Қасым-Жомарт Тоқаев азаттық жылдарының басты белестерін атады

1864
Adyrna.kz Telegram

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаттық жылдарының басты белестерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздіктің 30 жылы – біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Оны үш белеске бөліп қарастыруға болады. Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды Армиямыз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің халықаралық аренадағы беделі қалай қалыптасқанын еске салды.

«Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Стратегиялық даму бағдарымыз айқындалды. Шекара мәселесін заң тұрғысынан шегендеу үрдісі басталды. Қасиетті жеріміз атом қаруынан тазартылды. Елордамыз Есілдің бойына көшірілді», - деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтіп жатыр. Салтанатты іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мәдениет және қоғам, өнер, спорт қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып отыр.

 

Пікірлер