НҰРАДДИН САДЫҚОВ: Президент тапсырмасы сол орындалмаған күйі қала бермек пе?

3000
Adyrna.kz Telegram

Кез-келген мемлекет экономикасының қозғаушы күші – логистика, тасымалдау. Есі дұрыс кез-келген мемлекет осыны реттесе, елде хаос болмай, тұрақтылық орнайды. Ал, оны өзге мемлекеттердің қолына берген елдің – экономикалық, азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келуі мүмкін.

Мен мұны неге алыстан орағытып отырмын? Қазіргі таңда отандық халықаралық бағытта автокөлікпен жүк тасымалдаушылар осы саланы қолдауды, яғни, жүк тасымалдаушы көліктерге алынатын утилизациялық алым коэффициентін азайтып, алғашқы тіркеуге төленетін алымды алып тастауды талап етіп, мәселе көтеріп келе жатқандарына біраз болды.
Себебі, аталған тасымалдаушылардың автопаркінің еуропалық маркалы SCANIA, Mercedes, DAF, Volvo секілді сапалы көліктермен жаңармауына кедергі келтіріп отырған факторлардың бірі – 1,6 млн теңгеден 5,9 млн теңгеге дейін баратын утилизациялық алым коэффициенттерінің жоғары болуы. Отандық тауар тасымалдаушылар нарығының өкілдері – негізінен автопаркі жаңа шетелдік тауар тасымалдаушылар тарапынан бәсекелестіктің артып келе жатқандығын, сол арқылы біздің іргеміздегі Қытайдан Еуропа елдеріне, Еуразиялық Одақ елдері мен Орта Азия елдеріне жүк тасымалдау позициясын нығайтып келе жатқандығын айтып дабыл қағуда. Ал біз, өз іргемізде тұрған несібемізді санаулы олигархтардың мүддесін қорғаймыз деп, қолдан беріп келеміз.
Сөзіміз құрғақ болмас үшін, кішкене цифрлар келтіре кетейік. Осындай жүк тасымалдаушы көліктердің саны Қазақстанда 7 мың болса, Ресейде 34 мың (бізден 5 есе көп), Польшада 247 мың (бізден 35 есе көп), Түркияда 69 мың (бізден 10 есе көп), Литвада 38 мың (бізден 5,5 есе көп), Украинада 30 мың (бізден 4 есе көп), ең ақыры Белоруссияда 15 мың (бізден 2 есе көп). Елімізде аталған саланың қолдаудан тыс қалуының салдарынан, біздің отандық тасымалдаушылардың халықаралық тасымалдаушылар нарығындағы үлес салмағы айтарлықтай түсіп кетті. Атап айтар болсақ, бұл үлес 2017 жылы 52% құраса, 2018 жылы 46%, 2019 жылы 37%, 2020 жылы небәрі 31% пайызды құраған.
Ең қызық жері, 2016 жылы утилизациялық алымды енгізгеннен бастап, отандық жүк тасымалдаушылардың автопаркі БАР БОЛҒАНЫ 800 АВТОКӨЛІККЕ ЖАҢАРҒАН! Жылына небәрі 160 көлік қана кіргізіліп отырған! Енді тағы бір айта кетерлігі, халықаралық жүк тасымалы саласын дамыту үшін, одақтасымыз Белоруссия мен іргеміздегі Өзбекстан жүк көліктеріне утилизациялық алымды алып тастады. Бұл дегеніміз – біз өзіміздің жүк тасымалдаушыларды қолдан тұншықтырып, өзгелерге жол ашып беріп отырмыз деген сөз. Демек, сенің жүгіңді тасымалдау бағасын олар қалай қоямын десе де, өздері білетін болады.
Осы сала өкілдерінің алаңдаушылығына биыл, 10-шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берген болатын. Алайда, содан бері бақандай бес ай өтсе де, бұл мәселе шешімін табар емес. Сонда Президент тапсырмасын сол орындалмаған күйі қала бермек пе?

Пікірлер