Елбасы Тәуелсіздік туралы конституциялық заң қабылдаудағы қиындықтарды айтты

2070
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында жазды.

«Кейін зерттеушілер «егемендік шеруі» деп айдар таққан үдеріске 1989 жылы алдымен Балтық елдері кірісіп, Кавказ елдерінде жалғасты да, артынан бүкіл Кеңес Одағын қамтыды. 1990 жылдың аяғына дейін Одақ құрамындағы 15 республика түгелдей өз егемендігін жариялап үлгергенімен, Эстония, Литва және Латвия елдерінен басқа 12 республика әлі Одақ құрамында болатын. М.С.Горбачев қаншалықты жанталаса қимылдап, Одақты сақтап қалуға әрекет еткенімен, КСРО-ның одан әрі ыдырауын тоқтату мүмкін емес еді. Келесі 1991 жылдың 18-21 тамызында әйгілі «тамыз бүлігі» болды. Бұл Кеңес Одағы басшылығының дәрменсіздігін күллі әлемге танытты. Соның нәтижесінде 1991 жылдың тамыз-желтоқсан айларында қалған республикалар түгелдей өз тәуелсіздігін жария етті. Саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіпке негізделген орталықтағы басшылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тарапынан жіберілген жалғыз қателіктің өзі орны толмас трагедияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді. Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық. Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты», - деп жазады Елбасы.

Пікірлер