Имперлік идеяны шегелеп шегендейтін уақыт келді!

3002
Adyrna.kz Telegram

Тұран елдері ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитінің Ыстамбұл қаласының оңтүстік-шығысындағы Мәрмар теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өткенін білеміз. Аталмыш кеңеске Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, сондай-ақ бақылаушы ел ретінде Түрікменстан мен Мажарстан қатысты. Бұл – түркі халықтарын одан әрі жақындастыру жолындағы аса маңызды белес, тарихи меже.

Демагогиялық ұран, популистік риторикадан арылып, «Гибридтік соғыстың» ұңғыл-шұңғылына үңіліп, имперлік, өркениеттік негіздегі ұлттық идеяны шегелеп шегендейтін уақыт келді. Түркі мемлекеттері ұйымы – қай бағытты алсақ та, алып державалардың сателлиті болмай, түркі халықтарының әлем бойынша көш бастауына, корифей болуына үлкен мүмкіндік.

Ең алдымен қолға алу керек істердің қатарындағылар: теледидар, газет-журналдар, радио және интернет. Түркі халықтары эмпатиялық қарым-қатынас құру арқылы өзара ақпарат алмасу мүмкіндігін жетілдіре түсіп, нақты жолға қою қажет. Ол үшін ақпараттық тұрғыдан жоғарғы деңгейде әлемдік нарыққа шыға алатын маман-сарапшылардың, саясаткерлердің, журналистердің көп болғаны дұрыс.

Халқымыздың кейбір топтарының өзге өркениеттің құндылығымен сусындап отырғаны жасырын емес. Еліміздегі ақпараттық кеңістігімізді нығайту, ұлттық иммунитетімізді күшейтудің басты құралы – қазақ тілі. Сыртқы экспансияға төтеп беретін антивирусымыз – осы.

Қазақстан жерінің иесі де, киесі де мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болғай!

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы

Пікірлер