оның жолы да оңбады, ісі де өнбеді, ғұламалармен кездесуі де болмады.
«Байқоңыр мен Ватиканның арасы» әңгімесінде де космодромның сенімді өкілі мен Есберген арасындағы оқиғалардан біраз сырға қанамыз. Есберген жергілікті тұрғын ретінде айлақтың зиянды жақтарын жасыра алмайтын кейіпкер болса, Құлмұрат – «көрмес түйені де көрместің» кейпін танытатын жан. Ватиканнан келеген дінбасылардың делегациясына қызмет жасаған олар «Байқоңыр мен Ватикан – бауырлас қалалар» деген құжатқа қол қойылуына куә болады.
«Беймәлім диагноз» әңгімесінде жүрегіне ота жасатып жан сақтау бөлімінде жатқан Жарылқапбердіге кезігеміз. Мәскеуден білім алып, шетелдік клиникадан тәжірибеден өткен Махаббат Әбдісәлімовна – жүрек қан тамырларына ота жасаудың шебері. Оның Жарылқапбердінің үш жерден бітелген қан тамырларына жасаған отасы сәтті шықты. Алайда дәрігерлер Жарылқапбердінің жүрегіне домбырамен салған әні шипа болып жатқанын білген жоқ.
«Күйік» әңгімесінде жалғызбасты қала тұрғыны Нұржамалға кезігеміз. Өз әкесін білмей өскен қыздың әнші әкесіне біреулердің қастандығымен өлтірілгені өкінішті. Алайда әкесінің әндерін тыңдаудың орнына шет елдіктердің музыкасына үйір жастардың қылығы қазіргі жастардың өмірінен хабар береді. Мәшине апатынан қайтыс болды деп жаба салған істі жалғызбасты әйелдің өтініші бойынша кім қайта қарасын? Бұл да біздің қоғамның елдің көзі үйренген былығы мен шылығы.
«Үңгір» әңгімесіндегі «Рақымбектің ранчосы» атанған атшаптырым аулада тұратын Рақымбектің мазасын алған ұрылар еді. Жұмағалидың сарайына түскен ұрылар ендігі бас көтерер Рақымбектің үйіне түсетінін іші сезеді. Ауладан үңгір қазып, бар бағалы дүниесін сонда тыққыштаған Рақымбердінің ел ішіндегі дағдарыс өткенше мазасы болмайтыны белгілі.
«Аралқұмның Абрамовичі» әңгімесіндегі екі супермаркет ұстайтын Керімқұл, бекет бастығы Қайыпберген – Байқоңырдан алпыс шақырым жерде жатқан Аралқұмның тұрғындары. Теміржолшы кезінде тапқан жалақысына бүйірі томпаймаған Керімқұл – осы супермаркеттерін ашқалы жағдайы түзеліп, жаһандануға қарсы қадам басқан жан. «Ата-баба аруағына құран бағыштауды екібастан жылы жауып қойған. Сараң, Шығайбайға айналып барады Керімқұл. Елден бөлектенеді де жүреді, әлденеден үрейленеді де жүреді» деген жолдар оның дүние соңына түсе бастаған дүниеқоңыздығын танытады. Байқоңырға барған Рим папасын күтпек болған әкімнің қадірлі қонақты Керімқұлдың үйіне түсірмек болуы, Рим папасының онда бармай Ватиканға ұшып кетуі, жайған дастарханына өзі бөлектеніп жүрген ауыл жігіттерінің қонақ болуы шығарманың шырайын келтіре түскен. Жаһандану заманының бизнесмендерін жазушы осылайша Абрамовичке теңеу арқылы оның жарқын бейнесін жасаған.
«Сатқын» әңгімесіндегі суретші Өмірзақ, «Үрей» әңгімесіндегі Қорқыт кесенесінің шырақшысы Қайыпжан да бар болмысымен шынайы бейнеленген кейіпкерлер. Тракторист Қайыпжанның оншақты адамның ішінен Қорқыт кесенесіне шырақшы болуы, оның жан дүниесіндегі бір-біріне кереғарлық, санасының екіге, не үшке бөлінуі, екі тонна бидайды Әзбергеннің үйіне әкеп төгіп тастауы күмән туғызбайды. Себебі, Қайыпжан – көлденең олжаға үйренбеген, Құдай деген жан...
Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы,
«Қазақ әдебиеті», 17 сәуір 2015 жыл
Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket