Елбасы: Отыз жыл ішінде біраз шаруа атқарылды

1527
Adyrna.kz Telegram

Бүгін мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні. Осы орайда  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2021 жылы өткен шараларда сөйлеген бірқатар қанатты сөзін ұсынамыз.

2021 жылғы 7 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Православ шіркеуінің жоғары наградасы – «Алғыс» ордені табыс етілді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз толеранттылықты, барлық этностар және діни конфессиялар достығы мен сенімін нығайту саясатын ұстандық. Бірлік пен достық – тұрақтылық пен дамудың кепілі».

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр-Сұлтан қаласындағы №115 сайлау учаскесіне барды.

«Отыз жыл ішінде біраз шаруа атқарылды. Ынта-жігер мен береке-бірліктің арқасында бірталай жетістікке қол жеткіздік. Ең бастысы – біз мемлекеттің негізін қаладық».

2021 жылғы 11 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының республикалық сайлауалды штабына барды.

«Әлемде коронавирус індетіне шалдыққандар саны артуда. Дүниежүзілік банк әлемдік экономиканың құлдырауы мен жұмыссыздық өседі деп болжап отыр. Бұл жағдайда біртұтас саяси күштің айналасына топтасқан қоғам ғана жеңіске жетеді».

2021 жылғы 11 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне сайланатын депутаттарға дауыс беру рәсіміне қатысты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламент Мәжілісіне ұсынылып отырған тоғыз кандидат – Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдері. Біз Ассамблеяны сақтап, оның институттарының дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы 25 жылдың ішіндегі қызметі мен қолдауы үшін барлық Ассамблея мүшелеріне ризашылығымды білдіремін. Тек бірліктің арқасында біз толағай табысқа жетіп, Қазақстанды өркендетеміз».

2021 жылғы 3 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.

«Экономикалық, технологиялық, әлеуметтік ахуал мен сыртқы жағдайлар қалай өзгерсе де, біздің ешқашан мызғымайтын ұлттық мүдделеріміз бар. Бұл – Қазақстанның егемендігі, аумақтық тұтастығы, бірлік, саяси тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік әділдік. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы осы құндылықтарды қорғауға, биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Тәуелсіздігімізді нығайтуға негізделген».

2021 жылғы 31 наурызда Елбасы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты.

«Менің ұсынысым бойынша «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты дер кезінде әзірленді деп есептеймін. Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті саммитте қабылдаймыз. Бакудегі саммитте Кеңесті Ұйым деңгейіне көтеруді ұсынған болатынмын. Сол маңызды ұсынысты қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін».

2021 жылғы 28 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті.

«Қазіргі нарықтық экономиканы жаңадан құрдық, іргелі реформалар табысты жүзеге асты. Соның арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің және табыс деңгейі орташадан жоғары елдердің қатарына қосылды. Еліміз жаһандық ұлттар қоғамдастығының беделді әрі сенімді мүшесіне айналды – көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде желбіреп тұр. Біз халықаралық аренада өзіміздің ұлттық мүдделеріміз бен басымдықтарымызды жүйелі түрде қорғап келеміз. Қазақстанның мемлекеттік шекарасы заң жүзінде бекітіліп, оны әлемнің барлық елдері мойындады».

2021 жылғы 11 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты.

«Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады».

2021 жылғы 19 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.

«Шекараны барлық қауіп-қатерден қорғауды қамтамасыз ету керек. Шекара қызметі мен Қарулы Күштерді құру өзара үйлесімді әрі бірыңғай стандарт бойынша жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге шекаралық қауіпсіздік мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарастырған жөн».

2021 жылғы 21 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты.

«Сенімді серіктестермен және одақтастармен бірлесіп қана елдеріміздің экономикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге болады. Еуразия экономикалық одағы құрылғаннан бері ұйым мүшелері ең күрделі жағдайда да өзара мәмілеге келіп, бір-бірін қолдайтын серіктестер екенін көрсетті. Қазіргі жағдайға байланысты біз интеграция мен өзара түсіністікті бұдан да арттыра түсуіміз керек».

2021 жылғы 2 шілде де Нұрсұлтан Назарбаев елорданың «жасыл белдеуінің» даму барысымен танысты.

«Табиғатты аялап, тазалық сақтау қажет. Ағаштарды өрттен қорғап, жойылып кетуіне жол бермеу керек. Мұның бәрі өзіміздің балаларымыз үшін, келер ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатыр. Олар осындай керемет сый қалдырғанымыз үшін бізді мақтан тұтатын болады. Туған жерге деген махаббат – қазақстандық патриотизмнің маңызды бөлігі».

2021 жылғы 8 қыркүйекте Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысына қатысушыларға үндеу жолдады.

«Осыдан отыз жыл бұрын мен әлемдегі ең ірі ядролық полигонның бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл адамзат тарихында ядролық сынақтар өткізуге заңдық тұрғыда тыйым салған алғашқы шешім еді. Семей полигонынан кейін дүние жүзі бойынша басқа да полигондар жабылды немесе тоқтатылды. Ядролық сынақтарға тыйым салу жаһандық сипатқа ие болды».

2021 жылғы қарашада ҚР Тұңғыш Президентінің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы ретіндегі өз өкілеттілігін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдады.

«Мен партиямыздың негізін қалап, оған осы жылдар ішінде басшылық еттім. «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Біз партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам», – деді Елбасы.

Пікірлер