Тура Тәуелсіздік күні Алматыда 106 сәби дүниеге келді

4185
Adyrna.kz Telegram

Тура Тәуелсіздік күні Алматыда 106 сәби дүниеге келді. Тарихы терең бұл күнде туған ұл және қыз балалардың саны теңдей. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы Алматы телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Соның бірі Алматылық Самал Жүрсінбай. 16 желтоқсанда Самал алғаш рет ана атанды. Азаттықтың ақ таңына орай ұлының есімін Қайрат атады. Рысқұлбековтей ұлтжанды, батыр болсын деген ата-ана тілегі жерде жатпайды.

«Осы 16 желтоқсанда дүниеге келгендіктен, өзіміздің қаһарман Қайрат атамыздың атын беріп отырмыз. Тәуелсіз мемлекетімде осылай баламды қолыма алып отырғаныма өте қуаныштымын. Баламыздың салмағы 2 келі 100 грамм болды», – дейді қала тұрғыны Самал Жүрсінбай.

Баласын бауырына алған ана қалалық №2 перзентхананың дәрігерлеріне шексіз риза. Мұнда 16 желтоқсан күні 14 бала өмірге келіпті. «Осындай қуанышты да қобалжулы сәттерді еш алаңсыз бастан кешірудің өзі бір бақыт. Бұл да Тәуелсіздіктің тартуы» дейді аналар.  

«Ерекше сезім әрине болды. Себебі Қазақстан Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқан жас мемлекет қой. Тәуелсіздіктің туын желбірететін кішкентай сәбилерді мерекелік күнде, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында өмірге әкеліп отырғаныма шынымды айтсам, өте қатты қуаныштымын», – дейді жас ана Ақерке Шахан.

«Дәрігерлердің көмегімен жеңіл өтті. Екінші балам – ұл. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алла тағала ұл берді. Шүкір. Қатты қуанып, толқып тұрмын», – дейді тағы бір жас ана Қаракөз Тарғынова.

Мерейтойға орай медицина мекемесі аналарға шағын кәдесыйлар табыс етті. Дәрігерлер ана болудың алғышартынан бастап, босанғаннан кейін де әйелдердің жағдайына ерекше көңіл бөлетінін айтады.

«Қала бойынша күнделікті орта есеппен 100-ден 120 балаға дейін дүние есігін ашады. Оның ішінде шала туылған, егіз, айы-күні жеткен нәрестелер бар. Жаңа туған сәби мен аналардың жағдайы жақсы», – деді №2 қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Иманғалиева.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер